Елбасы бұл жолы халыққа деген Жолдауының түйінді тұстарын Қазақстан телеарнасынан қысқаша баяндады да, негізгі мазмұнын баспасөзде жариялады. Сөзін тыңдадым. Толық мәтінін газеттен оқып ойға қалдым. Толғандым. Жолдау үш негізгі кезеңді қамтиды. Сол үш негізгі кезеңде атқарылған жұмыстармен түбегейлі таныса отырып, еліміздің қандай қиын жолдардан өткенін, қалай ес жиып, есейгенін көргендей болдым. Әрбір кезеңнен өткен елімізбен бірге мен де күйзеліп барып ес жиып, есейгенімді байқадым.
Қараңыз: аласапыран оқиғаларға толы алғашқы кезең. Кеңес өкіметінің қирандыларынан қалған ескі жұрттың орнына түр-түсі, мазмұн-мағынасы мүлде бөлек жаңа мемлекетті, Қазақ мемлекетін құру мүлде оңай болмағанының тірі куәгерлерінің бірімін. Ала дорбасын арқалап ел кезіп кеткен әйелдерді, немен айналысудың есебін таппай үйкүшік болып отырып қалған ер азаматтың мүсәпір халіндегі кейпін қалай ұмытарсың.
Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақ елінің тәуелсіз ел болуға мүмкіндігі бар екенін, ол үшін ұйымдасқан еңбек, тұтасқан бірлік керек екенін қалың бұқараға ұқтыра білген, олардың көкейіне сенім ұялата және өз сөзіне елді ұйытып, ерте білген Теміртаудың от жалынында шыныққан Шамалғанның сары баласы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Ел оған сенді. Жалынды сөздеріне ұйыды. Сол сенімнің айналасына топтаса білген ел Қазақстан Республикасы дейтін тәуелсіз мемлекетті дүниеге алып келді. Бұл кезеңде жоғарыда еске алғанымыздай бәрі болды: қиналу да, күйзелу де, түңілу де, жоқшылық та, таршылық та... Бірақ қанша қиналыс болса да көкейге ұялаған болашаққа деген сенімнен ел күдерін үзбеді.
Сол сенім мен ерен еңбек нәтижесінде Қазақ мемлекеті дүниеге келді. Енді-енді еңсе көтере бастаған Қазақ елі әлем елдеріне көз салып, неге ұмтылып, нені үйреніп, неден безіну керектігін де жадынан шығармады. Бүкіл әлемге қыр көрсете алатын жойқын соғыс құралына ие бола отырып, одан бас тартты. Бейбіт жолды таңдаған бейбітшіл мемлекетке бүкіл дүние жүзі назар аудара бастады.
Тағдыр тәлкегіне ұшырап, әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен бауырлар әлемдегі жалғыз атамекені – Қазақстан екенін сезіне бастады. Елбасы оларды елге шақырды. Оларға туған жердің есігі айқара ашылды. «Елге ел қосылса – құт» деген сөздің нағыз мәнін аша түскен кезең еді бұл. Бұл ғана ма? Сол отандастардың басы Қазақ қауымдастығы дейтін үлкен ұйымда түйісті.
Кезінде кеңестік дәуір кесапаты салдарынан туған жері мен елінен айырылып, Қазақстанды паналаған өзге ұлт өкілдері (корей, неміс, чешен, осетин, балқар, қабарды, түрік, әзербайжан, күрд, т.т.) қаншама. Қазақтың бауырына тығылған бұл бауырлардың басын біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы да осы алғашқы кезеңнің туындысы. «Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды». Бұл – Бірінші жаңғыру кезеңінде болған алға басу.
