Ертесінде сағат 9-дарда айтқан жерге жиналдық. Бюст Алматы көркемсурет училищесінің шеберханасында екен. Үй иелері мен ағаларымыз: «Біз өзара ақылдасып болғанша, оны мұнда алып келіңдер», – деді. Осындай ұйғарымнан кейін есік алдындағы жедел жәрдем сияқты машинаға мініп, мүсінді жасаған суретші-скульптор жігіттің бастауымен АХУ ғимаратына бардық. Ондағы шеберханадан алғаш рет ақынның бейіті басына қойылатын бюстті көрдік. Гипстен жасалған оны жоғарыдағы санитарлық көлікке тиеп, ақынның үйінің алдына келдік. Сол жерде үлкендер бастаған топ Нағиман әжемізді қолтықтап, машинадағы мүсінге беттеді. Ол уақытта апайдың көзі көруден қалған-ды. Қарт ана саусақтарымен ақынның тас бейнесін іздеді. Сосын оны аялай сипап, көңілі босады.
...Сағат 11-ден аса бере Кеңсайға келгеніміз есімде. Артымыздан іле-шала үлкен жүк машинасы да жетті. Оған бюст қойылатын тұғыртас тиелген екен. Көз өлшемімізге салып қарап тұрмыз. Мұқаңның бейіті мен зираттағы қара жол жиегінің арасы 150 метрдей жер сияқты. Іші қуыс гипс бюстті үш адам қаумалай көтеріп, орнататын тұсқа оңай жеткізгенімізбен, жүк машинасындағы гранит тұғыртасты түсіру мен апару өте қиын болды. Темір сүймендермен демей жылжытайық десек, екі жағы жып-жылтыр боп өңделген тас қырлары мен қасбеттегі жазу бүлінуі мүмкін. Бексұлтан, Баққожа, Жамбылбек ағалар және полковник шеніндегі бейтаныс әскери адам өзара ақылдаса келіп, тұғыртасты туристердің қоналқалық шатыры ма, әлде сулық шинель ме, әйтеуір сондай бір кенепке орап, арқанмен алға тартуға шешім қабылдады.
Тұғыртас өте ауыр. Бір метрдей жерге сүйретіп барып бір тоқтаймыз. Тағы да бір метрге жуық жылжытып, қайта дамылдаймыз. Күн болса шыжып тұр. Өстіп отырып зират ортасындағы 150 метр жерді үш сағат жүргеніміз бар. Келсек, Мұқаңның інісі Тоқтарбайдың ұйымдастыруы бойынша ақынның үлкен ұлы Жұлдыз екі жолдасымен цемент лай әзірлеп, онымен қоршау діңгектерінің түбін бекітіп жатыр екен. Постаменттегі темір шынжырлар Мәскеудегі А.Пушкин ескерткішінің айналасындағы көріністі көзге елестеткендей. Сәулетші мына үлгіні соған еліктеп алды ма екен деген ой келді оны көргенде.
Сәл дамылдап алған соң бәріміз жабылып жүріп, тұғыртасты тіктеуге кірістік. Содан соң оған кеудемүсін – бюстті орнаттық. Бізбен бірге жүрген суретші-скульптордың айтуынша ескерткішті бекіткен цемент пен асбестің қатуы үшін екі сағат уақыт керек екен. Бейіт басындағы күрек, шелек, басқа да заттарды жинастырып жүріп, міне, сол уақытты тостық. Сағат кешкі 5-тен аса бергенде мүсінші жігіттің: «Бітті. Бәрі дұрыс», – деген даусы естілді. Мұны құлағы шалған ақынның інісі Тоқтарбай аға ескерткіш маңайын асықпай көріп шықты. Сөйтті де көңілі толқып тұрып бәрімізге рахмет айтты. Бұл жерде бәріміз деп отырғанымыз: кейін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанған жазушылар Бексұлтан Нұржеке мен Баққожа Мұқаи, ақын өмірге келген Нарынқол өңірінің тумасы, сол кезде Алматыда экспедитор-жабдықтаушы болып жұмыс істеп жүрген Жамбылбек Нұрдәулетов және аты-жөнін біз білмейтін полковник ағай болатын. Бірде жерлес әріптестерім Рысбек Сәрсенбай мен Батық Мәжитұлына жоғарыдағы әңгімені айтқанымда: «Ол бейтаныс әскери адам ақынның туысы, кейін Семейге ауысып, генерал-майор шенінде отставкаға шыққан Әбдіқайым Исабаев аға ғой», – деді. Мұны Мұқаңның ұлы Жұлдыз да солай деп растады.
Сөз орайында ақын Мұқағали Мақатаевтың бейіті басында орнатылған белгінің авторы туралы аз-кем әңгіме айтсақ дейміз. Тұғыртасты орнатып болып демалып отырғанымызда, бір-бірімізден жөн сұрасқанбыз. Сонда ол өзін қысқаша таныстырғаны бар. Ұмытпасам 1947 жылы өмірге келдім деген сияқты. Аты – Еламан. Фамилиясы – Қасымбаев. Түркістанда туыпты. Мәскеу мен Ленинградтағы иә Суриков, иә Репин атындағы ма екен, жоқ әлде Львовтағы жоғары кәсіптік көркемсурет училищесі ме, әйтеуір сол жоғары оқу орындарының біреуін бітірген. Бұл жерде аталмыш оқу орындарының бәрінің атын айтып, отырғанымыз мүсіншінің зайыбы, башқұрт қызы да суретші еді. Сөз арасында ол оны да таныстырып, жарының Ресей не Украинада оқығанын айтқан.
Еламан шалт қимылды, тез ашуланатын, мінезі шәлкес жан еді. Сәл нәрсеге абыржып, күйгелектеніп ренжігеніне немесе аяқ астынан қуанып, жадырап сала беретініне сол кезде біздер түсіністікпен қарағанбыз. Өйткені ол суретші, өз әлемімен өмір сүретін, өзгеше болмыс-бітімге ие шығармашылық адамы ғой. Ал ондай талант иелерінде былайғы жұрт көп түсіне бермейтін мінез-құлықтар болатыны табиғи жағдай.
Сөз соңында осы мақаламен бірге беріліп отырған сурет туралы да бір-екі ауыз сөз айта кетейік. Ақын бейіті басындағы белгі орнатылған соң 1977 жылғы шілде, тамыз айларының бірінде «Лениншіл жас» газетінің фототілшісі Алашыбай Есмағамбетов тұғыртастағы кеуде мүсінді «Қазақ әдебиетінің» тапсырмасымен редакцияға түсіріп әкелген. Бұл рәсімнің секретариат бөлмесіндегі артық данасын сол кездері жастар басылымында жұмыс істейтін осы жолдар авторы сонда өзіне сақтауға алып қойған болатын. Арада 40 жыл өткенде, оны оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА