Футбол • 03 Қазан, 2017

Ел футболы: ширек ғасырлық шежіре

514 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Отандық футболдың жай-күйі бәрімізге мәлім. Қазіргі кейбір жанкүйерлер мен мамандар «Астананың» Еурокубоктағы табысымен қазақ футболының дамуын бағалайтын болған.  Шындығында елорда клубында негізінен легионерлер өнер көрсетеді. Ал қазақ футболының қай деңгейде екенін байқау үшін жастар және ұлттық құраманың көрсеткіштеріне қарау керек.

 

Ел футболы: ширек ғасырлық шежіре

«Намыстан» қайралғандар

Жастар болсын, Ұлттық құрама болсын соңғы жылдары көңілден шығатын ойын көрсетіп жүрген жоқ. Нәтиже де аса мәз емес. Тіпті Арно Пайперс жат­тық­тырған осыдан 10 жыл бұрынғы дең­гейге де жете алмай келеді.

Өткен-кеткен тарихымызды, бүгінгі әлеуетімізді салыстыра отырып қарасақ, біздің елде фуболшылардың ең талантты буыны 1978-1980 жылғы туған өрендер секілді көрінеді.

Бұл буынның доп қуа бастаған кезі нағыз аласапыран 90-жылдардың орта тұсы болатын. Қазақ балаларының кө­бісі сол кезде Несіп Жүнісбаев бас болып құрған «Намыс» клубында және рес­публикалық спорт колледжінде тәлім алды. «Намыста» марқұм Бауыржан Сәр­секенов, ал спорт колледжінде Евге­ний Кузнецов бастаған талантты жат­тықтырушылар қызмет атқарды.

Толағай табыс

«Намыс» жабылған соң, талантты жас футболшылардың біразы «Қайратқа» ауысты. Бұл кезде Қазақстан жастар құ­рамасын Владимир Фомичев баптайтын. Ол біз сөз етіп отырған 1978-80 жыл­дары туған жастардан жақсы команда жасақтап шықты. 1998 жылы Вла­димир Фомичевтің командасы алдымен жастар арасындағы Азияның іріктеу ойындарына қатысты. Мамырдың 24-29 аралығында Шри-Ланканың Кан­ди қаласында өткен алғашқы сында жер­лестеріміз мүдiрмей, келесi кезеңге шықты. Қазақстан жеткіншіктерімен қатар сол топта Шри-Ланка, Бангладеш және Тәжiкстан командалары болды. Соңғысын 5:0 есебiмен тас-талқан етiп жеңсе, одан кейiн алаң иесi – Шри-Ланканы 1:0 есебiмен тiзерлетті. Үшiншi ойында 2:3 есебiмен Бангладешке жеңiлсе де, топтағы бiрiншi орнын сақтап қалды.

Жастарымыз Бангладешті артқа тастап, әлем біріншілігіне жолдама беретін екінші кезеңнің іріктеу сындарына қатысты. Бұл кезең бiз үшiн ең қиын да ең ауыр ойындарға толы болды. Қазақстан футболында бұрын-соңды мұндай жетiстiкке жеткен ешкiм жоқ екенiн бас бапкер Владимир Фомичев шәкірттеріне ұқтырумен болды. Таи­ланд­тың Чиангмай қаласында болған матч­тарда бiздiң қарсыластарымыз Үн­дiстан, Кувейт, Таиланд және Сауд Арабиясы жастары еді. Үндiстан мен Кувейттi ұтып, Таиландпен тең түстiк. Сауд Арабиясына қарсы ойында Ерлан Оразаев 12-минутта гол соғып, команданы алға шығарды. Бiрақ олар 90-минутта екiншi голдарын салып, жеңiске жеттi. Әйтпегенде, кем дегенде 1 ұпай қоржында тұрған. Жастарымыз ең бастысы, екiншi орынға қол жеткiзiп, әлем бiрiншiлiгiне берiлетiн жолдаманы ұтып алды. Осыдан соң, Азия құрлығындағы төрт үздiк құрама команда медальдарды сарапқа салуға көштi. Қазақстан құрамасы мен Корея кездесті. Ойын ба­рысында 2:0 есебiмен ұтып жатқан Фомичев шәкірттері 83-ші  және 90-минуттарда гол жіберіп алды. «Соңғы минуттар синдромы» осы кезде басталған болатын. Негізгі уақытта тең түскен қос қарсылас пенальти сериясына жүгінді. Футбол «лотереясында» 3:4 есебiмен ко­рейлерге есе жібердік. Әйтпегенде, бiз кем дегенде Азия құрлығында жастар арасында күміске қол жеткізер едік. Сол 1998 жыл біз үшін табысты өтті десек, артық айтқанымыз емес.

