![Жарқын жетістіктерге жол ашты](/article_photo/1535943430_article_b.jpeg)
Кеш шымылдығын ашқан қала басшысы Бауыржан Байбек Конституцияның Алматы қаласында қабылданғанын атап өтті. Сондықтан бұл күннің алматылықтар үшін ерекше мейрам екенін жеткізген әкім жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.
Республика сарайын лық толтырған көрермендер тамыры тереңде жатқан халық әндерімен сусындап, тіпті кейбірін өнерпаздармен қосыла шырқады. Домбыра шанағынан төгілген күмбірлеген күй әсем кештің ажарын арттыра түсті. Сондай-ақ кеш барысында еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен сан қилы жолынан сыр шертетін арнайы бейнероликтер де көрермен назарына ұсынылды.
– Еліміздің ең маңызды мерекесі – Конституция күні. Санаулы жылдар ішінде жас мемлекетіміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының бастауымен еліміз дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Барлық табыс халқымыздың еңбегі, Тәңірдің берген сыйы, – деді Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шмит Илясов.
Шаһар басшысы Елбасының бастамасымен іске қосылған «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша Алматыда 5,1 млрд теңгеге тұрғын үй несиесінің 36%-і берілгенін атап өтті. Оның үстіне елімізде ұсынылған 1,5 мың пәтердің 40%-і де осы Алматыға тиесілі.
Алматыда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша таяудағы үш жыл ішінде 37 жатақхана салынады. Қазірдің өзінде 4 мың орындық 7 нысанның құрылысы басталды. Оның төртеуі биыл пайдалануға беріледі. Өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қалада тұрғын үй салу деңгейін 7,5%-ке дейін көтерді. Бұл осы жылдың 7 айы ішінде 1 млн шаршы метрден астам үй салынғанын көрсетеді», деді ол.
Айта кетерлігі, «Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда қала бюджетінен 3 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы 100-ден астам жас отбасы жеңілдетілген жағдайда пәтер алған болса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаймақ.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