Табиғатты ластаушылар жөнінде ақпарат ашық болмақ
Отырыс барысында бірінші кезекте «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға (Орхус конвенциясы) Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжаттың жай-жапсары жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады.
«Осы хаттамаға қосылу мақсаты Орхус конвенциясының ережелерімен негізделген. Ауаға шығарылатын, су мен топыраққа төгілетін қауіпті химиялық заттар мен ластағыштардың жыл сайынғы көлемдерін, өнеркәсіптік және басқа да объектілерден алынатын қалдықтар ақпаратын жинау, өңдеу үшін кадастрлар немесе Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелім жүйесін біртіндеп енгізу жөнінде шаралар қолдануға міндеттіміз. Бұл тіркелім «ауаға, табиғатқа қай нысандар ластаушы, қауіпті химиялық заттарды шығарып жатыр?» және «қай уақыт аралығында қандай көлемде шығарылады?» деген сұрақтарға байланысты толық ақпарат беретін болады», деді министр.
Қазақстанда 2018 жылы ластаушы заттардың жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құраған. «Қазіргі танда халықтың экологиялық жағдайға қызығушылығының өсуіне байланысты, біздің елімізде қоршаған ортаның жай-күйі туралы халықты уақтылы хабардар ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі AirKz мобильдік қосымшасы іске қосылып, облыс әкімдіктері жұртшылықты ақпараттандыру үшін LED-экрандар орнату бойынша жұмыс жүргізуде. Осы LED-экрандарда ауаның сапасы туралы мәлімет беріліп жатыр. Сонымен қатар аталған ақпарат біріктірілген сипатқа ие. Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімі сияқты құралдардың болуы халыққа кәсіпорындар шығарып жатқан зиянды заттар бойынша деректерді ұсынуға мүмкіндік береді», деді М. Мырзағалиев.
Осы аталған Тіркелім хаттамасы 64 қызмет түрін және 86 ластаушы заттарды қамтиды. Аталған 64 қызмет түрінің Қазақстанда 32 түрі және оған жататын 26 ластаушы зат қамтылады. «Осы Тіркелімді цифрландыру мақсатында ЮНИТАР (БҰҰ оқу және ғылыми-зерттеу институты) қолдауымен 10 миллион теңгеге гранттық қаражат алынып, веб-портал әзірленді. Оны Залалды заттардың шығарылу және тасымалдау тіркелімі деректерімен толықтыру жүргізілді (100 кәсіпорын). Тіркелім веб-порталы тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Келешекте осы Тіркелім порталын Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесі аясында басқа да ақпараттық жүйелермен өзара интеграциялауды жоспарлап отырмыз. Министрліктің ведомстволық ұйымымен әзірленген Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімінің веб-порталы келесі жылы пайдалануға беріледі», деді ведомство басшысы.
Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттамаға 2003 жылғы 21 мамырда Киевте өткен Орхус конвенциясы тараптарының кезектен тыс жиналысында қол қойылған. Хаттаманы ратификациялау және оның күшіне енуі ластауыш заттардың қоршаған ортаға шығарындылары мен төгінділері туралы көпқырлы, құрылымдалған және компьютерлендірілген дерекқорын жасауға, ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдары, табиғат пайдаланушы-кәсіпорындар туралы ақпаратқа жұртшылықтың қолжетімділігін кеңейтуге, қалың бұқараны өздері тұрып жатқан аудандарының ластануы туралы ақпаратпен таныстыруды қамтамасыз етуге, халықтың табиғат қорғау мәселелері бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысуына ықпал етуге, экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл заң жобасын талқылау барысында бірқатар өзекті мәселелер айтылды. Мәселен, депутат Қуаныш Сұлтанов халықтың экологиялық мәдениетін, санасын көтеру үшін нақты жұмыстар қолға алынуы керек екенін, сол үшін министрліктің осы бағытта тиісті шаралар қабылдауының маңыздылығын атады.
Қызу талқылаудан кейін бұл заң жобасы бірауыздан мақұлданды.
Барыс-келіске кедергі болмауы тиіс
Сонымен қатар депутаттар «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарастырды. Айта кетейік, 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама 2018 жылдың 17 тамызында Нұр-Сұлтанда жасалған.
Аталған заң жобасы бойынша баяндама ұсынған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов: «Қазіргі таңда екі ел арасында 11 автомобиль өткізу бекеті бар, олардың бесеуі көпжақты халықаралық, ал алтауы – екіжақты. Екіжақты өткізу бекеттерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көлік құралдарының қарқыны өте төмен болуы себепті олар 2010 жылы жабылған. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған жеті өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам және 466 мың көлік құралы өтуде. Сондай-ақ 2018 жылы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау Қазақстан мен Қырғызстан арасында 43 пайызға артып, 1,7 млн тоннаны құрады», деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, хаттамада «Нововоскресеновка» өткізу бекетінің атауын «Сыпатай батыр» деп өзгерту көзделген. Сонымен қатар Сарытөбе және Ауқатты автомобиль өткізу пункттерінің мәртебесін екіжақтыдан «көпжақты халықаралыққа» ауыстыру ескерілген. Нақтылай айтқанда, хаттамамен Қырғызстанның Шу облысының Шу ауданында орналасқан Тоқмақ автожол және Қазақстанның Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Сарытөбе автожол, сондай-ақ Қырғызстанның Шу облысының Ыстық-ата ауданында орналасқан Кең-Бұлын автожол және Қазақстанның Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Ауқатты автожол екіжақты өткізу пункттерінің мәртебесін «көпжақты халықаралыққа» өзгерту бөлігінде Келісімге қосымшаның
2 және 3-тармақтарына өзгерістер енгізіледі. «Бұл шаралар өз кезегінде Қарасу және Қордай автомобиль өткізу бекеттеріндегі көлік ағынын жеңілдетуге мүмкіндік бере отырып, Қазақстан және Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастың одан әрі дамуын жақсартады. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің тауар айналымына оң әсерін береді», деді Б.Атамқұлов.
Екі ел арасындағы байланысты нығайтуға тигізер әсері мол мәселелер қамтылған бұл заң жобасын да депутаттар бірауыздан қолдап, мақұлдады.
Сондай-ақ отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.