Ең қысқа әңгіме • 05 Қараша, 2019

Ең қысқа әңгіме. Қарлығаш Исина

655 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Қарлығаш Исина

                                                                                     Инабат                                     
(болған оқиға желісімен)

Гүлдесте бүгін алабөтен мазасыз. Тоқыма станоктары пойыздың ышқына орнынан қозғалып,  кейін жеңіл қалыпқа түскені тәрізді сағаттайын сыртылмен толассыз жүйткуде. Жүйкесінде тыным жоқ бойшаң әйел   кемпірқосақтың сан алуан түстерін - арба жіптерді  бірде жұптап, бірде тобымен тез-тез жіберіп әлек. «Тек миыма зақым келмесін, ойсоққы болып кетермін» деген ойдан селк ете қалып, іле-шала «Иә Аллам, барлық ой-санам ақылға байланып, жүрекке салмақ түсірмесін» деп күбірледі. Өзінің дәл қазіргі қимыл-қарекетін өзі пайымдай алатынын білу үшін сергектене түсіп, айналасын бір шолып өтті. Қалың ойдан шаршаған шоқ-шоқ кірпігі лезде қайтадан төмен түсті. Фабрикада жұмыс істегеніне он екі жылдан асыпты. Қасына жүгіріп құрбысы Ұнзила келді:

«Гүлдесте,  бүгін еңбек ардагерлерін марапаттайды дейді. Саған үлкен сыйлық беретін көрінеді». Гүлдесте қырықтан мол асқан шағында тұрмыс құрудың тым қажетті ділгір зат екенін түсінген кезі. Жаратылысқа жағатын мықты марапат сол болар еді-ау!!!

...Алып ұшып сенбі күні Түлкібас маңындағы  жалғыз бауырына аттанды. Мұнда өйткені Инабат бар, алпыс екі тамыры иіп осы қызды ұзақ тұрды құшақтап. Шетінен еңбекқор үй ішіндегі жеті баланың сүт кенжесі тіптен қағылез, алабөтен сұңғыла. Инабат әпкесіне сонша мейірім арнап, әнтек қана жеңінен тартты. Сұрғылт көкті көрсетіп, бір күлімсіреп қойды - онысы: жауын төксе де, төбеге кетейік дегені.  Екеуара ең түсінікті емеурін. Бесін ауған шақта екеуі қыр асып, саңырауқұлақ теруге тауға шықты. «Ау, Гүлдестемісің, қарағым, өткенде айтқаным ойыңда жүр ме? Соқыр болсам да, құдай көзді көкірегіме жаратқан, кімге кім лайықты жұп боларын біліп отырам. Анау  Толықбайдың Көксегеніне айттым сен туралы, өзі он қолы оймақ, дәнекерші, ауылдың бүкіл көлігін де сол жөндейді» - көрші шалдың ауладан шыға берісте көріп қалып айтқан әңгімесі бойына   қанат бітіргендей шуу етіп ұша жөнелді. Ұялғаны да бар.

«Қарашы, дәу мама, бұлттар да доп сияқты домалайды екен!» - Инабат шынында да шөмеледей боп ту сыртынан етекке жөңкілген, тұманнан түйілген түйдек-түйдек бұлттарға қарап мәз. Бойына бірден зорайып  үрей кірген әйел Инабатты тас қып бауырына қысты. Екі себетке толы саңырауқұлаққа үрке қарап отырып, қою тұманда жәрдемші болар телефонын тастап кеткеніне өкінді. Қай жотадан түсіп, қай белестің беткейінде екенін түйсікпен болжағысы келді. Ымырт үйірілген. «Айтпақшы, күншығысқа қарап тұрсаң, арқа тұсың - батыс, оң қолың - оңтүстік, сол қолың - солтүстік. Қай жерде де - компас» -Инабат мұның ойын аңғарғандай аңқылдап, мұғалімнен үйренгенін айтып отыр, әзірше алаңсыз қалыпта. Тек қатты  тоңғанын білдіріп, әпкесінің қымтап ораған күйінде бүрісе түсті. Енді әйелдің үстінде тек  жеңіл жейдесі қалды. Күртешесі, шарфы, шұлығына дейін қалақтай кішкенеге жапсырып жатыр. Аузында бір сөз - «Иә, Жаратушым, жарылқа, адастырма, құтқара гөр балапанымды!!!» Санасы сан-саққа кетті, «жай отырмайық, жан бөпем, санамақ ойнайықшы» - сергек отыруға үндегені әлсіздеу, бәлкім, сенімсіз  шықты. Сөйтсе де елгезек кішкене қыз лезде іліп әкетті: «бір дегенім-білеу, екі дегенім-егеу, үш дегенім-үскі, төрт дегенім - төстік, бес дегенім - бесік, алты дегенім - асық, жеті дегенім-желке, сегіз дегенім - серке, тоғыз дегенім - торқа, он дегенім-оймақ, он бір - қара жұмбақ». Қа-ра-а жұм-ба-а-ақ... неге екені белгісіз, соңғы сөзді соза қайталады. Сөйтті де қаршадай қыз өзінен-өзі «қорықпаймын ғой»-деді сыбырлап. Селк етіп оянған әйел оң қабырғасындағы титтей тірі жанның ұйқы арасындағы сандырағын естіді: «менің әкешімнің атын Нұрқанат деп, ал  үлкен ағамды Нұржанат деп маған ұқсатып қойыпты иә?». Жасы үлкендерді өзінен кейін қойған қатесін үздік бүлдіршін  бірінші рет білген жоқ.  Талықсып барып шыққан тағы бір сөзі өлі тыныштықты бұзды: «Дәу мамама бала бере гөр» - бұл төрт жасынан бері түн баласында күбірлейтін  жалғыз дұғасы еді...

Құшақтасып отырған қос мұңлыққа ұзақ нөсерден соң аспан-шатыр,  жер-төсеніш кейіпте. Кенет қалың түнекті шұғыла жарық шайып өткендей болды:  кішкене алақанда  бір түп бәйшешек солмаған күйі ағараңдап көрінді...

Қарлығаш Исина