Ал Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануын және жаңа елордамыз ғажайып Астананы алып келді. Экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылдық. Осылайша баға жетпес тәжірибе жинақталып, жаңа белеске бет түзедік. Елбасының жаңа Жолдауы дәл осы өрлеу кезеңге сайма-сай жасалып отыр. Ол – Қазақстанның Үшінші жаңғыруы. Бұл Үшінші жаңғыруға апарар жолдың негізгі тіректері, соқпақтары Бірінші және Екінші жаңғыру кезеңдерінде жасалды. Ол «100 нақты қадам» базасын негіздеген Ұлт жоспары. Оның бес негізгі басымдығы да көрегендікпен болжанып, болашақта 30 озық елдің қатарына апарар жолды да нұсқап отыр.
Жолдауда Елбасы «үш тұғырлы» емес, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшуді ұсынып отыр. Бұл жерде, әрине, ағылшын тілін меңгермей Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайтыны ақиқат десек те, бұл өзіңнің ана тіліңді, қазақ тілін екінші кезекке қойып, баяғы 70 жыл бойы тілімізді ұмытардай, орыстанып кете жаздағандай жағдайды көздеп отырған жоқ Елбасы. Ол бұл жолды да ең басты басымдық қазақ тіліне, мемлекеттік тілге берілуі тиіс деген ойды тағы да қадап, қазып айтып отыр. Оңайдан сылтау іздегіш ағайын осыны ескере бермейді. Осылайша қолға алынған мәселені өз ретімен, өз жөнімен орындаудың орнына, қазақ тілін қоя тұрып, ағылшын не орыс тілін алға салып, оларды ретсіз кезекке қойып, бақталастырып қоятын адамдар да бар, өкінішке қарай. Президенттің өз сөзіне жүгінсек «Қазақ тілінің басымдығы сақталады, одан әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді».
Ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген біз тәрізді мамандарды Елбасы қозғап отырған мәселенің бәрі қызықтырады. Оның ішінде, әсіресе, мені терминтанушы ғалым ретінде толғандырған мына бір тұсы. Жүгінейік:
«Менің тапсырмам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқыту мен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде мен айтқандай экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет».
Бұл ретте, әртүрлі ғылым саласындағы мамандардың, сондай-ақ, тіл білімі саласы қызметкерлері үшін де неше алуан терминологиялық сөздіктер түзу жұмысымен айналысудың реті келіп тұрғандай. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына байланысты көзделіп отырған іс-шаралар ауқымында да ғалымдар, тіл мамандары атқарар шаруа шаш-етектен. Мемлекеттік тіліміздің өріс ашар өңірі жалғыз бұл ғана ма? Бірінші басымдыққа тән экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңа жаңғыртылуы саласына байланысты да, жаратылыстану ғылымдары бойынша да сан алуан терминологиялық жүйені жаңаша көзқарас тұрғысынан қайта қарап, мемлекеттік тіліміздің негізін тереңдетер қаншама термин сөздер легі жүйеленуі тиіс деп есептеймін.
Жолдауда баяндалған экономикаға, технологияға байланысты және оқу, білім мен медицинаға орай көзделіп отырған мәселелердің бәрінің мемлекеттік тілді өркендетуге тікелей қатысы бар, яғни бұл тұста да Ұлттық ғылым академиясы тарапынан атқарылар жұмыстың неше алуан түрі көрініс беріп тұр. Тек ғалымдар, ең алдымен, Қазақ мемлекетінің қамын жейтін Қазақстан азаматы ретінде өзінің зерттеу жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізе алатын дәрежеге көтерілген жағдайда ғана Елбасымыз армандағандай Мәңгілік Елдің мәңгілік тұғыры беки түсетіні анық.
Қысқасы, Жолдауды түбегейлі қарастыра отырып, әрбір кезең сайын еліміздің өскенін, ел азаматтарының жетілгенін, сондай-ақ, елімізбен бірге Елбасымыз да үнемі озық ойдың жетегінде өсіп отырғанын байқадым. Елін сәулелі болашаққа жетелеп, бейбіт күндердің дәмін татыра білген күрескер басшының болғаны қандай бақыт! Ендеше, Жолдауда көзделіп отырған биік мақсат пен міндетті атқарар мүмкіндігіміз мол болғай!
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,
ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті