Экономика • 15 Қараша, 2019

Мұғалімдерді қолдауға қомақты қаржы бөлінеді

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының Құқықтық кеңес мүшелері педагог мәртебесін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Кеңейтілген отырысқа жетекші партияның басшылары, ұстаздар қауымы мен уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Мұғалімдерді қолдауға қомақты қаржы бөлінеді

Nur Otan партиясы Төр­ағасының бірінші орын­басары Бауыржан Байбек тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен елімізде 2000-ға жуық жаңа мектеп және 900 балабақша ашыл­ғанын атап өтті.

Апатты жағдайдағы мектептер саны соңғы 5 жылда 4 есеге азайды. Мұғалімдердің жалақысы 1997 жылдан бері 17 есеге өскен. Елбасының тап­сыр­масымен әрбір қазақ­стандық отбасыға қатысы бар «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленді.

«Қазір білім беру саласын­да жарты миллионнан астам қа­зақ­стандық жұмыс істейді. Олардың 81%-ы әйел­дер. Тамыз конференциясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мұғалім мәртебесі биік деңгейге көтерілу керек деп атап өтті. Жыл сайын дипломды мамандардың саны артқанымен, педагогтарға деген сұраныс азаймай отыр. Педагог мамандардың 35%-ы басқа салаға кетіп қалады. Білікті мұғалімдерді мектептерге, әсіресе ауылдық жерлерге тарту механизмі мардымды жұмыс істемей тұр. Бұл шешуге тиісті мәселе­лердің бір бөлігі ғана», деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу үшін ғалымдар, мұғалімдер, заңгерлер, депу­тат­тар және білім саласы кәсіп­одақтарының өкілдері­нен құралған жұмыс тобы жа­сақ­талған. Жыл бойы елі­міз­де көптеген кездесу өт­кі­зілді, 8600-ден аса ұсыныс түсті.

«Партия мүшелерінің 30%-ы – педагогтар, сондықтан Nur Otan заң жобасының әзірлену барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Педагог құқығын кеңейту және оның әлеуметтік мәртебесін жақсарту мәселесі бар. Әңгіме, бәрінен бұрын, мұғалімдерді материалдық тұрғыдан және басқа да ын­талан­дыру жағдайларын ту­ғызу, қажетсіз тексерулерден арылтып, шығармашыл және нәтижелі жұмыс істеуге жағдай жасау туралы болып отыр. Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан заң жобасы бойынша таяу 5 жылда жал­ақыны өсіру, ұстаздық ше­бер­лік пен сынып жетек­шілігі үшін үстемеақы қосу, еңбек демалысы мен басқа да ынталандыруларды қам­титын 5,2 триллион теңге бөлінеді деп мөлшерленуде. Мұның барлығы Елбасы мен Президент саясатының сабақ­тастығының нәтижесі», деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Партия Төрағасының бі­рін­ші орынбасары Мәжі­ліс­тегі Nur Otan партиясы фрак­циясы депутаттарының және жұмыс тобының заң жобасын талқылау қорытындысы бойынша қосымша ұсыныстар енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ оқу жүктемесін 16 сағатқа төмендету, жер телімдерін бө­лу және «Қазақстанның ең­­бек сіңірген ұстазы» дәре­же­­сі­не ие болғандарға бір жол­ғы 2000 АЕК көлемін­дегі төлем төлеу және Пре­­зи­дент­тік олимпиа­далар, респуб­ли­калық және ха­лық­­ара­лық жарыстар­дың жүл­дегерлерін дайын­дағандары үшін 3 айлық жалақы беру туралы ұсыныс айтылды.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа заң жобасында педагог құқығын қорғау турасындағы 10 жаңа ұстаным қарастырылғанын ха­барлады. Мұғалімдердің са­па­лық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі бар­­ларға 10 АЕК көлемінде үс­те­ме, балабақшаларда ең ал­ды­мен орын бөлу және бас­қа да әлеуметтік көмектер қарас­тырылмақ.

Отырыс барысында Шым­кент­тегі №1 мектеп-гимна­зия­сы­ның биология пәнінің мұғалімі Али­на Соловьёва өз ойын жет­кізді.

«Мен қарапайым мектеп мұға­лімімін. Ата-ана­лар­д­ың бізден нені күте­тінін білемін. Кез келген ата-ана оның баласына түсі­ністікпен қарап, жақсы көр­генімізді қалайды. Қоғам мұғалімдердің есеп берумен айналыспай, балаларға дұрыс мән бергенін жақсы көреді. Мұғалімдерді олимпиадада орын алған оқушылары үшін марапаттау жайына келсек, «Дарын», НЗМ сияқты дарынды балалар оқитын мектептердің бар екенін ескере кеткен жөн. Ал менің жай мектебімнің өзінде 143 жеңім­пазым бар. Мақтанайын деп тұрған жоқпын, бірақ осыларды дәрежелерге бөлу керек сияқты. Кімнің оқушысы жүйелі түрде жеңімпаз болып жүрсе, соларды марапаттау керек», деді ол.

Бауыржан Байбек мұға­лімнің ұсынысын қолдады. Оның айтуы бойынша, осы тектес мек­теп­тердің арасында саралауды енгізу қажет.