Шындап келгенде, санаулы жылдарда Арқада осындай ғажайып қала салтанат құратынына бастапқыда жұрттың бәрі бірдей сенген жоқ. Әрине, үлкен істердің, тарихи шешімдердің басында әдетте қорқыныш пен дүдәмал, дақпырт басым болады. Алыпқашты әңгіме де жеткілікті болды ғой.
Төл теңгеміздің «буыны бекімей», ел қайта құрудан, ұлы өзгерістерден кейін әлі де теңселіп тұрғанда үлкен қала тұрғызу, астананы көшіру ақылға сыймайтындай көрінгені бұған дейін де айтылған. Бұл шежіренің бір шындығы, Елбасымыздың бастамасымен егемендіктің еңселі жылдарында еліміздің қақ ортасында биікке найзадай шаншылған сәулетті шаһар бой көтерді.
Мемлекет басшысының тағдыршешті таңдауын қолдаған талай отандасымыз үйренген Алматысын тастап, Сарыарқаға қарай бағыт алған ұлы көшке ілесті. Бүгінде брендке айналған Астана енді бауырына басқан әрбір тұрғынына қарызын өтеп, самалымен аймалап тұр. Самаладай жарық көшелер – баршамыздың мақтанышымыз. Осы жылдарда атқарған ұлы шаруаның бірі де бірегейі – Астананың дүниеге келуі екенін енді ешкім жоққа шығара алмас.
Өзіндік келбетке ие болған бас қала тәуелсіздіктің жеңісі, егемендіктің жемісі екенін өзгелер де мойындайды. Айналадағылар қызыға қарайды. Астанаға алыс-жақыннан келген-кеткен қонақ та, қазақстандықтар да елордамызды көрген сайын мерейленіп, сүйсінеді.
Тарихтың еншісіне сыйға тартылған қала күн өткен сайын қазіргіден де көркейе түсетініне енді ешқайсымыз шүбә келтірмейтін болдық.
Астана Қазақстанның бас қаласы ғана болып отырған жоқ, аса ірі халықаралық шаралардың да шаңырағы бола алды. Ауызбіршілікке бастаған адамзаттық оқиғалардың киелі ордасы болуға ұмтылуда. Татулық сүйген мемлекетіміздің саясаты айқын, жолы да анық. Ізгіліктің нұрын шашқан шаһарда қазір өркениеттің барлық үлгісі бар. Аспанмен таласқан ғимараттарда адамдар жарқын келешек үшін жұмыс істеп жатыр.
Зәулім-зәулім үйлерде тәуелсіздік жылдарында туған ұл-қыздарымыздың кіндігі кесіліп, бұл буынның алды ержетіп келеді. Заманына қарай – адамы. Сана көкжиектері кең. Бұлар бірнеше тіл біледі, ақпараттық технологияларды меңгерген, уақыттың көшіне ілескен ұрпақ. Ендігі болашақты жасайтын да – Астананың жас тұрғындары, білімді жастары. Ендігі жерде самаладай жарық қаланың жақсы атын шығаратын да осылар.
Тақыр қаланы, жасыл қалаға айналдырған Елбасымыздың тәуекелімен тұрғызылған елордада еңбек еткен адамға құстың сүтінен басқасынан бәрі табылады. Ең бастысы, айналасындағы көршілерімен шекарасын шегендеп, Көк байрағын желбіретіп, тәуелсіздіктің Әнұранын самғатқан Мемлекет басшысының мәңгілікке бастаған қадамының мән-маңызында шек жоқ. Мұның өлшеусіз бағасы туралы қанша айтсақ та артықтық етпес.
Ал енді жаһанның жайына, даму бүлкіліне қарасақ та, бірінші кезекке білім шығып жатыр. Өнердің нағыз өкілдері, топ жарған жастарымыз, спорттағы саңлақтарымыз Қазақстанның атын шығарып жүр. Көкке таласқан ғимараттар сөзсіз керек, бірақ оның іші талантты адамдарға, білімді мамандарға толы болса, сол кезде ғана қазақтың Астанамен астасқан жақсы аты төрткүл дүниеге жайыла береді.
Елорданың бергі тарихында ашылған жаңа жоғары оқу орындарында енді әлемнің айтулы университеттерімен иық тірестірген сапалы білім бағдарламалары да болса екен деп тілеймін. Сол кезде Астанаға ағылған, елордада тұрғысы келетін жастардың көші ұлғая түседі.
Ғалым ретінде Астананың келешегін ғылымға ғұмырын риясыз арнаған жандардың жарқын өмірбаянымен байланыстыра елестетіп, мұның да ай туғандай ақиқатқа айналғанын армандаймын. Зиялы қауымның бір өкілі, ел тілекшісі ретінде әлемдік өнер айдынында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар Астанада туған деп сүйіншілейтін күндерді көксеймін.
Абыздық жасқа жеткенде, бұл қаланың байлығы – тамаша адамдар, мықты мамандар, қолы алтын дәрігерлер, сөзі алтын ұстаздар болса деп аңсаймын.
Қазақтың ғасырлар бойы күткен күні осы күн болса, Астана – сол арманның көкке желбіреген байрағы.
Астананы жылытқан да дүйім қазақтың ыстық ниеті. Тарихтың талай сұрапылынан суырылып шыққан қазағымыз қол жеткізген тыныштық-берекесінен айырылмасын. Осынау ен байлық енді иманды ұл-қыздың, тәрбиелі ұрпақтың қолына ауысқанын тілеймін. Еңселі елорданың барша ісі баянды болғай!
Еділ ЕРҒОЖИН,
ҰҒА академигі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