Елу жылға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетіп келе жатқан Семей қаласындағы арнайы кітапхана бүгінгі таңда заман талаптарына сай жабдықталып, өз оқырмандарына жан-жақты мәдени-танымдық, ағартушылық, әдістемелік, ақпараттық бағытта қызмет көрсетіп келеді.
Кедейлерін жебеп, мүгедектеріне шынайы қамқорлық көрсету қазақ халқы үшін адами парыздың басты белгісі саналған және саналады да. Әлемдік өркениеттілік ұғымында бұл толыққанды мемлекеттіліктің белгісі болып табылады. Елбасы Н.Назарбаев барлық мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау қажеттігін айтқан болатын. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылдаған «Мүгедектердiң құқықтары туралы» конвенциясы аясында елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау төңірегіндегі заңнаманың сақталуы жіті назарға алынды.
Семей қаласындағы зағип және көздері нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада «Брайлист», «Сыр сандық», «Дауыстап оқу», «Лингафонды оқу залы» атты үйірмелер жұмыс істейді. Соның ішіндегі «Брайлист» үйірмесі 2013 жылы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің нұсқауы бойынша ашылып, брайлист маманға бір штаттық бірлік бөлінді.
Брайль жүйесі уақыт сынынан өтіп, адамзаттың ойлап шығарған үлкен жетістіктерінің бірі болып табылады. Оқып, жазып үйренген адам әдебиетке, музыкаға, мәдениетке, ғылымға қызығып ізденеді, қызмет істейді және өмірде өз орнын табады.
«Брайлист» үйірмесінің жетекшісі Арман Жакпелованың айтуынша, үйірме зағип жандардың білім деңгейін, сауаттылығын жоғарылатып қана қоймай, оңалту қызметін де көрсетеді. Айта кетсек, зағип адамның қоғамда, тұрғылықты жағдайларда бейімделуі аса маңызды проблемалардың бірі. Үйірмеде оларға «ақ таяқтың» көмегімен бағыт-бағдар табуға, ине-жіп сабақтауға, кез келген тұрмыстық техниканы пайдалануға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретеді. Мұндай кеңестер әсіресе аяқ астынан көрмей қалған азаматтарға үлкен септігін тигізуде. Алғаш ашылғанда жеті қатысушысы бар үйірмеге қазір он екі зағип адам келеді. Әрине, кітапхана қызметкерлері үйірме қатысушылары көбейгенін қаламайды.
Қазіргі уақытта жер шарында зағип адамдар саны 39 миллионды құрайды. Ал, 124 миллион адам нашар көретіндер қатарына жатады. Сарапшылардың айтуы бойынша, он жыл ішінде бұл көрсеткіш 75 миллионға көбеймек.
Ғалымдар өз кезегінде зағиптар мен көздері нашар көретін адамдар қатарының өсуін ең алдымен көзге салмақ түсуден дейді. Оның бірден-бір себебі, техникалық гаджеттердің әр алуандылығы және күнара көбеюі. Осыған орай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көз жанарының сақталуын бала кезден қолға алу керектігін ұсынады.
Қаламыздағы арнайы кітапхананың 928 тұрақты оқырманы бар. Олар ауа райының суығына, ыстығына қарамай кітапханаға келіп, мәдени шараларға үнемі қатысып отырады. Оқырмандарға әртүрлі жанрда жазылған кітаптар ұсынылады. Жалпы кітап қоры – 44860. Ал брайль қарпімен жазылған кітап саны – 8900. Оның ішінде 651 кітап қана қазақ тілінде. Кітаптар Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан тапсырыс арқылы алынады.
Кітапхана ұжымын елімізде бедерлі-нүктелі қаріппен кітап немесе мерзімді басылым шығаратын арнайы баспахана жоқтығы алаңдатуда. Оқырмандар арасында халқымыздың салт-дәстүрі, төл тарихы, ұлы тұлғалар туралы жазылған қазақ тіліндегі кітаптар үлкен сұранысқа ие. Осы орайда, еліміздегі белді баспаханаларға осы мәселені қолға алу орынды болар еді.
Анар ҚУАНҒАЛИЕВА,
Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы