13 Ақпан, 2017

Ұлттық операның жауһары

429 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Араға 83 жыл салып оралған ұлттық опера – Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» операсы заманауи талапқа сай жаңғыртылып, соңғы техникалық мүмкіндіктерге сай «Астана Опера» театрында қайта сахналанды. Режиссер М.Панджавидзенің сахналық шешімінің ерекшелігі – мұнда көрермен жылдың төрт мезгілінің ауысу үлгісіне куә болады. Таңғажайып декорациялар, С.Тасмағамбетова мен П.Драгуновтың сәнді костюмдері, сондай-ақ қойылымдағы түйелер мен жылқылар ешкімді бейжай қалдырмайды. «Астана Опера» театрының цехында 350 костюм арнайы осы қойылым үшін тігіліпті. Премьера қарсаңында спектакльдің режиссері, Татарстанның Ғ.Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Франциск Скорина медалінің иегері, Белоруссия Ұлттық театр сыйлығының лауреаты, Беларусь Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрының бас режиссері Михаил ПАНДЖАВИДЗЕМЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді. – «Қыз Жібек» операсының жаңа жобасы несімен ерек­шеленеді? – Қараңғы бөлмеден қара мысықты іздеп әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Мен еш­нәрсені күрделендіргім келмейді. Өйткені, шығармада тайға таңба басқандай бәрі көрсетулі. Бізге соны тек сахнаға алып шыға білу керек. Рас, кез келген туындыға әр режиссер өз түйсігімен, өз талғамымен үңіледі. Осы жа­ғынан төл қолтаңбамды барынша көрсетіп бағуға тырыс­тым. Музыкалық спектакль жанрының жалына жабысып қалмай, заманауи опера тіліне аударуға әрекеттенгеніміз – негізгі жетістігіміз болып табылады. – Эпикалық операны заманауи тілде баяндау қиындық туғызған жоқ па? – Бүгінде Чарли Чаплинді айтпағанда, дыбыссыз киноның актерлерін көргенде ешкім езу тарта қоймайды. Тіпті Ч. Чаплиннің өзі арамызда көзі тірі жүрсе, мүлде басқаша ойнар еді. Айтпағым, «Қыз Жібек» операсы да қатып қалған тас емес және де осыған дейінгі нұсқасын түрлентудің, тірілтудің қажеті шамалы. Бұл істе біз «хирург сияқты болуымыз керек – зиян келтірмеуіміз қажет» қағидатын ұстандық. Соған қарамастан «дәстүршілдік» сипатында қалып қою қаупін де сезіндік. Мен мұнда адамдар арасын­дағы қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөлдім. Бірі – залым, екіншісі – жағымды кейіпкер, үшіншісі – лирикалық қаһарман сияқты бір жақты бейнелердің сырт келбетінен ешнәрсе алған жоқпын. Бейнелік тұрғыдан алғанда, спектакльде жоғары технологиялық сахналық әсер­лер молынан қамтылды. – «Қыз Жібек» операсы алғаш рет қолға алған ұлттық шығармаңыз ба? – Мен үшін ұлттық шығармамен жұмыс істеу басқаларына қарағанда өте қызық. Бұл жағынан тәжірибем аз деп айта алмаймын. Қойы­лымға дайындалған кезде қазақ халқының мәдениеті туралы өте көп нәрсені оқып білдім. Әрбір жаңа туындыда өзімді жан-жақты жетілдіру арқылы қазынам молайды. – Сіздің бас қаһарманыңыз қандай адам? – Мұнда бас кейіпкерімнің бейнесі мистикалық күйде ойналады, оның тағдыры жыл мезгілінің ауысуымен сабақтас. Бас кейіпкер – Жібектің ажалы жыл мезгілінің ауысуы – қыс түсіп, одан кейін жаңа жылдың