Тарих • 17 Наурыз, 2020

Сарайшықтың 1741 жылғы жоспары табылды

1789 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының «Архив-2025» жобасы аясында 2019 жылы Мәскеу қаласына жасаған археографиялық іссапары барысында Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен Сарайшық қалашығының түпнұсқалық топографиялық жоспары табылды. Бұрын-соңды жарық көрмеген және зерттеушілер назарынан тыс қалған құжат «План городу Сарайчик в Яика Гурьев городка в верх по реке Яик верстах в 60 снят прошлого 741 году» деп аталады.

Сарайшықтың 1741 жылғы жоспары табылды

Жоспардың масштабы 50 сажен (1 сажен – 2,16 м), бетіндегі мәтіндер XVIII ға­сырдың алғашқы жартысындағы шапшаң жазу үлгісімен берілген. Авторы белгісіз, алайда құжаттағы «Инженеру капитан Петру Кутузов» деген жазуға қарағанда, сызба сол кезеңде Астрахань инженерлік департаментін басқарған инженер-капитан Петр Кутузовқа жол­данған болуы керек.

Біздің ойымызша жоспар ортаға­сырлық Сарайшық қалашығының жанынан бекініс қамал салу үшін жасалған.Себебі Орынбор комиссиясын басқарған В.Татищевтің Жайық (Оралдан) қала­шығынан төмен аумақты қорғау мақса­тында қамалдар мен бекіністер салып, оған Қазан әскери полкі мен алексеевтік және самарлық дворяндарды тарту туралы жобасы 1739 жылдың бас кезінде Петербургте мақұлданған болатын. Осы­ған орай жоспар аталған жоба аясында жасалуы мүмкін деп есептейміз.

Құжат Сарайшық құландысы жөнін­де осы кезеңге дейін табылған топо­гра­фиялық сызбалардың ішіндегі ең ескісі болып табылады. Осы тұста атал­ған архив қорынан 2014 жылы топограф А.Е.Алексеев сызған Сарайшықтың 1861 жылғы жоспары да табылғанын айта кет­кен жөн.

Жоспарда Жайық және Сарачинка өзендерінің ортасында орналасып, сырт­­қы және ішкі бекініс қамалдардан тұратын ортағасырлық Сарайшық қала­шығы мен оның төңірегі көрініс тапқан. Ішкі бекініс қалашықтың оңтүстік батысында орналасып, жоспарда ол жер «кремль» деп көрсетілсе, сыртқы бекініс «белогород» деп жазылған.

Кремльдің өлшемі солтүстік батысы мен оңтүстік шығысы 195 (421,2 м), ал оңтүс­тік батысы мен солтүстік шы­ғыс ара­лығы 109 саженді (235,4 м) құ­райды. Жал­пы көрінісін қарасақ, оның Жайық жақ қабырғалары қалың және дуалы биік болғанын байқауға болады. Топограф А.Алексеевтің жоспарында ол аумақ «цита­дель» деп аталып, ұзын­дығы 200 (432 м), ені 100 (216 м) саженге жеткен. Көріп тұрғанымыздай, екі жоспардағы «кремль» мен «цита­дельдің» өлшемдері 5-10 сажен болатын айырмашылығын есептемегенде, жалпы аумағы бір-біріне ұқсас келеді.

«Белогородтың» өлшемі солтүстігі мен оңтүстігінің арасы 621 (1341,3 м), ба­ты­сы мен шығысы 501 сажен (1082,1 м). Алексеевтің сызбасында қалашықтың жалпы ұзындығы 1 верст 100, ені 1 верст 50 сажен. Егер ХІХ ғасырда 1 верст 500 саженді құрайтындығын ескерсек, екі жоспардың өлшемдері бір-біріне шамалас келеді.

Қалашықтың жалпы аумағы Сара­чинка өзенінен басталып, солтүс­тік­тегі Жайыққа қарай жалғаса отырып, кремльдің жоғары жағымен тұйық­талады. Өкінішке қарай жоспарда кремльдің астыңғы бөлігі мен Сарачинка өзені арасындағы аумақ жыртылып жойылған. Сол себепті кремль мен сырт­қы қамал арасында дуалдың болғанын немесе болмағанын анықтай алмадық. Егер Алексеевтің жоспарына қарасақ, бұл аумақ бір-біріне қосылмай, ашық күйінде қалған. Осыған орай кремль мен Сарачинка өзені арасында ор мен дуал болмаған деп тұжырымдаймыз.

Жоспардағы «Белогород» атауы қай­дан шықты деген сұраққа тоқталсақ, біздің ойымызша ол қиранды аумағында шашылып жатқан ақ бор тастарға байланысты болса керек. Сондай-ақ қалашық­та қызыл кірпіштерді қиыстыру барысында ортасына әктасты (известь) молынан пайдаланған. Осындай мәліметтерді И.Гербер мен А.Алексеевтің жазбаларынан кездестіреміз.

Құжаттағы соңғы бір өлшемдер қала­шық пен оның екі жағындағы өзендер арасында жасалған. Сарачинкамен қашықтық кремльдің оңтүстік батысы мен оңтүстік бұрыштарынан алынып, алғашқысы 800 (1728 м) саженді көрсетсе, оңтүстігіндегі өлшем жоспар­да жыртылып түсіп қалуына байланыс­ты анықталмады. Қалашық пен Жа­йық арасы да екі бағытта жүргізіліп, өзен жағасы шығысында 100 (216 м), солтүстік шығысында 190 (410,4 м) сажен қашықтықта болған.

Осы тұста өлшемдер неге екі жақта және тек екі жерден ғана жасалды деген сұрақ туындайды. Біздің ойымызша олар ескі керуен жолдардың ізімен алынған. Мысалы, өткен жылы Сарайшыққа жа­сал­ған қазба барысында астраханьдық археолог В. Плахов кремльдің жоғары, яғни солтүстік жағынан қамал мен қақ­паның орнын тапты. Осыған орай Сарачинка өзеніне дейінгі 800 сажен болатын жер Сарайшықтан жоғары қарай Нарын арқылы Сарай Батуға кететін жолдың ізімен алынуы мүмкін. Ал кремль­дің төменгі, оңтүстік бөлігіне келсек, А. Левшин бұл бағытта қамалға апаратын басты жолды көрген.

Жайық беттегі өлшемдер жаңа қа­мал­ды салу мақсатында жасалған болса керек. Соның ішінде 190 сажен болатын солтүстік шығысы, Сарайшықтан Хиуаға қарай шығатын ескі керуен жолының ізімен алынған деп тұжырымдаймыз. Себебі 1732 жылы Сарайшықтың үсті­мен Хиуаға қарай сауда керуенімен жолға шыққан патша офицері И. Гербер Жайық өзені қалашықтан 0,4 верст қашықтықта болғандығы жөнінде жазады. Осы жерде мына жайтты айта кеткен жөн. Гербердің сапарынан 9 жылдан кейін жасалған осы жоспарды көрген соң, біз офицердің 1902 жылы Санкт-Петербургте неміс тілінде жарық көрген қолжазбасында техникалық қателік кеткендігін анықтадық. Кітаптың аудармасында Жайық Сарайшық қала­шығының шығысында 4 верст жерде ағып жатыр деп жазылған еді. Сондықтан да патша офицерінің қолжазбасын 170 жылдан кейін басып шығару барысында 0 санының орнына О әрпі, яғни «шығыс» белгісі қателесіп басылып кеткен деп есептейміз. Себебі Гербердің жазбасында компастың латын тіліндегі бас әріптерімен көрсетілген бағыттары жиі кездеседі. Әйтпесе небәрі 9 жылдың ішінде Жайық 4 шақырым қашықтықтан 400 метр жерге дейін арнасын өзгертуі мүмкін емес еді. Сондай-ақ спутниктік түсірілімдерді қарағанда Жайықтың осы бағыттағы ескі арналары 4 шақырымға жетпейтіндігіне көз жеткіздік.

