Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2017

Павлодарда балабақшада мұражай ашылды

1212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар қаласының № 21 сәбилер бақшасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлеріне арналған шағын мұражай ашылды.

Павлодарда балабақшада мұражай ашылды

Жобаның мақсаты – халқымыздың тарихи-мәдени мұрасымен таныстыра отыра, мектепке дейінгі тәрбиеленушілерімізге патриоттық тәлім-тәрбие берудегі тиімді әдіс-тәсілдерді дамыту.

№21 сәбилер бақшасының басшысы Светлана Бертыбаеваның сөзіне қарағанда, мұражай ашуды бұрыннан көздеген екен. Халқымыздың  мәдениеті мен тұрмысын зерттеу барысында, жыл сайын балалар ата-аналарымен бірігіп өз қолдарымен тұрмыстық заттар мен қолөнер туындыларын жасаған. Қазақ тілі бұрышы кеңейе бастағанда, мұражай ашу ой пайда болды. «Мұражай ашу – балаларға патриоттық тәрбие беру бойынша бағытымыздың айтарлықтай жалғасы болып келеді. Жиналған материалдарды жүйелеп, жоба бойынша жұмысымызды жалғастырудамыз. Көздеген мақсаттымыздың нәтижесі де анық. Мектеп жасына дейінгі балалар көрнекті ақпаратты негұрлым жақсы қабылдайды. Бұл жерде жәдігерлерді тек қана көрмей, оларды қолдарына ұстап, ойнауыларына да мүмкіндік бар», - дейді Светлана Қабдолқызы.

Бұл бастаманы ата-аналар да құптап, балалар және тәрбиешілермен  бірігейе отыра, мұражай экспозициялары жасалған. Мұражайды толықтыру жұмысы жалғасуда, дегенмен «Киіз үй», «Ұлттық киім», «Ыдыс-аяқ», «Баскиімдер», «Зергерлік бұйымдар», «Төрт түлік мал» шағын экспозициялар көрсетілуде.

Шағын мұражайда  «Ауыл» экспозициясы ерекше орын алады. Бұл жерде кішірейтілген мөлшерде киіз үйлер, алтыбақандар, арба, үй жануарлары , яғни қазақ ауылдың өмірі көрініс тапқан.Үлкен киіз үйдің ішінде құрақ көрпелер, сандықтар, қамшы, қоржын, бесік, қазақ үстел – сынды тұрмыс заттары көпшілікке ұсынылған. Дастархан басына отырып, бауырсақ пен құрттың дәмін де татуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар  «Арқан тартыс», «Асық ату», басқа да ұлттық ойындар ойнауға болады. Осының барлығын балалар ата-аналарымен бірігіп жасаған. 

Экспонаттарды жасау үдерісі балалар мен ата-аналарды айтарлықтай қызықтырғаны сонша, кейбір ата-аналар шамаларынша зерттеу жұмыстарымен айналысып «Киізүй», «Қыздардың әшекей бұйымдары», «Кілем тоқу», «Қолданбалы ағаш өнері» тақырыптары бойынша жұмыстар дайындаған.

Қазақ тілі оқытушысы Әлия Жұмағүлованың айтуынша, шағын мұражай жасау барысы оқу – тәрбие жұмысына оңтайлы септігін тигізгені анық. «Сабақта балалардың белсенділігі  күшейіп, жаңа ақпараттық жаңалықтармен танысу барысында, оларды сан қырлы жақтан зерттеп білу арқасында қызығушылықтары арта түсті .Әсіресе, балалар «экскурсия жүргізуші» сюжеттік-рөлді ойын ойнауды жақсы көреді», - дейді Әлия Төлегенқызы. Шағын мұражайға келушілерге экскурсияны балалардың өздері жүргізеді, оның ішіндегі жас экскурсия жүргізушілері – өзге ұлт балалары.

Аталған жұмысқа жасы үлкен аға буын өкілдері белсенді қатысты. Немерелерінің  қызықты жетістіктеріне ата-әжелері де тәнті болғаны анық. «Біз жәдігерлерді дайындауға ризашылығымызбен қатыстық.  «Қазақ қызының әшекей бұйымдары қандай болғанын білу үшін, балалармен бірге өлкетану мұражайына және кітапханаға бардық. Мұндай жұмыс балаларды дамытады, отбасымызға қуаныш, бірлік сыйлайды», - дейді Жежера Мария мен Макардың анасы.  

Ашылғалы кезден бастап шағын мұражайды үш топ көріп үлгерді. Балалар көрмені тамашалап, бауырсақ пен құрттың, баска да ұлттық тағамдардың дәмін де татты. 

Павлодар қаласының №21 сәбилер бақшасында 10 топ жұмыс жасайды, оның ішінде 5 топта оқу-тәрбие қызметі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Барлық балалар мен ата-аналар мұражай жәдігерлерімен танысып, қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасына өздерінің етене қатысты екенін сезінуге мүмкіндіктері бар.

Балабақшада 251 бала орынмен қамтамасыз етілген. Аталған сәбилер бақшасы Республикалық «Балапан» бағдарламасы бойынша қайта тұрғызылып, 2010 жылдың 16 желтоқсанында іске қосылды. Биылғы жылда аталмыш мектепке дейінгі білім беру мекемесі өзінің жетіжылдық мерейлі тойын қазақ мәдениетінің шағын мұражайымен қарсалуда.