басталуы – мәңгілік жаңару түрінде қарастырылады. – Әдетте Бекежанның тұл­ғасы туралы түрлі пікірлер айтылады. Махаббаты үшін күрескен адамды неге кінәлау керек? Мұны сіз қалай түйін­дедіңіз? – Бұл жерде сүюдің жөні осылай болады екен деп, өз жаныңнан нені болса соны қосуға хақың жоқ. Махаббат дастанын әр жүрек әртүрлі жырлайды, өз өресімен, өз үнімен түйіндейді. Ол басқаның тағдырына тас ату емес, еш ойланбастан өз өміріңді басқаға қиып бере салу ғой. Сондықтан, мен Бекежанның әрекетін құптамаймын әрине, бірақ та соған қарамастан оны «үлкен жол бойындағы қарақшы» емес, ар-намысы биік азамат ретінде көрсетуге тырыстық. Шындап келгенде, ашу мен қызғаныштың құрбаны – Бекежан. Оның Төлегеннің ту сыртынан садақ атуы сондықтан. Осының қате екендігін кеш ұғады, өкініп-опынады, ақыл-есін жоғалтады. – Ал Төлеген туралы не айтасыз? – Негізі өлімді ашу мен ызадан, Бекежанның әреке­тінен емес, Төлегеннің әкесі Базарбаймен арасындағы қа­рама-қайшылықтан іздеген абзал. Басты қаһарманның өліміне себепкер сол нәрсе. Егер ол әкесінің тілін алғанда, мұндай өкініш орын алмаған болар ма еді? Әрі жапан далада жалғыз, қасында бір серігі қалмаған жан қарусыз не істей алады? Әке сөзіне осылай жауап қатпағанда қайғылы қазаға бәлкім душар болмас па еді. Мүмкін-ау! Жалғанда жас өмірдің үзілгені қиын ғой. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас – қай заманда да өміршең, өткір мәселе. Екі жастың арасына түсу, тағдырларына араласу әлі күнге дейін бар. Бұған бір жақты баға бере алмаймын. – Рөлдерді орындау­шы­ларға көңіліңіз толды ма? – Егер спектакльде режиссер әншінің жан дүниесін, болмысын жете танымаса, еңбегі зая кетеді. Алдымен кәсіби білім керек, жылдар бойғы жинаған тәжірибеңнің де ықпалы көл-көсір, бірақ шеберлік әр қойы­лымның үстінде жетіліп отырады. Көре білу мен сезім­талдық режиссураның ең маңызды қағидаларының бірі саналады. Оны шын ұғыну үшін жақсы психолог сияқты жұмыс істеуге тиіссің. Өзің де актердің кейпіне еніп, бірнеше жыл тер төгуің керек. Мамандығым бойынша кәсіби музыкантпын. Бірақ балет, дирижерлік туралы ойыма алған емеспін. Режиссура тілін меңгерген кісінің бәрі бірдей операның жүгін көтеріп кетсе, не болады? Сондықтан, өзім операны ең күрделі режиссерлік жұмыс деп есептеймін. Әртістер өз рөлдерін белгілі бір деңгейде орындап шыға алады. Олар бәрін өздері-ақ жасайды. Ал сен осының бірде-бірін қалт жібермеуің керек, басқалар: «Қалайша біз мұны байқамағанбыз» дейтіндей күй кешуі тиіс. Режиссердің шеберлігі осынысында. – Елордалық театрмен тез тіл табысып кеттіңіз бе? – Астаналық әртістерді бұрыннан білемін, өйткені мұндай сәтті кездесулер осыған дейін де болған. Театр­­дағы әншілердің, актер­лердің, музыканттардың деңгейі айтарлықтай өсіпті. Бірнеше мамандықты қоса меңгерген дарынды жандар көбейіпті. Мұндағы әртістер Италиямен жақсы байланыс орнатыпты. Олардың тәжірибе жинақтағандары көрінеді, бірнеше тілді меңгерген. Өз рөл­деріне тыңғылықты да­йындалады. Жап-жас труппада сайдың тасындай өрендер өнер көрсетеді. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»