Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурыз күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлық шығарды. Мемлекет басшысының Жарлығында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейінгі аралықты қамтитын кезеңде қандай шаралар жүзеге асырылатыны жан-жақты көрсетілген.
Кеше Мемлекет басшысы халыққа жолдаған Үндеуінде әлемде қалыптасқан күрделі ахуалға, яғни коронавирустың таралуына қатысты елімізде төтенше жағдай енгізілгенін, ондай шешімнің бүкіл халықтың денсаулығы үшін қабылданғанын жеткізді. Сондай-ақ Президент татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болатынын айтты.
Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл сөз бар. Сондықтан қатерлі аурудың алдын алып, оның кең етек алып кетуіне жол бермеу үшін бәріміз жұмыла күрессек, алынбайтын асу болмайды. Президенттің елімізде төтенше жағдай енгізу туралы осы шұғыл шешімін мемлекетіміз бен халқымыздың тағдырын ойлайтын әрбір азамат қолдайтыны анық.
Қауіпті вирус қауіпсіздікті нығайтуды талап етеді. Аталған вирусқа қарсы күрестің басты шарттарының бірі – тазалық сақтау. Жолаушылар тасымалдайтын ұшақтардың ішін, вагондарды және автобустардың ішін зарарсыздандыру шаралары қолға алынып отыр. Бұл өте дұрыс. Өйткені қандай аурудың да вирустары тазалық сақталмаған жерлерде өсіп-өнетіні белгілі. Сондай-ақ кинотеатрлар мен театрлардың залдарын зарарсыздандыру ұдайы жүргізіліп тұруы тиіс. Шынын айту керек, соңғы жылдары аталған қоғамдық-мәдени орындарда осындай тазалық шаралары өз деңгейінде жүргізілмейтінін көріп жүрміз. Мысалы, қазіргі таңда кинотеатрлар үлкен сауда орталықтарында орналасқан. Таза ауамен желдетіп тұратын терезелері жоқ. Күн де түспейді. Желдеткіш шахталары арқылы ауаны тазартқанымен, ол жеткіліксіз. Бүгінде қолға алынып жатқан сақтық шаралары осы кезге дейін ескерілмей келген көптеген кемшіліктің бетін ашып, оларды жоюдың жолдарын көрсетіп беретіні анық. Қандай болса да, жұқпалы аурулардың алдын алуға өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Осы орайда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығында қоғамдық тәртіптің сақталуына баса маңыз беріп отыр. Сондай-ақ ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қою, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтату қажеттігін алға тартып, тиісті шаралар қабылдау жөнінде құзырлы органдарға тапсырма берді. Сонымен қатар ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге де тыйым салды. Бұған әрбір қазақстандық азамат түсіністікпен қарап, қатаң іс-шараларды ортақ мүддеміз жолындағы бірлескен күш-жігеріміз деп қабылдауы қажет.
Халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Президент жариялаған төтенше жағдай кезінде барлық іс-шараларды орнымен жүзеге асыра білсек, барлығымыз тәртіпке бағынып, осы іске атсалыссақ, қауіпті вирустың таралуына жол бермейміз.
COVID-19 коронавирус дерті бәрімізді де әрі қарай басқаша өмір сүруге итермелеп отыр. Әр адамның тазалыққа, адалдыққа баса мән беруіне өз әсерін тигізеді. Тамақтану мәдениетін дұрыс қалыптастыруға көмектеседі.
Қазір дүние жүзі тазалыққа бет бұруда. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау», дейді. Тазалық болған жерде адамның денсаулығы да мықты болады. Сондықтан да «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деп бекер айтылмаған. Әрбір адам күнделікті әрекетінде осы жағына көбірек мән беруі керек.
Коронавирус инфекциясына қарсы дүние жүзі елдері бірігіп, іргелі жұмыс атқарып жатыр. Алайда тағы бір ескеретін жайт бар. Әлемнің барлық елдері соғыс қаруларын шығаруға және қажеттілігіне жылына 1,5 трлн доллардай қаражат жұмсап келеді. Ал осы тұста әлемде 1 миллиардтай адам әрбір таңын аштықпен қарсы алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің жаңа баяндамасының деректері бойынша әлемдегі он адамның үшеуі (2,1 миллиард) тұрғылықты жері бойынша қауіпсіз және жеңіл қолжетімді сумен қамтамасыз етілмеген.
Осыған байланысты әлем елдері бірігіп, әр жерде болып жатқан соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатып, қарулануға жұмсалып жатқан қаражатты денсаулық саласына бағыттаса, сондай-ақ ашаршылық жағдайында отырған елдердің халқына гуманитарлық көмек көрсетуге және қатерлі індеттерге қарсы күресуге бөлетін болса, оның нәтижесі ғаламат болар еді. Әрі мұндай жаһандық маңызды бетбұрыстың қай құрлықта орналасқанына қарамастан, қай мемлекетке де тиімді болатыны ақиқат.
Қазір адамдардың өзара қарым-қатынасы өзгере бастаған сияқты. Бір-бірін қолдап, көмек беруге деген ықыластары мен қамқоршылық сезімдері арта түскені байқалады. Бәрінің санасында осы қатерлі ауруға қарсы күресті бірлесіп жүргізу идеясы орнығып отыр. Ғалымдардың пікірінше, коронавирус ауруының таралуы жазға қарай, күн ысыған кезде тоқтайды. Бірақ қорғану шарасын қатаң сақтағанымыз абзал. Елімізде жасалып жатқан жұмыстар, қауіпсіздік шаралары өз нәтижесін береді деп сенемін.
Ерсұлтан Бектұрғанов,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі