Жұма күні Қарағандыда Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен көшпелі алқа отырысы өтті. Жиын республика көлемінде фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей көрсетілім арқылы жүрді. Бас прокуратура елде қалыпты бизнес ортаны құру бойынша өткізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ, бизнесті қорғау жөніндегі жол картасын орындаудың алдағы нәтижелерін талқылады.
Жиында 2016 жылдың 14 маусымында өткен «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумында ұсынылған бірқатар мәселелер бойынша жол картасын іске асыру нәтижелері мен бизнес үшін неғұрлым өзекті болып табылатын түйткілді мәселелерді шешу жолдары айтылды.
Алқа отырысының жұмысына Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, бизнес-қауымдастықтардың және кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі өкілдіктердің өкілдері қатысты.
Бас прокурор Жақып Асанов «Біз Қарағанды облысындағы шағын және орта бизнестің жағдайын зерделейік деп шештік. Өңір тосыннан таңдалып отырған жоқ. Бұл ірі өнеркәсіптік нысан, инфрақұрылымы дамыған. Қарағанды облысында 85 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 225 мың адам еңбек етуде. Сондықтан, мұнда қызметкерлерімізді Бас прокуратура тұрғысынан жағдайды зерделеу үшін жіберген едік. Нәтижесінде, құқық қорғау органдары мен прокуратура бизнеске қылмыстық қысым жасаған заңсыз әрекеттерді анықтадық. Бизнесмендердің үстінен қылмыстық іс тіркеп, бизнесті қылмыстық процеске тартқан. Бұл салық қызметтерінің, санитарлық қадағалау қызметтерінің тексеруі емес. Бұл – толыққанды қылмыстық іс. Ал қылмыстық іс аясында тінту де, шектеу де, мәжбүрлеу де, тұтқындау да жүргізуге болады. Сондықтан, біз экономикалық қылмыстарды тіркеу ережесін өзгерттік. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында мұндай істер екі есеге азайды», деді.
– Аталған көшпелі мәжілістің ең негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау, оларға қолайлы жағдай туғызу. Мәселен, бірінші жартыжылдықта кәсіпкерлерге қатысты алты мыңнан аса қылмыстық іс тіркелсе, екінші жартыжылдықта біз қолданған шаралар нәтижесінде оны он есе төмендетуге жағдай туғыздық. Елбасының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта 61 өкілетті органды тексеретін боламыз. Біз жоққа шығарып отырған талаптар тек бизнеске кедергі келтіріп қана қоймай, Сыбайлас жемқорлыққа кең жол ашуы әбден ықтимал. Сол шаралардың алдын алуымыз керек, – деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов та өз кезегінде.
Жиын барысында мәлім болғандай, экономикалық қылмыстарды қозғаудағы бірқатар ұстанымдар өзгертілмек.
Отырыста сондай-ақ, өкілеттік органдардың, аумақтық органдардың жұмыстарындағы кемшіліктер аталып өтті. Қарағанды облысы прокуратурасын сынға алған тұста, кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тарту фактілері анықталғаны белгілі болды. Мәселен, елу жас шамасындағы кәсіпкер Долгомыслов мырзаны прокуратура заңсыз жауапқа тартқан. Тексеріс кезінде ЭТҚ қызметкері Әбдірахманов УҰИ-ге орналастыру үшін кәсіпкерге әдейі алаяқтық айып таққаны анықталады. Қорытындысында, прокуратура қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатқан. Негізсіз жаланың кесірінен кәсіпкер ауыр соққы алған. Отбасымен ажырасып, денсаулығы сыр берген.
Бас прокурор атап өткендей, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап кәсіпкерлер фискальдармен болып жататын дауларды сотта даусыз және үлкен шығындарсыз шеше алатын болады. Бұл үшін салық және кеден даулары бойынша сотқа дейінгі аппеляция институты құрылыпты. Сондай-ақ, жоспардан тыс тексерістер де бұдан былай азаймақ.
Бас прокуратураның сайтында арнайы формуляр бар. Онда кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды көрсете алады. Осы күнге дейін бизнес өкілдерінен 58 ұсыныс келіп түскен. Оның отыз бірін бас прокуратура қолдап отыр. Бұл сілтемелер «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының барлық өңірлік сайттарында қолжетімді.
Жиынды қорытындылай келгенде, Ж.Асанов мырза ІТ-технологиясын одан әрі дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауынан туындайтын басты бағыттар мен бағдарларды негізге ала отырып, бизнесті дамыту, салық заңнамасын жеңілдету, бақылау мен қадағалау қызметтерін ауқымды тексеру сынды бірқатар жұмыстар бойынша тиісті орындарға тапсырмалар жүктеді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