Қоғам • 08 Тамыз, 2019

Әйгерім Тәжі: Ертең не күтіп тұрғаны өзіме де қызық

526 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әйгерім Тәжінің ерекше көзқарастағы бейнелі жырлары әдеби сыншылардың назарын бір сәтте жалт қаратты. Ақынның жырлары бірнеше тілге аударылып, әлем әдебиетіне үн қосып жатыр. Жуырда АҚШ-тың «Zephyr Press» баспасынан «Бумажная кожа/Paper-Thin Skin» атты жинағы орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. 2016 жылы аталған кітапты аударуға АҚШ-тың өнерді қолдауға бағытталған Ұлттық қорының арнайы екі еселенген гранты берілді. Қор құрылғалы бергі 50 жылда жеңімпаздардың арасында қазақстандық ақынның кітабы алғаш рет ілігіп отыр. Алматыда ақынның біз айтып отырған жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Ақынмен дидарласып, аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

Әйгерім Тәжі:  Ертең не күтіп тұрғаны  өзіме де қызық

– Американың әдеби аудармашылар бірлестігінің президенті болған Джеймс Кейтс сіздің жырларыңызды ағылшын тіліне аударды. Таныстықтарыңыз қалай басталған еді?

– Джеймс Кейтс аудармашы ғана емес, тамаша ақын. Біз америкалық Words Without Borders әдеби журна­лы­ның арқасында таныстық. Басылым өлең­дерімді шығармақ болып хабарласқан еді. Сөйтіп олар ағылшын тілді ортаға жет­кізу үшін аудармашыға жүгінді. Кейтске өлеңдер ұнап, содан маған басқа да жырларымды аударуды ұсынды. Бұған да жеті жыл өтіпті. Кейтс тәржімалаған өлең­дерім АҚШ пен Еуропаның журнал­дарында жарық көрді. Кітаптың дайындығына бірнеше жыл кетті. «Бумажная кожа/Paper-Thin Skin» – менің екінші жинағым. Алғашқы «БОГ-О-СЛОВ» атты кітабым Алматыдағы «Мусагет» баспасынан жарық көрген еді.

– Өлеңдеріңіз қазақ тіліне де аударылыпты. Аударылу сапасы ұнады ма өзіңізге?

– Қазақ тіліне тек үш өлеңім тәр­жі­маланды. Орал Арукенованың аудар­малары «Тамыр» журналында басылып шығарылды. Аударма ұнады. Дегенмен аудармада түпнұсқадағының барлығын сақтап қалу мүмкін емес. Әр кезде бір нәрсе жоғалып тұрады. Кейде ритм, кейде рифма немесе мағыналық ерекшеліктері сияқты өзгерістер болады. Аударма – өлеңнің басқа тілдегі көшірмесі емес, өйт­кені тілдер – әр алуан. Алайда аудар­ма­шының кәсібилігі жоғары болған са­йын, аударма да соғұрлым түпнұсқаға жа­қындай түседі. Не болса да, әдеби
аударма – шығармашылық. Бұл да мәтіннің өзінше бір интерпретациясы. Мысалы, менің өлеңдерім француз, поляк, өзбек сияқты әртүрлі тілдерге аударылды. Ағылшын тіліне үш әдеби аудармашы тәржімалауға тырысты, ал армян тіліне екі адам. Бір шығарманы бірдей тілге аударып тұрса да, әрқайсысында бір-біріне ұқсамайтын нәтиже болды.

– Кітаптың тұсаукесерінде поэ­зия, музыка мен театрландырылған сах­налық көрініс тамаша үйлесті. Өзге ақындар сияқты мәнерлеп оқи салуға неге болмады?

– Бір кездері қазақстандық жазушы әрі композитор Илья Одегов менің өлең­деріме ән жазды. Осы музыкалық шығармаларды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының хоры Ян Рудковскидің жетекшілігімен орындады. Бұған Мемлекеттік неміс драма театрының актерлері қосылды. Өлең сөздерін экраннан оқуға мүмкіндік болды. Осылайша кітаптың тұсаукесері ерекше өтті. Жақсы пікірлерге қарағанда, халыққа ұнаған сияқты. Неге тек мәнерлеп оқу болмады дейсіз бе? Бұл кештің форматына да байланысты.