Әлем чемпионатындағы жалғыз гол

Азиядағы төрттік құрамына кірген жастарымыз 1999 жылғы Нигерияда өткен әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне қатысты. Бұл жылдар қазақ футболының өтпелі кезеңі еді. Елдегі эко­номикалық жағдай әлі жақсара қоймаған. Футболшылардың осындай біріншілікке тыңғылықты дайындалуларына қолайлы жағдай жасалмады. Чемпионат алдында қарымды қар­сыластармен ешқандай жолдастық кездесудер ұйымдастырылған жоқ. Дегенмен жас­та­­рымыз жігер­лерін түсірмей, қара құр­лық­­тағы бірін­ші­лікке ат­­танды. Қазақ­стан құ­ра­масы жеребе бойынша «В» тобына түсіп, Аргентина, Гана, Хорватия сияқ­ты үш құрлықтың өкілдеріне қар­сылас атанды.

Алдымен жерлестеріміз Аргентина құрамасымен кездесті. Бұл ойында кейіннен Италияның «Интер» коман­да­сының жұлдыздына айналған Эстебан Камбьяссоның соққан жалғыз добы Марадонаның отандастарына жеңіс сыйлады. Келесі ойын Хорватия жастарымен өтті. Хорваттар Давид Лорияның қақпасына бес доп соқса да, бұл кездесу біз үшін шынымен тарихи матч болды. Олай дейтін себебіміз, құрамадағы жас талант Ерлан Оразаев Стип Плетикоса қорғаған қақпаны 67-минутта 30 метр­дей жерден дәл көздеді. Бұл гол біздің әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде соққан әзірге жалғыз добымыз. Соңғы үшінші турда Гана футболшыларына 0:3 есебімен ұтылып, топта соңғы орында қалып қойдық. Десек те, осы жетістікке де кейінгі толқын футболшылары жете алар емес…

Нигерияда кімдер доп тепті?

Енді бұл команда сапында кімдер болды? Оны сол кезде бас бапкер Вла­ди­мир Фомичев өз аузымен айтып көрсін:

– Қақпада Давид Лория тұрды. Ол өзге жігіттерден екі жасқа кіші болатын. Мұндай кезде жас айырмашылығы қатты байқалады. Бірақ соған қарамастан, Давид талай қауіпті соққыларды бетін қайтарып, өзінің дарынды қақпашы екенін байқатты. Сол еңбекқорлығының арқасында бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді.

Қорғаныста барлық ойында Игорь Солошенко, Айдар Күмісбеков, Денис Прос­курсин, Сергей Корбаневқа сенім арттық. Солошенконы команда мүше­лері капитан ретінде таңдады. Ол сол кез­дің өзінде салқынқандылығымен, көшбасшы қасиетімен өзгелерден ерек­шеленіп тұратын. Күмісбеков қорға­ныстың орта тұсында өте сенімді ойнады. Өкінішке қарай Горбаев кейін өзін көр­сете алмады. Оның өзіндік себептері болды.

Орталық алаңда Әли Әлиев пен Андрей Травин барлық «қара жұмысты» атқарды. Қос қапталда Мұрат Динаев пен Максим Самченко өздеріне артылған сенімді ақтай білді.

Шабуылда Ерлан Оразаев, Әлихан Аққазынов, Евгений Тарасов үштігін таңдап алдық. Өкінішке қарай үшеуі де кейіннен жарақаттан көз ашпай, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алған жоқ. Тарасов сол кездің өзінде өзін жұл­дыз санап, құрамаға ерекше талаптар қоятын. Оразаев жалғыз өзі-ақ матч тағ­дырын шешетін ойыншы болды. Оған бір-екі ойыншыны алдап өту түкке тұрмайтын. Жарақаттың кесірінен қазақ футболы талантты ойыншыдан айырылып қалды. Әлихан Аққазынов Еуропада ойнауды армандаушы еді, бірақ аяғын сындырған соң, барлығы жайына қалды. Әйтпесе, Аққазынов қазақ футболының жұлдызы болуға лайық ойыншы еді.

Ал өзге ойыншылардан Конс­тан­тин Земцовты команда мүшелері қат­ты құрметтеді. Дмитрий Кищенко мен Виталий Артемов әлем чемпионатынан кейін Украина «Шах­тері­нің» скауттарының көзіне түсіп, бірнеше жыл сол елде  ойнады. Александр Кучма болса, бірнеше жыл қатарынан Ұлттық құрамаға шақырылып жүрді, – дейді Владимир Фомичев.

Біз жоғалтқан «жұлдыздар»

Қарап отырсақ, жоғарыда айтыл­ған­дардың көбісі кейіннен Ұлттық құраманың негізгі ойыншылары болды. Сондай-ақ талантты бола тұра, мүм­кіндіктерін толығымен көрсете алма­ғандар бар. Бірінші кезекте Әлихан Ақ­қазынов пен Ерлан Оразаев еске түседі.

