Аймақтар • 04 Қараша, 2017

Шектен шыққан шенеунік шеге қағуға мәжбүр болды

665 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Расул Манапов бүгін кәстөм шалбарын қарапайым жұмысшы киімімен алмастырып, облыс орталығындағы республика алаңында үш сағат жұмыс істеді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шектен шыққан шенеунік шеге қағуға мәжбүр болды

«Білдей шенеуніктің мұнысы несі? Әлде өзіне осылай жарнама жасағысы кеп жүр ме?» деп ойларыңызды сан саққа жүгіртіп отырған боларсыздар. Жоқ, шенеунік шаһардың қақ ортасында еріккеннен жұмыс істеген жоқ. Жазасын өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айында қала әкімі орынбасарының өзінің қызметтік көлігімен демалыс күндері демалыс базаларының бірінде жүргендігі анықталып, бұл мәселе облыстық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында қаралған болатын. Бұдан кейін Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев өзінің орынбасарына қатаң сөгіс беріп, қызметтік көлігін екі айға дейін пайдалануға тыйым салған-ды. Өзінің шектен шыққанын түсінген шенеунік «Өскемен Тәртіп» мекемесінде 20 сағат қоғамдық жұмыс істеуге ынта білдіріпті. Бүгін сол уәдесінде тұрып, таңғы сағат 8 бен 11 аралығында тазалық мекемесінің жұмысшыларымен бірге республика алаңындағы субұрқақты қыс маусымына дайындау жұмыстарына жәрдемдесті.

Қала әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Расул Манаповқа жұмыс барысында уақытша бастық болған «Өскемен Тәртіп» мекемесінің аға мастері Мақсат Нұрахметов өз тәжірибесінде мұндай жағдайға, яғни жоғары лауазымдағы шенеуніктің қарапайым жұмысшылармен тең дәрежеде еңбек еткеніне алғаш рет куә болып отырғанын айтады.

«Әдетте біз қоғамдық жұмысқа жіберілген адамға кесте әзірлейміз. Олар өз еркімен төрт немесе сегіз сағаттық жұмысты таңдайды. Сосын арнайы киім беріп, жұмыс істейтін жерін белгілейміз. Р.Манапов тыным таппай жақсы жұмыс істеді, көп көмегін тигізді. Тағы да көмектессе, қарсы болмас едік», - деп жымияды ол. Осылайша «тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылды естен шығарған шенеунік шеге қағуға мәжбүр болды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақтан»

ӨСКЕМЕН

Суреттер Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінен алынды