Үкімет • 31 Мамыр, 2017

Жеткен жетістіктер жемісін беруі тиіс

158 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төра­ға­лығымен өткен кезекті Үкімет отырысында негізінен аграрлық өнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, орман-дала өрттерінің алдын алу жайы, сондай-ақ, ақпарат және коммуникациялар саласындағы өзгерістер туралы заң жобасы қаралды.

Жеткен жетістіктер жемісін беруі тиіс

Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Отырыстың күн тәртібіне көшпес бұрын Премьер-Министр Б.Сағынтаев Жамбыл облысында орын алған төтенше жағдайға назар аударды. Еске салсақ, 29 мамырда Тараз қаласында қатты дауылдың салдарынан екі жұмысшы мен 14 жастағы оқушы көз жұмған болатын. Жамбыл облысының ТЖД баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында сол күні желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін жеткен. Құйын ағаштарды құлатып, электр желісін жұлып кетіп, қаланың кейбір тұрғындары жарықсыз қалған. Осы оқиғаға байланысты, Үкімет басшысы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуді тапсырды. «Қаланың үздіксіз тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін, әсіресе жарық беру және газбен қамту желілері бойынша барлық шараларды қолдану қажет. Бірінші кезекте, қайтыс болғандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілуі тиіс», деп тапсырды Б.Сағынтаев. Өз кезегінде, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев 30 мамырдағы таңертеңгі жағдай бойынша апаттық қызметтер электр­мен қамтуды 100 пайыз қалпына келтіргенін, сондай-ақ, қалада құлаған ағаштар мен қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады.

Қарыз қайтарылады

Үкімет басшысы отырыстың күн тәртібінен тыс тағы бір мәселе – қаражаттары Әзербайжанның халықаралық банкінің облигация­сына инвестицияланған БЖЗҚ салымшыларының мүдделерін қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдап, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Премьер-Министр «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес, БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншік иесі Үкімет болып табылатынын және мемлекеттің алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын сақтауға кепілдік беретінін айтып өтті. Осыған орай, Үкімет Қазақстан азаматтарының зейнетақы активтерін сақтауға тікелей мүдделі және осы мәселеге байланысты арнайы өкілдерді тағайындады. «Мен өз тарапымнан әзербайжандық әріптесім − Премьер-министрмен пікірлестім, ол банктің барлық кредиторларына қарызды қайтару үдерісінде жан-жақты қолдау көрсететінін айтты», деді Б.Сағынтаев.

Бұл мәселенің мән-жайын Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов  тү­сіндірді. 2014 жылдың қазан айын­да БЖЗҚ активтерінің порт­феліне айналым мерзімі 10 жыл және мөлшерлемесі 8,25% болатын 250 млн доллар көлеміндегі Әзер­байжан Халықаралық банкінің қарыздық бағалы қағаздары алын­ғанын айтты. 2014 жылдан бас­тап бүгінге дейін БЖЗҚ ӘХБ-нен сыйақы ретінде 15 млрд тең­ге көлемінде қаражат алды, бұл ин­вес­тицияланған соманың үштен бір бөлігіне жуық. «Бұл мәсе­лені Әзербайжан Үкіметі ерекше бақы­лауына алды және әріптес­­тері­міздің айтуынша, Әзер­бай­жан банктің барлық креди­тор­ларының мүдделерін қамту үшін бар мүмкіндігін салады», деді Б.Сұлтанов. Қаржы министрі сон­дай-ақ, биылғы жылдың 23 мамырында Лондонда еліміздің Ұлттық банкінің және Үкімет өкілдерінің қатысуымен өткен шетелдік кредиторлармен кездесу кезінде аталған қаражатты қайтарудың егжей-тег­жейлі шарттары айтылғанын атап өтті.

Егіс жұмыстары аяқталуға жақын

Үкімет отырысының негізгі мәселесі – агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов баяндады. Ол алдымен бағдарламаны іске асыру бағытында жүргізіліп жатқан тұқым себу науқаны және егіс алқаптарын әртараптандыру барысы туралы айтты. «Бүгінгі таңда көктемгі-дала жұмыстары 85 пайызға аяқталды. Көктемнің кеш келуіне қарамастан, қарқын өткен жылғы деңгейде, ал жекелеген өңірлер бойынша 2016 жылмен салыстырғанда жоғары», деді Қ.Айтуғанов. Сондай-ақ, ол  ағымдағы жылы сұранысқа ие дақылдар егісіне арналған алқаптар 932 мың гектарға артқанын атап өт­ті. Астық сапасын арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министр­­лігі бірегей және элиталы тұ­­қымдарды субсидиялауды қал­пына келтірген. Ал, ағымдағы жы­лы тұқым шаруашылығын субси­дия­лауға 2016 жылға қара­­ғанда 3,2 есе көп қаражат қарас­тырылған. Қ.Айтуғанов сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министр­лігі тауар өндірушілерді сапалы тұқымды пайдалануға міндет­тейтін заңнамалық норманы енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Олай болмаған жағдайда, шаруалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Қ.Айтуғанов ауылшаруашылық кооперативтерін құру тұрғысынан да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Бұл ретте жыл соңына дейін 467-ге жуық ауылшаруашылық кооперативі құрылатынын хабарлады.

Мәселені талқылау барысында сондай-ақ, «ҚазАгро» холдингінің төрағасы Н.Мәлелов, «Родина» агрофирмасының басшысы И.Сауэр, «Ханшайым» кәсіпорнының басшысы С.Ертаев, сондай-ақ, Ақмола, Батыс Қа­зақ­стан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының әкімдері сөз сөйлеп, АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы кеңінен баяндады.

Сан емес, сапа маңызды

Премьер-Министр Б.Сағынтаев алғашқы төрт айда АӨК-ті дамы­тудың мемлекеттік бағ­дар­ла­масын іске асыру мә­се­лелері жөнінде өт­кен отырыс қорытындысы бойынша ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту мен отандық ауылшаруашылық машина жасау саласына қолдау көрсету шараларын қабылдауды тапсырды. Бұл айтылғандарға байланысты Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қазіргі таң­да аталған бағыттар бойынша жұ­мыстар жүргізіліп жатқанын, нақты жоспарлар құрылып, соның ішінде ауылшаруашылық техникасы өндірісін дамыту мен экспортты ұлғайту бойынша мақсатты индикаторларды ұлғайту жұмыстары іске асырылып жатқанын атап өтті.

Үкімет басшысы Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне жалпы бағдарламаны жүзеге асыру барысында, оның ішінде кооперативтерді құру мәселесінде сан қумай, сапаға басымдық беруді айрықша тапсырды. Кооперативтер көптеп құрылып жатса, оның өнім беру үлесі де сонша болуы тиістігін тілге тиек етті. Яғни, қай салада болсын, жеткен жетістіктер, сандық көрсеткіштер жемісін беруі тиіс.  Өңірлердің әкімдеріне жоспарлық көрсеткіштерді қайта қарап, ауылшаруашылық бірлестіктері жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Үкімет басшысы бұған қоса, өспелі экспорттық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатымен ет өндірісі көлемін ұлғайту шараларын, сонымен қатар, отандық машина жасау саласын дамыту мен оған қолдау көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.

Өрт қаупі сейілмей тұр

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе бойынша – дала өртінің алдын алу мәселесі бойынша Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады. Министр жыл сайын елімізде 4 мыңға дейін орман және дала өрті тіркелетінін атап өтті.  Өрт ауданы 100 мың га-ға дейін, оның ішінде ормандарда 4 мың га-ға дейін жетеді. Өрт келтірген залал шамамен 230 млн теңгені құраған.

«Ағымдағы жылдың басынан бастап орман қоры аумағында 67 өрт жағдайы тіркелген. Өрт­тер­дің аумағы өткен жылғы көрсет­кіш­терден 7 есе артық. Бұдан өзге 1015 дала өрті тіркелген, бұл да өт­кен жылғыдан жоғары», деді Қ.Қа­сымов.

Премьер-Министр Б.Сағынтаев орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық шараларын қабылдауды тапсырды. Өрт қаупі бар өңірлерде ерікті өртке қарсы құрамалар мен бекеттер құру мәселесін қарау, тиісті ережелерді сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса айтты. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге ІІМ әзірлеген шаралар жоспарын жүзеге асырып, балаларды сауықтыру лагерьлерін, шипажайлар мен демалыс орындарын өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету жүктелді.

Заң жобасы қолдау тапты

Үкімет отырысында сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Заң жобасының маңыздылығы туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. Ол өз кезегінде бұл құжаттың БАҚ, телерадио хабар тарату, ақпараттандыру және байланыс саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. Заң жобасында 250-ге жуық түзетулер бар және ол 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.

Заң жобасы азаматтардың ақпарат саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, дау-дамайларды сотқа дейін шешу процедурасын жетілдіру жолымен ақпаратты теріске шығаруға құқықты іске асыру мәселелері бойынша нормалар қарастырылған. Сонымен қатар, субтитрді және сурдоаударманы кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құрал­дарында азаматтардың рұқса­тынсыз олардың суретін қол­дануға арналған талаптар тізбесі бекітіледі. Сонымен қатар, ақпараттық кеңіс­тік­те балаларды қорғауды қамта­масыз етуге бағытталған нормалар қарастырылған. Атап айт­қанда, жалпы білім беретін мектеп­терге бейімделген Интернет контен­тін ұсынуға арналған талаптарды енгізу, құқық бұзушылық әрекет­тері нәтижесінде зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер мен оның суретін баланың өзінің неме­се оның заңды өкілдерінің келісі­мінсіз қолдануды шектеу тәрізді өзгерістер ұсынылып отыр.

«Заң жобасына ұсақ заң бұ­зу­шылықтар бойынша БАҚ қыз­метін тоқтату немесе тиражды тәр­кілеу сияқты әкімшілік жаза қолдануды алып тастайтын нормалар енгізілген. Мемлекетпен БАҚ-тың өзара әрекеттестігін жетілдіру мақсатында «ресми хабар» ұғымын енгізу, БАҚ-тың жазбаша және ауыз­ша сұраулары бойынша оған ақпарат ұсыну процесін реттеу жос­парланып отыр», деді министр.

Министр атап өткендей, заң жо­басымен жұмыс толық ашықтық және жариялылық жағдайында жүр­гізілді. Ол үшін белгілі ҮЕҰ, соны­мен қатар журналистер қауы­мы­ның, салалық ұйымдар мен ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өкіл­дері және Парламент депутаттары енген жұмыс тобы құрылды. Заң жобасын әзірлеу барысында 200-ден астам ұсыныс келіп түсті, оның 70 пайызы ескеріліп, құжатта қамтылған.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»