10 Ақпан, 2017

Елімізде жекеменшік ауруханалар алдындағы кедергілер жойылады

495 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың төрағалығымен денсаулық сақтау саласында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болып отырған шектеулерді жою мәселесіне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтарындағы Жолдауында бизнестің алдында тұрған кедергілерді жою туралы тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы бәскелестікті арттыру үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жеке медициналық мекемелерге мемлекеттік ұйымдармен бір деңгейде мүмкіндік жасау керектігін атап өткен болатын. Қазақстандағы 901 аурухананың 161-і, 3149 амбулаторлық-емханалық мекеменің 941-і жеке меншікте. Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы 288 коммерциялық медициналық ұйым кепілдендірілген тегін медициналық қызмет ауқымы аясында жұмыс істеген. Бұл мемлекеттік тапсырыстың 28 пайызы. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жеке секторға халыққа мемлекеттік тапсырыс аясында да, сақтандыру аясында да медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беру қарастырылған. Өз кезегінде азаматтарға медициналық мекемені таңдау құқығы беріледі. Бұл медициналық қызметтер нарығындағы бәсекені күшейтіп, оның сапасын көтеруі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстандық жеке медициналық құрылымдар қауымдастығы бірлесіп жүргізген сараптама барысында, денсаулық сақтау саласында кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болып отырған ең маңызды кедергілер анықталды. Мысалы, медициналық мекемелердің ғимараттарындағы бөлмелердің ауқымына қойылатын талаптар тым жоғары. Бұл әлемдік тәжірибеге сай емес, әрі шығындардың негізсіз өсуіне ықпал етеді. Бір-біріне қайшы келетін құқықтық нормативтік актілер де аз емес. Жиналған ұсыныстар денсаулық сақтау саласындағы әкімшілік кедергілерді жоюға арналған шараларды жасақтау барысында ескеріледі. Бұл үшін Денсаулық сақтауды дамыту республкалық орталығының жанынан заңгерлер мен денсаулық сақтау ұйымдастырушыларынан тұратын құрылым жасақталды. Ол Үкіметтен, медициналық қауымдастықтан, бизнес өкілдерінен түскен ұсыныстарды жүзеге асырумен айналысады. «Медициналық мекемелердің жұмысын реттейтін құқықтық-нормативтік актілерге түбегейлі сараптама жасалып, қайта қаралуы тиіс мемлекеттік функциялар анықталады. Кадрлардың санын реттеу, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекке қолжетімділік, цифрлық медицина, медициналық қызметтің көрсетілу тәртібі, сапасы мен қауіпсіздігі, мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет салаларындағы әкімшілік-құқықтық кедергілерді мүмкіндігінше азайту жоспарланып отыр», – деп атап өтті Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Айнұр Айыпханова. Қазақстандық жеке медициналық құрылымдар қауымдастығының төрағасы Гүлнәр Өтепованың айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық саланың жұмысын реттейтін құқықтық-нормативтік актілерді, санитарлық және құрылыстық ережелер мен нормаларды қайта қарау керек. Оның пікірінше, құқықтық базадағы қайшылықтар мен мемлекеттік органдар жұмысының үйлесімсіздігі жеке сектордың дамуына кедергі жасап отыр. Отырысқа денсаулық сақтау министрлігі комитеттері мен департаменттерінің басшылары, Ұлттық экономика министрлігінің, Кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасының, медицина және фармацевтика саласындағы ірі бизнес-қауымдастықтар, әлемдік банктің жобаларға қолдау жасау тобының, халықаралық консалтингтік, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.