Қазақстандағы 9 мыңнан аса археологиялық және тарихи мұралар, 118 айрықша қорғалатын табиғи аумақтар, олардың ішіндегі ұлттық табиғи парктер әлем туристерін қызықтыратын орталықтар болып табылады. Табиғаттың өзі тарту еткен Алматы облысындағы Алтын Емел, «Іле-Алатауы» ұлттық паркі, Павлодар облысындағы Баянауыл, Ақмола облысындағы Бурабай, «Тамғалы тастағы» жартасқа салынған суреттер, Шарын шатқалы, «Сыңғырлауық құмдар», «Бесшатыр» сақ қорғандары жаһандық жиһангерлерді қызықтыратын орындар екені де даусыз. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасы шеңберінде Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстық 5 аймақтық туристік кластерлер айқындалған.
Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) мәліметі бойынша, бір шетелдік турист ел экономикасына 1000 доллар табыс әкеліп, орта есеппен 9 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен. Осылай бола тұрса да, тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстанда туризм қарқынды дамып кетті деп айта алмаймыз. Бұл саланы дамытуда көрші мемлекеттерден де кенжелеп келеміз. Дегенмен, 2017 жыл қазақстандық туризмнің әлемге танылуында бетбұрыс жыл болғалы тұр. Дуалы ауыз сарапшылар мен мамандардың айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстан туризмінің дамуына тың серпін беретін көрінеді. ЭКСПО көрмесінің арқасында биылғы жылы еліміз 93 күн бойы тұрақты түрде әлем назарында болады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ЭКСПО – шетелдік қонақтарды өзіне тартатын жаһандық дәрежедегі айтулы оқиға. Халықаралық көрмелер тарихында бұл шараның көрме өткізілген елдегі туризмді дамытуға ерекше ықпал еткен мысалдары баршылық.
Мәселен, Ганновер көрмесі іскерлік туризмді дамытып, қалаға келетін бизнес өкілдерінің артуына бірден-бір себеп болған. Бүгінде Ганновер қаласына келетін бизнес-туристердің саны 2-2,5 есе артып отыр. Ал 2005 жылы Айти префектурасында өткізілген ЭКСПО көрмесі ішкі туризмнің қарқынды дамуына жағдай жасаған екен. Жаһандық көрме өткізу кезінде елге келетін қонақтардың көбейетіндігіне байланысты туристік инфрақұрылымды дамыту қажеттігі туындайды. Мысалы, жоғарыда айтылған Ганноверде туристер үшін бүтін бір шағын аудан бой көтерсе, Сарагоса қаласында айналма жолайрығы салынған. ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде Йосу қаласына тікелей Жапониямен және Қытаймен байланыс жасайтын әуе бағыттары ашылған. Сарагоса көрмесінің арқасында Мадрид-Сарагоса-Барселона жоғары жылдамдықты магистралі салынған.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Қазақстанды туристік әлемге жаңа қырынан танытатын жаһандық шара екендігі даусыз. Қазірдің өзінде елордада өтетін көрмеге 115 мемлекет және 18 халықаралық ұйым қатысқалы отыр. Көрме жалауы елордада желбірейтін 93 күннің ішінде бұл айтулы шараны 5 миллионға жуық көрермен тамашалайды деп күтілуде. Көрмеге келетін қонақтардың 85 пайызын қазақстандықтар, 15 пайызын шетелдіктер құрамақ. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, көрмеге шетелдік туристердің көп келуіне жағдай жасайтын барлық мүмкіндіктерді қарастыруда.
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлемнің 45 мемлекетінің азаматтары үшін Қазақстанға визасыз келу режімі күшіне енді. Осыған байланысты бұл елдердің азаматтары Қазақстанда 30 күн бойы визасыз жүру мүмкіндігіне ие болды. Қонақтардың жол қатынасын жеңілдету мақсатында жаңа әуе және темір жол бағыттары ашылуда. Астана әуежайында жаңа терминал құрылысы, сонымен бірге, жаңа темір жол вокзалы іске қосылмақ. Астана және Алматы қалаларынан қатынайтын халықаралық маршруттарды 63 бағытқа арттыру көзделінсе, еліміздің ішкі әуе маршруттарындағы рейстер 231-ден 350-ге дейін көбейтілмек. Халықаралық көрме өткізілетін елордада шетелдік қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырудың барлық шаралары қарастырылған. Қаламызда көрме ашылғанға дейін қосымша 1248 бөлмелік қоры бар 24 қонақ үй пайдалануға берілмек. Балалардың жазғы лагеріне арналған ғимараттардың құрылысы жоғары қарқынмен жүргізілуде.
Елордада өтетін көрмеге келетін туристерге Қазақстанды барынша кеңінен таныстыру мақсатында еліміздің әртүрлі аймақтарына 73 туристік бағыт ашылмақ. Осы туристік бағыттар шеңберінде 12 ұлттық табиғи парктерге туристерді апару қарастырылған. ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін қонақтар еліміздің Шарын, Бурабай, Қарқаралы, Баянауыл сияқты ғажайып өңірлерінде болып, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасының тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, «Тамғалы тастағы» жартасқа салынған суреттерді, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшатын ғарыш кемелерін тамашалайтын болады.
Өткен жылы жүзден астам шетелдік компанияларды Қазақстанның туристік аймақтарымен және Астана, Алматы қалаларымен таныстыру мақсатында ақпараттық туристік сапарлар ұйымдастырылды. Осы туристік сапарлардың барысында шетелдік туристік компаниялармен екіжақты келісімдер жасалды. 2016 жылдың 10 шілдесінен бастап, туристік компанияларға ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің билеттерін сату шарасы басталды. Бүгінге дейін шетелдік туристік компаниялардың 100 мың билет сатып алуы жөніндегі келісімшарттар күшіне енді. Көрмеге келетін туристерге жан-жақты қызмет көрсету жөніндегі мәселелер арнайы құрылған ЭКСПО-2017 қоғамдық кеңесінің тұрақты бақылауына алынған.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»