 Әлихан «Намыста» тәрибеленді. Сонан соң «Қайрат» «ЦСКА-Қайрат», «Маңғыстау» командаларында ойнады. «Қайрат» сапындағы алғашқы матчын өткізгенде, жасы нәбәрі 16 жаста болыпты. Бірінші матчында-ақ талантты бозбала гол соғып үлгереді.

– Бұл күн біздің отбасы үшін нағыз мерекеге ұласты. Әсіресе, әкем менің футболшы болғанымды қатты қалап еді. «Қайраттағы» алғашқы ойынымды өткізгенде, әкем әрбір минут сайын қатты толқып, темекі тартумен болыпты. «Балам мен саған сенемін!», дейтін әкем, – деп еске алады сол кезді Әлихан.

Аққазынов Фомичевтің кезінде  Қазақстанның жастар және олимпиялық құрамасында өнер көрсетті. Сол тұста қазақ футболының болашақ жұлдызы саналған ойыншы көп уақытын алаңда емес, аурухана төсегінде өткізді. Аяғын сындырып, бес бірдей ота жасатты.

– Аяғы сынған футболшы ешкімге керек емес. Мұндай сәтте бәрінің қарым-қатынасы өзегереді. Ал гол соғып, командаға жеңіс әкелсең бәрі жақсы көреді. Ауруханада жатқанда, реанимация бөлмесінде, ота жасағаннанан кейінгі сәтте қасыңда ешкім болмайды. Өзіңді жалғыз сезінесің, – дейді ол.

Әлиханның футболдағы карьерасы 23 жасында аяқталды. Сөйтіп ол бизнес­ке кетті. Ал әлем чемпионатында гол соққан жалғыз қазақ футболшысы Ерлан Оразаев та дәл сондай күй кешті. Бүгінгі таңда Ерлан «ҚазТрансГаз» компаниясында қызмет атқарады.

Нигериядағы жастар құрамасының шабуыл шебінде ойнаған тағы бір ойыншы Евгений Тарасов карьерасын бірінші лигада аяқтады. Тарасов жас­тар құрамасында және «Қайрат» сапында  өте жылдам форвард болған еді. Оған да еркін көсіліп ойнауға жарақаты мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, экстра-класстағы шабуылшы атануына шамасы жететін. Евгений 21 жасында Ресейдің «Зенит» командасынан шақырту алды. Санкт-Петербург командасы 2000 жылы  Александра Пановты «Сент-Этьенге» сатқан соң, орнына шабуылшы іздеді. Сол іздеген ойыншыны Қазақстаннан тапқан. Тарасов «Қайраттағы» соңғы ойынын 2000 жылы Қазақстан кубогының финалында «Аксесс-Голден Грейнге» қарсы өткізді. Осы матчта біздің кейіпкер бесінші голды соқты.

Питердегі дебюті керемет басталды. Интертото кубогында «Зенит» Англияның «Брэдфорд» командасымен жолықты. Тарасов екі ойында қарсылас қақпасынан үш мәрте саңылау тапты. Бірақ кейіннен жарақат алып, қатардан шығып қалды. Маусым толығымен аяқталмаса да қазақстандық футболшы алаңнан емес, дәрігердің бөлмесінен жиі көрінетін.

Ал 2001 жылғы чемпионатты Тарасов тағы да жоғары деңгейде бастады. Алғашқы турда 3 гол со­ғып, «жаңа Панов» өсіп келеді деп үміт күткендер болды. Алайда тағы да жарақат, тағы да ота жасалды. Со­дан соң бірінші лигадағы Саратов­тың «Соколына» ауысты. «Сокол­дан» кейін Қазақстанда ойнады. Бі­рақ бұрынғыдай өнер көрсете алмады... Қазір ол «Зениттің» 15 жасқа дейін­гі жасөспірімдер құрамасын жаттық­ты­ра­ды.

Жалпы алғанда, сол әлем чемпионатына қатысқаны және қатыспағаны бар 1978-1980 жылдары туған фут­бол­шылардың көбісі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік буын деп атауға болады. Мысалы, төмендегі мына үш футболшы сөзімізге нақты мысал бола алады деп ойлаймыз: Самат Смақов (08.12.1978) – Ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткізген футболшы, Дмитрий Бяков (09.04.1978) – Еуро-2008 чемпионаты іріктеу турниріндегі Қазақстан құрамасының үздік сұрмергені (5 гол), Руслан Балтиев (16.09.1978) – Ұлттық құрама тарихындағы ең көп гол соққан ойыншы.

Бек ТӨЛЕУОВ,

журналист