Мемлекетаралық сұхбаттың маңыздылығы мен тиімділігін атап өткен еліміздің Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Шанхай ынтымақтастық ұйымын ең серпінді дамып келе жатқан құрылым ретінде бағалап, оның жұмыс істеген 16 жыл ішінде мемлекеттердің экономикаларын нығайту мен аймақ қауіпсіздігін сақтауға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
«Мәдениет саласы мемлекеттер арасындағы әріптестікті нық байланыстырушы күші мен өзара әрекеттесудің негізіне айналуы керек. Табысты мемлекеттің мәдени саясаты жасампаз құндылықты бағдарларды құру негізінде қоғамның тұрақты дамуына бағытталуы тиіс және қоғам мен мемлекет өмірінің барлық маңызды аспектілерінің сапалы өлшеу күші», деді министр өз сөзінде.
Халықаралық ұйымға қатысушы мемлекеттер өкілдері мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықтың нәтижелерін кеңінен талқылады. Олар соңғы бір-екі жыл көлемінде өз елдерінде өткізілген бірнеше маңызды шараларды алға тартты. Тараптар ШЫҰ-ға мүше елдер үкіметтерінің арасында жасалған Мәдениет саласындағы келісім мен ШЫҰ мәдениет министрлерінің өткен кездесулерінде қол жеткізілген келіссөздерді жүзеге асыру барысы туралы пікір алмасты.
Жиынның қорытындысында ШЫҰ мәдениет министрлері тиісті құжат қабылдады. Құжатта қатысушылар халықаралық ұйым арасында көпжақты және екіжақты мәдени байланыстарды одан әрі жалғастыру, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, көп ғасырдан бері сақталып келе жатқан мәдениет пен дәстүрлер туралы ақпараттарды белсенді таратуды қамтамасыз етуге бірлескен ниеттерін білдірді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»