Кино • 11 Желтоқсан, 2019

Ғасыр шежіресін таспалаған «Қазақтелефильм» студиясына – 50 жыл

502 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ғасыр шежіресін таспалаған «Қазақтелефильм» студиясына – 50 жыл

Алматы телестудиясының құрамын­дағы телеоператорлар мен телережиссерлер алпысын­шы жылдардың басында-ақ өздеріне бейтаныс деректі фильм жасау ісін табандылықпен қол­ға алды. 1958 жылы республи­када кинотүсірілім небәрі 1,3 сағат болса, ол 1968 ж. 356 сағатқа дейін өсті. Сол кезеңде хро­ни­калық сюжеттер 16-мм ки­но­үл­діріктерге түсірілетін. Те­ле­хроника түсіретін техника қолға 1967 жылы ғана тидi. Ен­дi негативтi үлдірік арқылы тү­сiрiп келген көрiнiстердi асық­пай көрсетуге қол жеттi. Сол арқылы толыққанды теле­фильм­дер түсiрiле бастады. Қа­зақ телевизиясының жылдық қуаты екi жүз толық метражды телефильм түсiруге жеттi. Бұл республиканың барлық аймақтарын қамтып, еңбек адамдары мен өнер қайраткерлерiнiң жарқын iстерiн көрсету жолы едi.

Алғашында деректі фильм жасау жұмысын телестудияның әдеби-драмалық хабарлар редакциясы жанынан телефильм жасайтын бөлім атқарса, кейін бұл жұмысты 1967 жылы ҚазССР Мемлекеттік телевидение жә­не ра­диохабарларын тарату ко­ми­тетіне бағыныштағы «Қа­зақтелефильм» сту­дия­сы атқарды. 1968 жылы «Қазақ­те­ле­­фильм» студиясы­ның құ­ры­лымында екі шығар­машылық бірлестік құрылды. «Хроника» шығармашылық бірлестігі теле­визияның барлық редакция­ла­рына 16 мм киноүлдірікке күн­делікті түсірілімдер жасау­мен айналысты. Ал «Шығар­машы» бірлестігі кино мен кон­церттік бағдарламалар тү­сіру ісімен шұғылданды. Ол төрт шығармашылық сала бойын­ша кинотуындылар жасады: деректі телефильм, көркем жә­не мульт­фильмдер, театр­ды экрандау; киноконцерттік бағ­­дар­ламалар жасау. 1967 жылы «Қазақтелефильм» студия­сы­­ның бас редакторы болып Т.Мәт­кәрімов, бөлім редакторы Б.Ғабитов-Жансүгіров, фильм жасаудағы жетекші мамандар О.Дүйімбаев, Б.Теткин,Т.Ибраев, Қ.Ахметов, кинооператорлар Г.Смирнов, А.Федулов, Ю.Дубровин бекітілді. Ре­дакциялық бөлім өз жұмысын алдымен деректі туындылар жасаудан бастады. Б.Ғабитов-Жансүгіровтің авторлығымен «Мен – Қазақстан» деп аталатын деректі екі сериялы тұңғыш фильмді режиссер Б.Теткин тү­сірді. Мұнан кейін көркем фильмдер мен концерттік кинотуындылар жасау жұмыстары студияда жүйелі түрде жолға қойылды.

1969 жылдың 3 қара­шасында ҚазССР Мемлекеттік телевидение және радиохабар­ларын тарату комитетінің арнайы бұйрығымен «Қазақ­телефильм» студиясы өз алды­на жеке шаңырақ көтерді. Оған жылына 327 сағаттық өнiм шыға­ратын техникалық жабдық алынды. Ол шақта негатив лента өте қат және қымбат болатын. Оны Орталықтан алып келуге сол кезеңдегі комитет төрағасы, медиа­өндірістің көреген әрі ба­тыл ұйымдастырушысы Кен­жеболат Шалабаев бар беделiн салатын. Сол кезеңде студия мамандары даярлаған Кенен Әзiрбаев туралы телефильм көрер­меннің есiн­де қалды. Фильм­де 80 жасқа толған қарт жы­рау­дың ауылдағы өмi­рi кеңi­нен қамтылды. Теле­фильм­нiң сценарийiн белгiлi әдебиет­танушы М.Қаратаев жазды. «Мың жолдар түйiскен тү­бек» атты деректi телефильм Маң­ғыс­таудағы мол мұнай көздерiн игеруге арналды.

1970 жылдары «Қазақтеле­фильм» құра­мында 300-дей қа­білетті, талантты телесце­нарийстер, телережиссерлер, телеоператорлар, монтаждаушылар қызмет істеді. Студия ширек ғасыр мерзім ішінде 3 000-ға тарта түрлі бағыттағы фильм­дерді шығарды. «Қазақ­­телефильм» шығарған кинотаспалар теле­визиялық фильм­дердің Бүкіл­одақтық фес­­тивальдарында әлде­неше рет жүлделі орындарға ие болды. «Сынақ» фильмінің автор­­­ларына (сценарийін жаз­ған Ғ.Шалахметов, реж. М.Голдовская) Бүкілодақтық комсомол сыйлығы берілді. Өнді­рісті білгірлікпен ұйым­дас­тыру, мамандардың әр­бірінің тех­никалық және шы­ғармашылық бағыттағы қа­білет-қарымының молдығы, нәти­жесінде «Қазақтелефильм» одақтас студиялар арасында РСФСР мен Украинадан кейінгі үштікке мықтап табан тіреді.

Кеңес өкіметі жылдарын­да республика­мыздың қарыштап өсу жолын баяндайтын «Қазақ­телефильм» жасаған «Менің – Қазақстаным» атты 10 сериялы деректі фильм 1969 жылы Ленинградта өткен теле­фильм­дердің Бүкілодақтық ІІІ фестивалінде диплом ал­ғаны фильм жасаушылар шебер­ліктерінің өскендігін паш ет­ті. «Менің Қазақстаным» – «Қазақ­телефильм» студия­сы­ның көпсериялы ал­ғашқы ұлттық деректі теле­фильмі. Мұнда республиканың барлық облыстары қамтылып, материал ең алдыңғы салалардан жинақталды. Жаз айында бірнеше кинотоп белгіленген нысандарға аттанды. Құрамын­да режиссер Б.Ғабитов-Жансү­гіров, операторлар Ю.Кулик пен А.Коптев Алматы  – Тал­дықорған – Өскемен – Семей – Павлодар – Омбы бағытына сапарға шықса, батыс аймақ Маңғышлақ – Гурьев – Орал – Қызылорда бағытына сценарийст А.Ботпаев бастаған топ, режиссер Ә.Дүйімбаев, оператор Ю.Монашев аттанды. Оңтүстік аймақ Алматы – Жамбыл – Шымкент бағытына режиссер Қ.Ахметов пен оператор Ю.Дубровин сапарға шықты. Режиссер Т.Ыбыраев пен оператор В.Покладов бас­таған топ Орталық Қазақтан өңірі – Жезқазған – Қарағанды – Целиноград – Көкшетау бағы­тына бет алды. Аса ауқымды мемлекет жыл­намасы есебіндегі ірі жоба К.Шалабаевтың батыл­ды­ғы арқасында жүзеге асты. «Қазақ­телефильм» студия­сының деректі ленталары «Ертіс бойымен», «Тас-таулар құйылысында», «Кіріспе», «Гүлдер мен мұ­най», «Менің Сыр-Дариям», «Оң­түстік жұлдыздары», «Ескі керуен жолымен» картиналары сыншылар назарына ілініп, көрермендер тарапынан жылы қабылданды. Бұл Қазақстан теледокументалистикасының биік шыңы болатын. Әрі ол қазақ телестудия­сы үшін одақ­тық және халықаралық экранға тыңнан жол салды.

«Қазақтелефильм» студиясы – республика өмірінің ты­ныс-тіршілігін, ондағы жаңа­рған өлкені, тамаша адамдарын, өндіріс ошақтарын кө­рермендерге таныстыруда аса ауқымды жұмыстар атқарды. Кинотаспамен жұмыс істеген студия өнімінің дені деректі фильмдер болғанымен, студияда көркемсуретті және муль­типликациялық кинотаспа да түсірілді. «Қазақтелефильм» хроникалық-документтік, ғы­лыми-көпшілік, көркем-сауықтық, муль­типликациялық фильмдер түсіріп, музыкалық киноконцерттер жасады. Сондай-ақ Орта­лық және республикалық телевизия бағдарла­маларында көрсету үшін хроникалық-деректік сюжеттер мен әртүрлі хабарларды киноүлдірікке түсіріп, әзірледі. Жыл сайын 30 шақты фильм түсірілді. «Қазақтелефильм» киноленталары телевизиялық фильмдердің Бүкілодақтық фес­тивальдарында бірнеше рет жүлдеге («Ең қуанышты күн», сценарийін жазған С.Морозов, реж. А.Лаптев, 1979; «Рекламация», сценарийін жазған С.Мулин, реж. Ю.Дубровин, 1979; «Мұғалім», сценарийін жазған П.Бортник, реж. Н.Әлпиев, 1982; «Домбыра шегі», сценарийін жазған С.Морозов, 1983) ие болды.

Сол бір алғашқы кезеңнің студиядағы күнделікті қар­баласқа толы өмір картиналары да дәл бүгінгідей көз алдымда. Студия бой көтерген орында бұрын автобаза кәсіпорны болған. Жаңа, жас ұжым жылдар сілемінде мотор майлары сіңген және тозығы жеткен техникалардың қоқысын тазартып алған соң, білекті түрініп, ескі ғимаратты қайта бұзып, кейбір жерлерін қайта жөндеп, сырттан көмек күтпей-ақ аз уақыттың ішінде, бір қабатты ғимарат тұрғызды. Бір топ күн-түн, қыс-жаз демей кино-телехроника түсірсе, өзгелері болашақ студияның ғимаратын тұрғызып жатты. Құрылыс жұмысын таспалаған кадрлар күні бүгінге дейін студия операторы В.Задарновский мұрағатында сақтаулы. Не деген энтузиазм, өмірге, еңбекке деген құштарлық. Аз мер­зімде алуан ұлттың өкілдері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» салған, талай баға жеткісіз дүниелерді өмірге әкеліп, болашаққа мұра етіп қалдырған қымбат орда 90-жылдардың орта тұсында әлдекімдердің жемсауына жұтылды. Ол жерге көпқабатты үй тұрғызылды. Ел мен жердің тарихы мен шежіресінен де мықтылардың тоқпағы салмақты болып шықты.

1993 жылы студияны мемлекеттік қар­жыландыру тоқтатылғаннан кейін, фильм түсіру жұмысы да тоқтады. Алайда, студия кинотаспасында республикаға танымал Халық әртістері Р.Жаманова, Ш.Бейсекова, К.Кенжетаев, Ғ.Құрманғалиев т.б. фильм-концерттері жас ұжымның алғашқы қарлы­ғаштары болып өмірге қанат қақты. Бүгінде Мемтелерадиокомитеттің мұрағатында 14 жасында «Ана туралы» әнді шырқаған Р.Рымбаеваның қайталанбайтын кадрлары сақтаулы. 1970 жылдан бастап ойын түріндегі картиналарды түсіру басталды. Алғаш рет экранға шыққан толық метражды «Сенім» фильмінің ізін ала «Кешкі көкжиек», «Құр­­манғазы», «Кездесу», «Оның домбырасының үні ашық» фильмдері де көпшілік көңілінен шықты. Қысқа метражды ленталар да экранға жол тартты. Режиссер А.Лаптев жастар делега­циясының құра­мында Вьетнамда болған сапарында өзінің «Қарлар кеткен шақтарда» атты көркем фильмін экраннан көргендігін айтады. Оған себеп, ол кезде экранға жолдама алған студия өнімі Мәскеуде көбейтіліп, кейін социа­листік елдерге жіберілетін. Режиссер Сон-И-Сон, оператор С.Тәжімұратов екеуі 30-дан ас­там мультфильм – «Бұлақ басындағы оқиға», «Үш дос», «Нашақор мысық», «Күмпиген мақтаншақ», «Сатыл­ған көлеңке» және «Ал­дар көсені» экранға шығарды.

Телестудияның түрлі жанрлар мен тақырып­тардағы дерек­ті ленталары – бүгінде елдің тарихына айналған кезең тынысын, уақыт үнін бүгінге жеткізді.

Кезең тұлғалары атанған өнер адамдарының толыққанды галерея фильм-портреттері өмір­ге келді. Олардың арасында «Қалибек Қуа­ныш­баев», Серке Қожамқұлов туралы «Сер-аға», Елу­бай Өмірзақов жай­лы «Сахнада жарты ға­сыр», Қапан Бадыров туралы «Бәрі өзімдікі», Сә­бира Майқанова өмірінен «Талант сыйы», Камал Қармысов хақында «Оның мамандығы – актер», Әзірбайжан Мәмбетов туралы «Режис­сер», Әмина Өмірзақова жайлы «Әмина» т.б. өш­пес туындылар бар. «Қазақтелефильм» ала­ңында танымал режиссерлер мен операторлар­ С.Қожықов, Г.Емельянов, А.Нұғыманов, М.Ай­манов, Е.Болысбаев, А.Нилов, Р.Сабиров т.б. із­де­рі күні бүгін де сайрап жатыр. 80-жылдардың со­ңын­да студияға бір топ талантты жастар Т.Ах­метов, Б.Иманбаев, А.Қарабаев, Қ.Омаров т.б. кез­ең тынысымен үндес картиналарды өмір­ге әкел­ді.

Жарты ғасыр. Студияның іргетасын қалап, шаңырағын көтеріп, уығын қалаған аға топтың көпшілігі, оның ішінде басшылық құрамдағы тұлғалар – Т.Мәткәрімов, Қ.Ахметов, К.Танаев, М.Рахманбердиев, Ә.Жақсыбеков өмірден ерте өтті. Ұлты бөлек, кәсіби мамандар шетел асты. Ал биыл отандық деректі фильм бастауында тұрған Ескендір Тынышпаевқа 110 жыл толса, режиссура алыптары Әсман Дүйімбаев, Тұраш Ибраев 90, Кәрім Танаев, Николай Велитченко сынды тарландар тірі болғанда 80 жылдығын атап өтер еді...

«Көзден кетсе, көңілден кетеді» демекші, соңында іздеушісі жоқ, ұмыт бола бастаған ұжым жайлы ардагерлер Сұлтан Оразәлі, Ғаділбек Шалахметов іс-шараны өз деңгейінде өткізуге атсалысты. Бұл өмірлерінде өрнекті із қалдырған тұлғаларға деген тағзым, игілікті іс болды. Қашанда өткенді еске алып, тірілерін тіршіліктерінде ардақтап, құрмет көрсеткенге не жетсін...

 

Құдайберген ТҰРСЫН,

телетанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор