Қазақстан • 05 Шілде, 2017

Елорда спортының еңсесі биік

299 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елорда ең алдымен кешенді білімге, көшелі мәдениетке ұмтылған тұрғындарымен тұғырлы. Әлемдегі дамуы жағынан алдына ел салмай келе жатқан 30 мемлекеттің қатарына кіремін деген асқаралы мақсаты бар Қазақияның астанасы ретінде де абыройлы һәм айбынды. Ал енді, осындай оза шапқан шаһардың жақсы атын спорт одан әрі әйгілеп, шартарапқа жайып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Global sports cities index – спорттық қалалардың жаһандық индекс рейтингі бойынша Астана үздік деген 100 қаланың ішінде 61-ші орында тұр екен. Бұл – былтырғы жылғы көрсеткіш.

Елорда спортының еңсесі биік

Елорда кешенді түрде жан-жақты дамып келе жатқан жас қала. Жоғарыдағы көрсеткіш Ас­тана үшін өтпелі меже екендігі анық. Неге десеңіз, қазірдің өзін­де бас қаламыздың бірнеше шаһарды басып озып, рейтинг бо­йынша жоғары көтерілуге мол мүм­кіндігі бар. Бұған алғышарт та жеткілікті. Ең бастысы, Ас­тана тұрғындары спорт пен денешы­нық­тыруды өміріне серік еткен сергек халықтың бірі. Жұрттың саламатты өмір салтына деген ұмтылысын қала басшылары да тиімді пайдаланып, қуана құп­тап отыр. Жаңадан бой кө­­теріп жат­қан спорттық жаңа ғи­ма­рат­тар, жұртты бұқаралық спорт­қа жұ­­мыл­дыруды көздеген кешенді іс-ша­ралар осының айғағы болса керек.
Биылдың өзінде Астана қала­сында ірі-ірі он шара өткізу жос­парда бар екен. Шын мәнісінде, бұлардың бәрі де бас қаламыздың әлемдік спорт қауымдастығы ал­дындағы абырой-беделін өсіріп қана қоймай, рейтинг бойынша да ілгері жылжуына септігін тигізбек. Қала спортының басында отырған азаматтардың айтуынша, Астана биылдың өзінде әлемдегі үздік спорттық 20 қаланың қатарына қосылуы бек мүмкін.
Қазіргі таңда Астанада 2020 жыл­ға дейін бұқаралық спорт­ты дамыту бағдарламасы қа­был­данған. Өткен жылғы ста­тистикалық деректерге сенер бол­сақ, елордада спортқа бейім халықтың саны өсе түскен. Қалада спорт түрлерінен мек­теп лигасы, студенттер және әуес­қойлар бі­ріншіліктері тұрақты түр­де өтіп келе жатқанын есепке алсақ, жақын арада бұқаралық спортпен ұдайы айналысатын халық санының үлесі 30 пайыздық межеге де жетіп қалуы әбден мүм­­кін. Жалпы, жоғарыда ай­тыл­ған бұқаралық спортты да­мы­ту бағдарламасын қабылдар алдын­да Астана спортына жау­апты аза­маттардың әлемдік тә­жі­рибеге және де білікті ма­мандардың ақыл-кеңесіне сүйе­не отырып, ор­тақ мақсат жолындағы маңызды құ­жатқа ерекше мән бергендігі қуантады. 
Қазіргі таңда Астана қала­сын­дағы спорттық инфра­құ­ры­лым 654 нысаннан құралады. Мұның үштен бірі − аулалардағы спорт алаңқайлары. Бұл жұмыс, әрине, үздіксіз жүргізіледі. Күн өткен сайын бас қаладағы жұрт­тың қолы еркін жететін спорт алаңқайлары көбейіп келеді. Мысалы, қалада тоғыз саябақ болса, ондағы спорт алаң­қайларының саны күннен-күнге арта түсуде. Және де бұл ба­ғытқа инвестор тарту ісі де жоғары деңгейде ұйым­дастырыла бас­таған. Бұл – бүгінгі талапқа то­лығымен сай келетін шаруа. Көше толы велосипед тұрағы. Мін де, бойдағы қанды таратып, дененің құрыс-тұрысын жаз. Осының өзі денешынықтыру деген саламатты істің төресі емес пе?!
«Спорттық Астана» дегенде ең алдымен ауызға «Астана Арена» ста­дионы, «Барыс Арена» спорт сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайы және «Сарыарқа» велотрегі сынды кейінгі он жыл ішінде салынған ғажап ғима­раттар ілігеді. Бұл спорт нысан­дары спорттық Астананың символына әлдеқашан айналған. Бүгінгі күнде бұларсыз елорда спортының салтанатын көз алдына елестету тіпті де мүмкін емес.


Қазіргі таңда «Астана Арена» стадионы әлемге танылды. Бұл керемет спорт ғимаратында соңғы жылдары футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ойындары өтіп жүр. Алаңы жасанды болғанымен, шетелдік ма­мандардың бірегей нысан туралы жылы лебіздер білдіріп жататыны көңілді марқайтады. Сонымен қатар, «Барыс Арена» спорт сарайы да өзінің әлемдік стандарттарға сай салынған ғимарат екенін дәлелдеп жүрген нысанның бірі. Мұнда соңғы жылдары Құрлықтық хоккей лига­сының ойындары жүйелі түрде өтіп келеді. 
«Астана Арена» десек, еліміз­дің чемпионатында топ жарып, УЕФА турнирлерінде тәп-тәуір өнер көрсетіп жүрген «Астана» фут­бол клубын міндетті түрде қо­са айтамыз. Ал, «Барыс Аре­на» спорт сарайының атауын Құр­лық­тық хоккей клубында шет­елдік азу­лы командалармен терезесі тең дәрежеде тарты­сып жүрген «Ба­рыс» хоккей клубымен байланыс­тыруымыз да заңды. Аталған клубтар бас қа­ламыздың бүгінгі күндегі спорт­тық сәтті жобалары.
Жалпы, жоғарыда аталған спорт ғимараттарының есігі қа­­ра­­пайым халыққа қашанда ашық. Мысалы, «Алау» мұз айдыны сарайынан қысы-жазы коньки тепкен тұр­ғындардан, қала қонақтарынан арыл­майды. Мұндағы баға да қол­же­тімді. Ал балаларға кіру тіпті тегін.
Балалар демекші, бас қалада қазір 10 спорт мектебі қалыпты жұ­мыс істейді. Онда жеті мыңнан астам бала спорттың қыр-сырына қанығып, шыңдалып жүр. 
Астана, сөз жоқ, спорт­шы­лар­дың қаласы. Оған дәлел – Рио-2016 Олимпиадасында елордадан 23 спортшы ел намысын қорғады. Соның ішінде былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов елордадан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып, тарихқа атын алтын әріптермен жазды. Со­нымен қатар, балуан қыз Гүзел Ма­нюрова мен боксшы Василий Левит сол дүбірлі додада күміс жүлде алып, Астана абыройын асыра түсті.
Астана спорты дегенде бір­ден «Астана» Президенттік кәсіп­қой спорт клубын атауға бола­ды. Бүгінгі күнде бұл құры­лым қанатын кеңге жайып, ел спортының дамуына елеулі үлес қосатын орталыққа айналып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құ­рылған клубтың мақсаты да зор. Ол – «Астана» сынды Ұлт­тық брендті халық­аралық спорт аренасында танымал ету. 
Қазіргі таңда клубтың құра­мында «Astana Pro Team» кәсіп­­қой велокоманда, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клу­бы, «Астана» баскетбол клубы, «Astana Motosports» ралли-рейд командасы және «Astana Arlans» бокс клубы бар. Бүгінгі күнде атал­ған клубтардың елорда имид­жін халықаралық аренада сәтімен та­ны­тып жүргеніне ешкім дау айта ал­майды. Яғни, бұл – жолы болған жоба!
Міне, спорты осынша өрлеп тұрған Қазақстан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде өзі­­­нің әлеуетін тағы бір мәрте паш етуге зор мүмкіндік алды. Яғни, алыстан келген меймандар көрмені ғана қызықтап қой­май, алуан түрлі спорттық жарыстарды да тамашалай алады. Иә, биылғы жаз Астана дүбір­лі жарыстардың ордасына айналғалы тұр. Елордамызда аталған әлемдік форум аясында 12 бірдей ірі турнир өтеді екен. 
Бірер күннен соң каратэ-шинкиокушинкай шеберлері әлем чемпионатының жүлделері үшін тар­тысқа түспекші. Іле-шала, каратэ-до шито-рю деп аталатын спорт түрінен Азия чемпионаты жалау көтереді. Бұдан кейін, теннистен Президент кубогы жолындағы турнир өтеді. Ал 20-24 шілде аралығында өтетін бел­беу күресі бойынша әлем чем­пио­­наты кім-кім­ді болсын қы­зық­­тырары сөзсіз. Міне, қарап тұрсаңыз, шілде айында елордада спорттық шаралардың қара қазаны бұрқ-сарқ қайнап жа­тады екен! Астанаға мың-мил­лиондап келетін қонақтардың алдында Қазақ елінің төл спорты – қазақ күресін тағы бір қырынан таныстырудың мүмкіндігі туып тұр. Жарнамасы келіссе, тамыз айының 3-6 күндері «Барыс Арена» спорт кешенінде өтетін қазақ күресінен «Әлем барысы» турниріне келушілердің аз болмасы анық. Әлемнің әр түкпірінен келген балуандар қазақ күресі додасының көрігін қыздырып жатқан тұста «Эльдорадо» атыс алаңында стендтік атудан әлем чемпионаты шымылдық түреді. Турнир 3 тамыздан басталып, 13 тамыз күні аяқталады деп жос­парланған. Қазақтың қандай жауынгер халық екенін паш ететін спорттық шараның бірі – «Қазанат» атшабарында өтетін көкпардан әлем чемпионаты деп ойлаймыз. Бұл доданы тамашалаған шетелдік меймандар көрген қызық, алған әсерден көпке дейін айыға алмасы сөзсіз. 
Төрткүл дүниеге мақтан етер тағы бір тамашамыз – тоғыз­құма­лақ спорты. Қыркүйек айы­ның 2-9 күндері «Hotel ibis Astana» қонақүйінде спорттың осы түрі­нен әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Міне, «Ас­тана ЭКСПО-2017» көр­месі Қа­зақ елі спортының қарыштап дамы­ғанын ғана емес, мемле­кетіміздің халықаралық дең­гей­дегі маңызы зор жарыстарды өт­кізуге қаншалықты қауқарлы еке­нін, яғни әлемдік спорт қауым­дастығының сеніміне әб­ден кірген әріптес екендігін төрт­күл дүниеге тағы бір мәрте дәлелдемек. 
Міне, спорттық державалармен терезесі тең дәрежеде қа­рым-қатынас жасай алатын Қазақ елінің астанасына осындай құрметті һәм аса жауапты миссия-міндет жүк­телген. «Азаматына қарап ауылын таны» деген. Айдай әлемнің құді­ретті спорт арқылы уығын Елбасының өзі қадаған Аста­наны жаңа бір қырынан танитынына титтей де күмән жоқ!

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»