Аймақтар • 06 Шілде, 2017

Таразда Астана күні айрықша аталып өтті

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні – Тәуелсіз Ел тарихындағы айтулы мереке. Сәні мен салтанаты келіскен бас шаһардың туған күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өңірлерде іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Таразда Астана күні айрықша аталып өтті

Биыл да Тараз жұртшылығы Астана күнін айрықша салтанатпен қарсы алды. Тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер бірлесіп айтулы күнге айтарлықтай сый әзірлеп, орталық «Достық» алаңына жиналды. Жиналған көпшілік айналаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, мерекелік салтанат орталық алаңнан бастау алды.

Бүгін Тараз қаласы тұрғындары арасында «Жайнай бер, жарқырай бер, Астана» атты жеңіл атлетикалық жүгіріс өтті. Оған облыс әкімінің аппараты, облыс әкімдігінің басқармалары, құқық қорғау және сот органдары, аумақтық басқармалар мен мекемелер, акционерлік қоғамдар, Тараз қаласында орналасқан кәсіпорындар мен мекемелер, сондай-ақ, қала тұрғындары қатысты.

Бұл күні орталық «Достық» алаңына жиналған 400-ден астам адам Төле би көшесінің бойымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағына дейін 3 шақырым қашықтықты жаяу бағындырды. Айта кетейік, Астана күніне арналған жарысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысының жеңіл атлетика федерациясы мен Тараз қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

«Жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – Астана күні мерекесін атап өту, Тараз қаласы тұрғындары арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, қала тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, жеңіл атлетикамен шұғылдануға қызығушылығын арттыру», дейді ұйымдастырушылар. Ал мерекелік жарыста белсенділік танытқан азаматтарға арнайы естелік сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Хамит Есаман,

"Егемен Қазақстан"

Жамбыл облысы