– Ресей, Өзбекстан және Армения сияқты жақын елдерге Қазақстан  әдебиетінің өкілі ретінде танылсаңыз, алыс шетелдерде орыс тілді  әдебиет өкілдерінің гильдиясына кірген санаулы ақынның бірісіз. Орыс тілінде жазу мен поэтикалық дәстүрді қалай байланыстырасыз?

– Негізінде, біздің елде де, алыс-жа­қын шетелдерде де, яғни барлық жерде мен қа­зақстандық ақын ретінде танылдым. Әрине, біз бірнеше мәдениеттің тоғыс­қан жерінде өмір сүріп жатырмыз және бұл менің өлеңдерімде көрі­ніс тапқан. Қазақстандық әдеби сыншы Вик­тор Бадиков «БОГ-О-СЛОВ» ат­ты кіта­­быма жазған пікірінде менің шы­ғар­­ма­шы­лығымда «бейнелі еуразиялық қиы­лыс­та» пайда болған идеялар көрініс тап­қа­нын айтқан еді. Мұның барлығы шы­ғар­машылықтың шекарасын шексіз етеді.

– Алғашқы өлеңдеріңіз 2002 жылдары «Аполлинарий» журналынан жарық көре бастағанда-ақ көптеген әдеби сыншылардың назарын аударды. Суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық жазу мәнерін қалай таптыңыз? Ізденістеріңіз туралы айтып беріңізші.

– Бұл сұраққа қалай жауап берерімді де білмеймін. Арнайы ештеңе іздегенім жоқ. Ал егер басылымдағы ең алғашқы жұмысымды еске алсақ, мені 2002 жылы «Мусагет» қорының әдеби семинарына Алматыға шақырды. Сол кезде алғаш рет семинарға қатысу үшін конкурсқа өлең­дерімді арнайы жинақтадым. «Апол­линарий» әдеби журналына сол жинақтың жартысын басып шығармақ болды, оған қатты қуандым.

– Қазақстаннан гөрі АҚШ пен Ресейде танымал сияқтысыз. Қалай ойлайсыз?

– Иә, мені көбіне АҚШ пен Ресейде жариялайды. Кітаптан бөлек, өлеңдерім көптеген ресейлік, америкалық, еуро­палық әдеби журналдарда, жинақтарда, антологияларда жарық көрді. Қазақстанда да жарық көрген туындыларым бар, алғашқы кітабым осында басылды. Дегенмен елімізде авторларға оңай емес. Мысалы, менің жаңа кітабым «Бумажная кожа/Paper-Thin skin» көптеген елде таныстырылып, Amazon сияқты үлкен ортада да сатылымға шығарылған. Бірақ біздің кітап дүкендерінде жоқ. Оның қашан болары да белгісіз. Бірақ қазақстандық оқырмандар отандық кітап дүкендерінде кітаптың неге сатылмайтынын сұрап жатады. Олар кітапты алу үшін менімен хабарласуға немесе шетелден іздеуге мәжбүр.

– Неліктен қазақстандық автор­ларға АҚШ пен Ресейде танылу оңай?

– Қазақстандық авторларға Ресейде немесе АҚШ-та танымал болу оңай деп айтпас едім. Қайта керісінше, өте қиын. Бұл елдерде өздерінің авторлары жетерлік. Олардың саны біздегіден әлдеқайда көп және салыстыруға келмейді. Сондықтан да бәсекелестік өте қатал. Дегенмен біздің елде де танымалдылыққа жету қиын. Бірақ оның себебі басқада. Бізде ең алдымен дұрыс әдеби процесс жоқ. Авторлар бар, бірақ әдеби процеске қажетті басқа дүниелер жоқтың қасы.

– Қазақстандағы шығармашылық конкурстар қаншалықты әділ өтеді?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын журналистердің сауалына жауап беріп отырып, басқа әріптестеріммен бірге біздің әдебиеттің дамуына конкурстың жетіс­пейтінін айтқан болатынбыз. Мүшәй­ралар авторларға өз жерінде таны­м­ал болуға мүмкіндік берер еді. Әрі сый­лықтар да ешқашан артық болмай­ды. Кейін Қазақстанда бірте-бірте кон­курстар өткізіле бастады. Деген­мен олардың пайдасы аз болды. Бар­лығының қайталана беретін ортақ кем­шін тұстары конкурстардың лайықты деңгейге көтерілуіне шынымен кедергі жасады. Әлі күнге дейін шынайы әрі кәсіби ұйымдастырылды дейтін маңызды әдеби байқау жоқ.  Кейбір адамдар мүшәйралардан жүлделі болу үшін, танымал әдеби журналдарда жариялану үшін қанша төлеу керек деп сұрап жатады. Менің жауабым – тегін. Керісінше, ав­торға еңбегі үшін қаламақы, кейде сыйақы береді. Мұндай сұрақтың туын­дауы­ның өзі қоғамдағы мәселелер мен жал­пы мәдениеттің даму деңгейін көрсе­теді. Әлемде кәсіби әдеби ортаның бар екен­дігін, онда барлығын ақша емес, тек қана талант шешетінін оларға айтқа­нымда көптеген адам қуанып жатады.

– Өзінің ішкі дүниесіне ғана үңілген сентименталды ақын мен сыртқы әлемге зерделей  қараған, ізденімпаз ақынның айырмасы қандай?

– Олардың арасындағы айырмашылық көзқараста. Өзіне немесе сыртқа ба­ғыт­талған көзқараста. Ал жалпы автор вакуум­да өмір сүрмейді. Автордың жан дүниесі мен қоршаған ортасы бір-бірімен үздіксіз байланыста әрі қатынаста.

– Қазақ ақын-жазушыларын оқи­сыз ба? Еліміздегі саяси оқиғалар ке­зінде қазақ ақындары азаматтық көз­қа­растарын қаншалықты білдіре алады?

– Әрине, мен өзіміздің классиктерден бастап заманауи  авторларды оқып тұрамын. Өзінің азаматтық көзқарасын көрсетуге келсек, менің ойымша, бұл – әркімнің өз таңдауы. Сол үшін де ол азаматтық позиция деп аталады. Бірі ол туралы жырмен өрнектесе, енді бірі басқаша көрсетіп жатады. Ең бастысы, адамның ерік бостандығы болуы керек. Егер тек поэзия тұрғысынан қарасақ, өлеңнің жақсы-жаман болуы автордың азаматтық позициясына байланысты емес. Яғни, адамды екі тұрғыда бөлуге болады. Автор ретінде және азамат ретінде. Ал тақырып әр авторда өзінше. Олар жырлайтын әлем осында және қазір, өткенде немесе келешекте, тіпті қиялда болуы мүмкін. Ең маңыздысы – шығарманың әдеби құндылығы.

–  «Я пишу о том, что меня волнует» дейсіз. Қазір сізді не толғандырып жүр?

– Мені қашан да әлем мен ондағы адамдар алаңдатады. Жастық пен кәрілік. Өлім мен өмір. Қуаныш пен қайғы. Қайда бет алғанымыз. Не күтіп тұр. Бақыттың кілті мен оған не керегі. Мен не көріп, не сезетінімді, ойларымды жазамын. Он жылдан астам уақыт Алматыда тұрып жатырмын. Өзім Ақтөбенің қызымын, қазір әке-шешем сонда. Жоспарыма келсек... Жаңа кітабымның жарық көргеніне көп болған жоқ. Кітаптың жаңа тұсаукесерлері жоспарланған. Бұған дейін Алматыда, АҚШ-та Бостон мен Нью-Хэпширде тұсаукесері өтті. Басқасын айтсақ, әлем бір орында тұрмайды. Үнемі жаңа ойлар мен жаңа жолдар ашылады. Сондықтан ертең не күтіп тұрғаны өзіме де қызық.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