Ол алғаш рет халықаралық көрмеге 1970 жылы Жапонияның Осака қаласына барған. Содан бері осы шараға баруды әдетке айналдырған. Әжей Жапонияның Айти, Қытайдың Шанхай, оңтүстіккореялық Йосу мен италиялық Миландағы көрмелерді тамашалапты. Өзінің айтуынша, әлем елдеріндегі ЭКСПО көрмелері кезінде жаһандық мәселелер жайында көп мәлімет алып, денсаулығын да нығайтқан екен.
«Алғаш рет ЭКСПО көрмесіне Осака қаласына барғанымда үлкен әсер алдым. Келесі көрмелерге де баратын болдым. Сондай сапарларымның нәтижесінде денсаулығымның нығайғанын байқадым. Сондықтан саяхатымды жалғастыруды шештім. Шанхайдағы халықаралық көрмеден соң көпшілік мені «ЭКСПО-әже» деп атап кетті», дейді Т.Ямаду.
Осы уақытқа дейін көрме өткен жеті мемлекетте болған қонақ Қазақстан павильондарын міндетті түрде аралайтындығын айтады. «Италияның Милан қаласында өткен көрме кезінде қазақтың ұлттық киімдерін көріп, музыкасына тәнті болдым. Ғажайып әуендер, тамаша аспаптар. Ал Астанадағы ЭКСПО-да маған «Нұр Әлем» павильоны қатты ұнады. Шардың әрбір қабатында түрлі таңғажайып нәрсе бар. Адам үйренетін жаңалықтар көп. Астананың өте қонақжай қала екеніне көзім жетті», дейді «ЭКСПО-әже» ағынан жарылып.
Тағы айта кетерлігі, кеше сексен жастағы Томийо Ямадуды «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов қабылдады.
Топтаманы әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ,
Суреттерді түсіргендер Ерлан Омаров, Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»