Кеше Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылған Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы болып өтті.
Отырыста «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бүкілхалықтық талқылаудың аралық қорытындысы талқыланды.
Қазақстан азаматтары Мемлекет басшысының бүкілхалықтық талқылауға енгізген заң жобасының базалық ережелерін, тұтастай алғанда, қолдап отыр. Бұл ретте, республика азаматтарынан Парламенттің рөлін, Үкімет пен жергілікті билік органдарының жауапкершілігін күшейту, құқық қорғау және сот жүйелері қызметінің мәселелері бойынша, сондай-ақ, меншік құқығы мәселелері бойынша бес жүзден аса ұсыныс түсті.
Заң жобасы келіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып пысықталып, Елбасының қарауына ұсынылатын болады.
Зинаида ФЕДОТОВА,
Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, Жұмыс тобының мүшесі:
– Қазақстандық кейбір азаматтар «Президенттің бірқатар өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беру қажет пе? Бәлкім, Үкімет пен Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге әлі ерте шығар? Мүмкін, 25 жыл бойы табысты ілгерілеп келе жатқан президенттік биліктің өкілеттіктерін сол күйінде қалдыру керек шығар», дегендей мазмұнда күмән келтіруде. Ал кейбір азаматтар Президентті жүктемеден жеңілдету қажет деп санайды.
Жалпы, Жұмыс тобына келіп түскен ұсыныстар қазақстандықтардың конституциялық түзетулерді талқылауға белсене араласып жатқандығын білдіреді. Негізінен, ел тұрғындарының басым бөлігі аталған заңнамадағы өзгерістерді қолдайды. Дегенмен, кейбір түзетулерге қатысты пікірлер әрқалай. Мәселен, Конституцияның 26-бабына байланысты түрлі ұсыныстар бар. Яғни, оң да, теріс те көзқарастың бар екендігін атап көрсеткен жөн.
Жалпылай алғанда, біздің қоғам бұл түзетуді қолдайды. Бұл бапты қолдайтындар 26-баппен теңдесетін Конституцияда 6-баптың бар екендігін біледі. Сондықтан, халықтың алаңдауына негіз жоқ сияқты. Бұл әзірше жоба ғана. Әлі де терең сарапталып, зерделенеді. Содан кейін ғана нақты нұсқа ұсынылады.
Өмірәлі ЖАЛАИРИ,
Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, Жұмыс тобының мүшесі:
– Кейбір азаматтарды «Мемлекет басшысы өзіндегі өкілеттіктерді неліктен Үкімет пен Парламентке беріп жатыр?» деген сауал толғандыруда. Олар Үкімет пен Парламентке ұсынылып отырған өкілеттіктер Президенттің өзінде қала берсін дейді. Негізінде, Парламенттің рөлі, мәселен, Үкіметті жасақтауда күшейеді.
Халық Мемлекет басшысының заңдық күші бар Жарлықтар шығармайтындығын дұрыс қабылдауда.
Прокуратура, Жоғарғы сот, сонымен бірге, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктеріне де қатысты ұсыныстар бар. Мәселен, Қазақстан азаматтары саяси реформалар аясында прокуратура органдарының жалпы қадағалау бойынша өкілеттігін олардың қылмыстық қудалаумен айналысуы үшін қысқартуды ұсынуда. Енді осылардың барлығын Жұмыс тобы сараптайтын болады. Біз ақпанның 26-сына дейін жұмыс істейміз.
Жалпы, қазақстандықтар тарапынан Жұмыс тобына келіп түсіп жатқан ұсыныстардың басым бөлігінде мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге қолдау білдірілген.
Төлеш ҚАУДЫРОВ,
Азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры, Жұмыс тобының мүшесі:
– Конституциялық реформаның өзі қоғам арасында зор сілкініс тудырды. Жұмыс тобы өз ұсынысын жіберген азаматтардың барлығына ризашылығын білдіреді. Реформа басқа да жолмен жүргізіліп жатқандығын есте ұстау маңызды. Бұл тек конституциялық өзгерістер ғана емес. Біз 45-тен 39 өкілеттік Үкімет пен Парламентке берілетіндігін санап шықтық. Өз еркімен 39 өкілеттікті биліктің өзге тармақтарына бере салу әлемдік оқиға екендігін атап өткім келеді. Жұмыс жүріп жатыр, заң жобасы әзірленуде. Ол айдың соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс.
Ел азаматтарынан келіп түскен ұсыныстар сан алуан. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін Конституция мәтінінде бекіту туралы да ұсыныс болды. Тіпті Президент өз өкілеттіктерінің басым бөлігін беріп отырған жоқ па деген алаңдаушылық та бар.
Ұсыныстар сайлаудан бастап биліктің жоғары тармақтары өкілеттіктеріне дейінгі біздің қоғамдық-саяси өміріміздің саналуан бөліктерін қамтиды. Заң жобасына қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Ол әзірлеу және талқылау сатысында тұр. Осы заң жобасын жақсарта түсетін барынша құнды ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі.
«Юрист» бастауыш партия ұйымының мүшелері:
– «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жоба редакциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы Конституциясы 57-бабының 6-тармақшасына өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Сонымен қатар, Парламент палаталарының Үкімет мүшелері заң талаптарын орындамаған жағдайда лауазымынан босату жөніндегі Республика Президентіне қайырылуы бөлімін бастапқы қабылданған редакцияда қалдыруды, яғни мұндай шешімді палаталар депутаттарының басым дауысымен қабылдауды ұсынамыз.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»