Сарайшық қамалы шамамен алғанда XVIII ғасырдың 40-жылдарының со­ңында қалашық қирандысының жанынан пайда болды. 1769 жылы қалашықта болған академик П. Паллас, қамал ескі қалашық орнының шығыс жағында салынды дейді. Бұл жерде ғалым қамалдың салыну бағытын шамамен айтқанға ұқсайды. Себебі 1784 жылғы Сарайшық қамалының топографиялық сипаттамасында, ол Жайықтан 95 сажен қашықтықта орналасып, ұзындығы 40, ені 32 саженге жеткендігі көрсетілген. Осыған қарағанда қамал қалашық қи­ран­дысының солтүстік шығысындағы Жайықпен арадағы 190 сажен болатын аумақта салынған. Бұл ойымызды Алексеевтің жоспары да дәлелдейді.

Жоспарда өзенмен қатар, қалашық­тың батыс және оңтүстік бөлігінде атауы жазылмаған екі көл белгіленген. Оның біріншісі дөңгелек пішінде болса, екіншісі сопақша тәрізді келген. Гербер Сарайшықты 3 бөлікке бөлінген, қирандылары әлі де көрінетін үлкен жер деп сипаттауына қарағанда, ол алғаш­қысы ретінде Сарачинка өзені мен кремль аралығындағы жерді айтқан. Сондай-ақ ол қалашық маңында ба­йыр­ғы тұрғындар қазған, айналасына тал өскен каналдарды көреді. Паллас қалашық аумағында құрғақ ор бар екендігін жазғанымен де, оның нақты қай аумақта болғандығын ашып көрсетпейді. Алексеевтің жоспарындағы «Хан жайылмасы» деп аталған көл қала ішінде орналасқан. Жергілікті жердегі аңыз бойынша ол «Секер көл» деп аталған. Осыған орай жоғарыдағы екі көлдің ішінен сопақшасы Гербер айтқан каналға ұқсаса, дөңгелек пішінді көлге қатысты дерек әзірге табылмады.

Зерттеуіміздің соңында жоспарды Сарайшық аумағының спутниктік түсірілімімен салыстырдық. Оның барысында қалашықтың көпшілік бөлігінің сақталғандығын көруге болады. Егер Алексеевтің жоспарымен салыстырып қарайтын болсақ, жалпы қалашық аумағының пішімдерінде кішігірім өзге­ше­ліктерді есептемегенде, жалпы ұқсас­тық байқалады. Ең бастысы, екі жос­пардағы «кремль» мен «цитадель» Жайық суынан аман қалған.

Алексеевтің 120 жылдан кейін сызыл­ған жоспарындағы өзгерістерге, қалашық жанында XVIII ғасырдың орта­сында бой көтерген қамалдың да әсері тиді. Өйткені XVII ғасырда басталған Гурьев қаласын салу үшін қалашықтың тасын құрылыс материалы ретінде пайдалану үрдісі, 100 жылдан соң Сарайшық қамалының тұрғы­зылуымен одан әрі жалғасты. ХІХ ғасырда қамалдың көлемі өсіп, тұрғын үйлер ескі Сарайшықтың үстіне салына бастады. Мұның өзі қалашықтың XVIII ғасырдағы келбетінің өзгеруіне әсер етті. Қорыта келгенде, жоспарға қатысты төмендегідей ой тұжырымдауға болады.

Орта ғасырларда Сарайшық арқылы өтіп Еуропа мен Орталық Азияны сая­си, мәдени, экономикалық тұрғыдан бай­ланыстырған керуен жолы, XVIII ға­сыр­дың І жартысында Ресей империя­сы­ның қазақ даласы мен Хиуа, Бұқара хан­дықтарына қатысты жүргізген саясаты барысында стратегиялық маңызға ие болды. Осының нәтижесінде пайда болған Сарайшықтың жоспары қа­ла­шықт­ы зерттеу үшін емес, оның жанынан бекініс қамал салу мақсатында жасалып, саяси мақсат-мүдделерді көздеді. Дей тұрғанмен, жоспар қазіргі уақытта XVIII ғасырдың 40-жылдарындағы Са­рай­шықтың тарихи топографиясын танып-білуде таптырмас құнды дереккөз бо­­лып табылатындығын айта кеткен жөн.

 

Мұхамбетқали КИПИЕВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы