Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, еліміздегі жетекші саяси партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, лингвист-ғалымдар, тіл білімінің мамандары, тарихшылар, түркітанушылар және басқа да сарапшы мамандар қатысты.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жиынды ашардағы сөзінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бірден бүкілхалықтық қолдауға ие болған өте терең мағыналы және барлық саланы қамтитын аса ауқымды бағдарламалық құжат екенін атап өтті. Рухани жаңғырудың негізгі тетіктерінің бірі – тілдің жаңғыруы. Яғни тілдің фонетикасы мен графикасының сәйкес келуінде үлкен мән бар. Сол себепті де Мұхтар Құл-Мұхаммед дәл осы жаңа қазақ алфавиті қоғамдық санаға тың серпін беріп, оның жаңғыруының негізі болатынына ерекше тоқталды. «Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп білемін. Ендеше, латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар, ол латын әліпбиіне көшу арқылы ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселенің шешілетініне назар аударды. Партия Төрағасының атап өткеніндей, біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Латын алфавитіне көшу арқылы біз грамматикамызды жетілдіріп, тілімізді жаңғыртамыз», деді. Сондай-ақ кириллицада жасалған бар әдеби құндылықтың түгелдей компьютерлік нұсқаға көшірілетінін атаған партия Төрағасының бірінші орынбасары: «Латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлы технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс», деді.
Алғашқы сөз Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевқа берілді. Алдымен ол қазақ тілінің латын қарпіне көшу жөніндегі комиссияның атқарған жұмыстарына алғысын білдірді. «Ақ жол» партиясы өзінің бағдарламалық құжаттарында, мәлімдемелерінде қазақ тілін латын қарпіне көшіруді жақтап бірнеше бастамалар көтерген болатын. Бұл біздің әлемдік өркениетке енуіміздің жаңа белесі. Бұл реформа – рухани отарсызданудың тура жолы, – деді мәжілісмен. – Бүгінде қоғамда осы мәселеге байланысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Меніңше, ол өте дұрыс. Негізгі пікірталас қазақ тілінің кейбір дыбыстарын екі әріппен белгілеу төңірегінде болып отыр. Қазіргі ұсынылған нұсқадағы ерекше бір белгілер мен әріптерді қоспай-ақ, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі дайын символдарды ұсынған дайындаушылардың ниетін де түсінуге болады. Олардың ойы – әлемдік ақпарат кеңістігіне еш кедергісіз ену екені де түсінікті. Алайда, мына бір мәселені де ескеру керек».
Депутаттың атап өтуінше, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері мен үндестігін, шұрайын сақтап қалуға тиіс екенін ұмытпаған жөн. Тіл – ұлттық мінездің көрінісі. Қазіргі қазақ тілі ешқандай бұралаңды білмейтін өрліктің, табандылықтың, шешендіктің белгісі. Сұлу да сүбелі тіл. Қазақтың ұлы билерінің бірі Қазыбекті Қаздауысты деп тегін атамаған ғой. Латын қарпіне көшу – халқымыз үшін ғасырлық тарихи мәселе! Осы арқылы біздің әлемдік өркениетке ұлы көшіміз басталады. Бұл шегінуге болмайтын үдеріс. Латын қарпіне көшкен соң қазақ елінің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Тіліміз ғана емес, санамыз да, руханиятымыз да жаңа белестерге көтерілмек. Біздің жолымыз – осы.
Ал Мемлекеттік тілді жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Тәуелсіз Қазақстан тарихын екі маңызды кезеңге бөлуге болатынына тоқталды. Оның тоқталып өткеніндей, бірінші кезең – 2017 жылдың 12 сәуіріне дейінгі тарих. Екіншісі – одан кейінгі уақыт. Өйткені 2017 жылдың 12 сәуірінен бастап еліміз дүние жүзіндегі ең озық, дамыған, өркениетті мемлекеттердің ұстанымы бойынша өмір сүре бастады. Енді ұлттық саясатымыздың басты мақсаты – мемлекетіміздің қоғам алдына қойған негізгі талабы – рухани тазару, рухани жаңғыру, рухани кемелдену. Бұл – Елбасының сындарлы саясатының жемісі.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шет елдерден және отандастарымыз – бәрі де өз үлестерін қосуға тырысуда, – деді ол. – Біз ғылыми ортада, зиялы қауым өкілдері арасында көптеген басқосулар ұйымдастырдық. Ұлттық комиссияның жұмыс тобының бастамасымен 20-дан астам ғылыми-ұйымдастыру және ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар өтіп, оларға екі айда 2,5 мыңнан астам ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шілде айында Ыстанбұл қаласында өткен халықаралық түркологтар құрылтайында да бұл мәселе жан-жақты қарастырылып, халықаралық деңгейде қолдау тапты».
Елбасының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері қазақ әліпбиін реформалау туралы 2 мыңға жуық сараптамалық мақалалар мен пайымдаулар жарық көрген. Әлеуметтік желілерде 1800-ден астам мазмұнды жазбалар шыққан. Көптеген шетелдің ғалымдары – Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан, өңірлерден ұсыныстар, хаттар, жобалар келіп жатыр. «Ерекше атап өтуге болатын іс-шара – «Тамыры терең әліпби» атты халықаралық конференция. Бұған Висконсин университеті мен Ыстанбұл университетінің профессорлары, Орталық Азия республикаларының ғалымдары қатысты.
«Менің ойымша, бізде латын қарпіне көшудің барлық алғышарттары бар, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚКХП хатшысы Жамбыл Ахметбеков. – Біздегі 100 пайыз сауаттылық және күнделікті өмірде ұялы телефонды, интернетті қолдану барысында әрбір қазақстандық іс жүзінде латынша жазады әрі оқиды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шыққан бойда біз еліміздің аймақтарына сапар шегіп, өңір тұрғындарымен көптеген кездесулер өткізіп, қазақстандықтардың аталған бағдарламаға қызығушылық танытқандықтарын және бірінші кезекте мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшу мәселесіне қолдау білдіріп отырғандықтарына көз жеткіздік».
Оның пікірінше, қазақстандық коммунистер жаңа әліпби нұсқасының басымдықтары мен мүмкіндіктерін талқылап, ұсынылған нұсқаны толық қолдау туралы шешімге келген. «Біз барлық күш-жігерімізбен қазақ тілінің латын қарпіне көшуін қолдап, оның іске асырылуын қамтамасыз етуіміз қажет, – деп жалғастырды сөзін ол. – Әрине, бұл жерде ең негізгісі – оған барлық қоғамды жұмылдыру. Латын қарпіне көшу арқылы барлық тың мүмкіндіктерге қол жеткізетінімізді халыққа түсіндіруіміз керек. Бұл біздің ортақ міндетіміз».
«Бәріміз білетіндей, 2017 жылғы 12 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи мәлімдеме жасады, енді мемлекеттік тілімізді орасан зор реформа күтіп тұр, ол – латын қарпіне көшу, – деп бастады сөзін Халық қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев. – Ардагерлер ұйымдары әрқашан еліміздегі басты қоғамдық маңызды оқиғалардың алдыңғы қатарында болды. Біз Отанға деген махаббатымызды талай рет дәлелдегенбіз. Және осы сәтте, біз – Қарулы күштердің ардагерлері еш күмәнданбай, Елбасының осы шешімін қолдаймыз. Өйткені мен әскери адам ретінде, жеңістің үш тұғыры бар екенін білемін. Олар: нақты стратегия, жеңіске деген сенім және міндетті түрде адал әскер».
Қазақстандағы Әзербайжан этномәдени одағының басшысы Вивади Салахов Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғанда, қазақстандық әзербайжандар мен әлемнің өзге елдеріндегі бауырластары ерекше риза болғандарын жеткізді. «Нұрсұлтан Назарбаев – түркі әлемінің көшбасшысы. Елбасымыз Түркі тілдес мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының, Түркі Кеңесінің, Түркі академиясының құрылуына бастамашы болу арқылы алғаш рет түркі әлемін институттық негізде біріктірді, – деді В.Салахов. – Астана қаласында халықаралық Түркі академиясы және Түркі Кеңесінің филиалы орналасқан. Бұл құрылымдар түркілердің тарихы мен өркениетін ғылыми жағынан зерттеумен айналысады».
Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия әзірлеп, парламенттік тыңдауда таныстырылған жаңа әліпбидің бірыңғай стандарттар жобасы жан-жақты талқыланған соң, Демократиялық күштер коалициясының мүшелері жаңа реформаны қолдап, барша азаматтарды талқылау, түсіндіру және жаңа қазақ әліпбиінің қабылдануы жолындағы жұмыстарға белсене қатысуға шақыратын Қазақстан халқына Үндеу арнады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»