Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерлемесі 1,5 есе 42500 теңгеге дейін өсті. Осы жылдың 1 маусымынан бастап шамамен 1,5 млрд азаматтық қызметшінің жалақысын көтеруге 300 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды. Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысы 32,5%-ға өсті.
«Келесі жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 500 мың мұғалімнің жалақысы 25%-ға артады. Сондай-ақ 34 мың мәдениет, өнер және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға, 215 мың дәрігерге 30%-ға және медбикелерге 20%-ға, 25 мың әлеуметтік қызметкерлерге орта есеппен 30%-ға көтеріледі деп күтілуде» деді Б. Сапарбаев.
Оның айтуынша, биыл қазақстандықтарды борыш жүктемесін азайту мәселесі толғандырды. Аталған шарамен 565 мыңға жуық қазақстандық қамтылды. Ол үшін бюджеттен 115 млрд теңге бөлінді.
«Сондай-ақ айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару туралы тапсырма берілді. Бұл шарамен 33,6 млрд тг сомасына шамамен 1,2 млн отандасымыз қамтылды. Биыл бюджетте ақша қарастырылған. Біз әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын одан әрі көтеруді жоспарлап отырмыз» деді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары.
2,2 млн қазақстандықтың зейнетақысы 7%-ға, мемлекеттік жәрдемақы 5%-ға индексацияланады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан үш әлеуметтік төлем түрі бойынша 132 мың алушы үшін жәрдемақы кемінде 30%-ға өседі.