Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2017

Студент-кәсіпкер Президентке көбелек-галстук сыйлаған

566 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сол күн облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің биылғы түлегі Римма Ковалева үшін ең қуанышты, ең бір ұмытылмас сәт болғаны анық.

Студент-кәсіпкер Президентке көбелек-галстук сыйлаған

Қазір шетелдердегідей біздің елімізде де кәсіпкер­лікті студенттік аудиториядан бастау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Римма да солай студент кезінен қолдан көбелек-галстуктер жасады. Бәрімізге белгілі, галстук қай уақытта болсын ер адамның гардеробындағы ең сәнді аксессуар. Әртүрлі үлгілері бар. Мысалы, көбелек-галстукті сәндік мақсатта смокингпен немесе фракпен тағады. Ал Римма Ковалева өзінің замандас­тарына үлгі көрсетуде. Ол университет қабырғасында жүріп-ақ жеке кәсіпкерлік жолын бастады. Өз қолымен жасаған брендтік галстуктерін «Rimmini» аталатын сауда белгісімен сатуды қолға алды.

Туризм және дизайнер саласы бойынша білім алған Римма студент кезден-ақ оқу орнының жұмысына белсене араласты. Оқытушыларының айтуынша, 1-курстан бастап Start-up академия курстарына қатысып, өзін жақсы қырынан таныта біліпті.

Әлі есімізде, 2016 жылы қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға сапармен келгенде, С.Торайғыров атындағы университеттің Стартап академиясында «Студенттік кәсіпкерлік жобалардың» тұсаукесер рәсіміне қатысты. Салтанатты шара кезінде күтпеген жағдай болды. Римма Ковалева Елбасына екі көбелек-галстук сыйға тартты. 

– Қатты қуандым, Президент бірден қолына алып, өлшеп көрді. Біреуі – алтын түстес бисер жылты­рақ­пен ұлт­тық стильде жасалған. Екіншісі, салтанатты қабыл­­дауларға арналған қара түсті. Елбасына ұсынған тар­туым өте ұнады, қызыға қарап көрді. Мемлекет бас­шы­­сы­­ның қарапайымдылығына таңғалдым, – дейді Римма.

Университеттің Стартап академиясында болған осы кездесуінде Елбасы «Қазіргі уақытта мемлекет бизнесті дамыту үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Әлемнің көптеген елінде жастарға студент кезінде өзінің стартап-жобасын бастап, жоғары оқу орнын бітіргенде бірталай жетістікке жетуге мүмкіндік беретін тәжірибелер бар. Мұндай жағдай еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарының студенттері үшін де жасалуға тиіс», деген болатын-ды.

Жастайынан кәсіпкерлікке бейімделген Римма үшін бір галстук жасауға 40 минуттай, жылтырақпен, басқа да күрделі түрлерін жасау керек болса, бұдан көбірек уақыт қажет болады. Төлтума тауарларын 2 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейінгі аралықта бағалаған. Матаны интернет арқылы тапсырыс беріп, Норвегиядан сатып алып жүрді. Студент кезінде 800-дей «көбелек» сатыпты. 

Әрине әрбір студент Start-up жобасына қосылар алдында ойланады. Римма да сөйтті. Көбелектерін жасаудан бұрын, дизайнерлік бюро құрды, қолмен жасалатын бұйымын кесіп-пішіп шығаратын шеберхана керек болды. Көбелек ені бойынша жаға шетінен асып кетпеуі тиіс. Басқа да ойланатын жайлары баршылық. Сөйтіп таңғаларлық қызықты бір жоба өмірге келді7

Елбасы айтқандай, осындай студенттік стартап жоба­лар аудиториядан кәсіпкерлікке апаратын баспалдақ. Мы­салы, «Rimminiдің» брендтік галстуктерін әлеуметтік желі­лер­ден сатып ала аласыз. Сондықтан Ресейден бас­тап, бар­лық ТМД елдері, Норвегия, Италия, Франция, Гер­мания, тіпті Малайзия, Сингапурде де Римманың «көбе­лект­ері» «ұшып» жүр. Тапсырыстардың әрине жөні бөлек, «көбе­лек­терін» сыйлайтын достары да өте көп екен. Ең бас­тысы, «Rimmini» «көбелектерін» тағып жүрген ерлер аз емес. Сту­дент қыз «көбелектерін» ақша табу үшін емес, адам­дар­ға қуаныш, көңіл-күй, бақыт сыйлау үшін жасай­тынын айтады.

Римма Ковалева биыл оқуын бітірді. Қазір шетелде өз білімі мен біліктілігін шыңдауда, тәжірибе жинақтап, кәсібін жалғастыруда. Осы жетістікке жетуге мүмкіндік берген Елбасының бір ауыз сөзі Римманың арманына қанат бітірген еді. Іске, сәт, Римма!

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР