Тарих • 17 Наурыз, 2020

Қамзиннің «Алтын Жұлдызы» Қазақстанға қашан қайтарылады?

425 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты тың деректер мен құжаттар бұрынғы кеңестік елдердегі архивтерден табы­лып, толықтырылуда. Алайда, біз батырларымыздың мұрасын толық түгендеп болғанымыз жоқ. Осы орайда сөз қозғағанда Кеңес Одағы­ның Батыры, небәрі 24 жасында майданда мерт болған Қанаш Қамзинге тиесілі мұраның Мәскеуде жатқаны қынжылтпай қоймайды.

Қамзиннің «Алтын Жұлдызы» Қазақстанға қашан қайтарылады?

Қарапайым, елгезек бозбала

Қанаш Қамзиннің балалық шағы әке-шешеден ерте қалуы себепті ауыр жағдайда өткен. Бұлардың отбасында 4 ұл, 4 қыз болған. Қанаш – үйдің ортаншысы, ол ағалары – Мағау мен Мұқанның (екеуі де соғысқа қатысқан) ізін басып, ер жетеді. Ең кенже інісі Шора – жасы кіші болуына орай елде тыл еңбегіне араласқан.

Қанаш Қамзин 1919 жылдың 29 қарашасында қазіргі Ақсу қаласы Жолқұдық ауылында (бұрын Каганович, кейін Ермак ауданы болып аталған) дүние есігін ашады. Әкесі Қамза мен анасы Сағиланың ғұмыры ұзақ болмаған. Қанаштың өмір дерегіне үңілгенде, Павлодардағы «Қазкоммуна» мектебіне 1931 жылы оқуға түсіп, оны 1934 жылы бітіріп шығады. Бұл кезде ағасы Мағау Ермак ауданының Құркөл ауылында ұстаздық қызмет атқарып жүреді. Батырдың келіні, Шора Қамзиннің бәйбішесі Биғайша апайдың әңгімелеуінше, Павлодардағы мектебін аяқтаған соң Қанаш Алматыға жол тартып, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының (ҚазПИ) жанындағы педагогикалық жұмысшылар факультетіне оқуға түседі. Оны 1938 жылы тәмам­дап, ағасының ізімен мұғалімдікті таңдайды. Содан ҚазПИ-дің география факультетінде білім алуын жалғастырады...

Қанаш соғыста батыр атанған соң құрбы-құр­дастары жазып қалдырған естеліктерде оның қандай азамат болғандығы айтылады. Мәселен, 1938-1941 жылдары Қ.Қамзинмен бірге институтта білім алған Зоя Владимировна Кузнецова былай дейді: «Қанаш қарапайым, елгезек бозбала ретінде есімде қалыпты. Ол география ғылымын ерекше жігермен меңгеретін еді, көп оқитын, тынымсыз ізденетін. Оның жүрегі кең еді: жолдастарына кез келген уақытта қол ұшын беруге даяр еді. Қанашты бәрі жақсы көрді».

Жас Қанаштың мұғалім болсам деген арманы орын­далмайды. Ел басына күн туғанын жан-жүрегімен сезінген өжет жас дипломын алып үлгер­местен, соғысқа сұранады. Жас жігіт Алматы қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанады.

 Днестр үшін айқас

Училищеде кадр әзірлеуге қала беруіне болатын мүмкіндік туса да Қ.Қамзин өзі сұранып май­данға аттанды. Тиісті әскери даярлықтан өткен­нен кейін 1943 жылы лейтенант Қанаш Қамзин майданға араласты. Ол 3-ші Украина майданы 52-ші атқыштар дивизиясы 429-шы атқыштар пол­кінің құрамында өз жауынгерлерін соғысқа бастайды.

Германиямен соғыста шешуші шайқастардың бірі Шығыс Еуропадағы Днестр өзені бойында өткен. Нақтылай айтқанда, сұрапыл шайқас өзен жиегіндегі Молдавияның жерінде болды. Бұл алапат ұрыс «Яссы-Кишинев операциясы» атауымен тарихта қалды. Кеңес Одағы құра­мындағы Молдавияны азат ету шайқасы 1944 жылы көктемде басталған. 2-ші Украина май­данының әскерлері Румынияның Яссы қаласының маңайына жетеді. Ал 3-ші Украина майданының жауынгерлері Одесса қаласын фашистерден тазартқаннан кейін Днестр өзенінің сол жағалауына жақындайды. Операция неміс фашистеріне және онымен одақтас әскери топтарға ойсырата соққы беруге бағытталды. Бұл оңай қол жеткізетін мақ­сат емес-тұғын. Бұл уақытта Қ.Қамзин 3-ші Украина майданы 52-ші атқыштар дивизиясының 429-шы атқыштар полкінде рота командирі еді. Әскери естеліктерден оның сол кезде-ақ өзінің ержүректігімен, жауынгерлерді шабуылға бас­таудағы батыл әрекеттерімен назарға іліккенін оқуға болады.

Днестр айдынын жаудың күші күндіз-түні бақылауында ұстайды. Яғни Кеңес әскерінің өзен айдынына түскенін көрсе, бірден жаңбырша жауған оқтың астына алады. Көп әскерді қырғынға салуға Кеңес қолбасшылығы мүдделі емес. Қайтпек керек? Әуелі, шағын құрамда жауынгерлерді өткізіп, олар өзен жағасындағы бекіністерді бұзып-жаруы тиіс. Сосын көмекке кеңестік қалың әскер жете қалмақ. Шағын құрамдағы жауынгерлерге түнде аттануға бұйрық беріледі. Құрамында Қанаш Қамзиннің ротасы бар батальон 1944 жылдың 12 сәуірінде Днестр өзеніне жақындайды. Тирасполь ауданы Бычек селосының маңынан шығады. Батальонға Днестрді кешіп өтіп, фашистердің қолындағы плацдармды басып алу міндеті жүктеледі. Ағаштарды кесіп, қолдан сал қайықтар жасалады. Әрқайсысына бірнеше жауынгерден отыратын болып келісіледі.

Қас қарайған соң алғашқы 16 жауынгер мінген сал қайық өзен айдынына шығады. Сол-ақ екен, жарқылдаған жарықтар пайда болып, жау оқ бүркиді. Бораған оқтан, снарядтан бас көтеру мүмкін емес. Жау жағы өзен ортасына жеткен қайықтың күл-талқанын шығарды. Алғашқы қайықтағылардың кебін киерін Қамзин бастаған жауынгерлер анық түсініп тұр. Бірақ шегінерге жол жоқ. Не өтеді, не жау оғынан қаза тауып, су түбіне кетеді. Тәуекелге бекінген жігіттер өзенге салдарын түсіреді. Міне, жүзіп келеді. Лейтенант Қ.Қамзин бастаған жауынгерлердің дені зуылдаған оқтың арасынан аман өтіп, оң жағалауға аяқ басады. Оқыс шабуылдан қаймыққан фашистер кейін шегініп, бұларға шағын алаңды қалдырады. Дәл осы аумақта рота жауынгерлері бекініс құруға көшеді.

«1944 жылғы сәуірдің 12-сінен 13-іне қараған түні қатты артиллериялық және минометтік-пулеметтік атқылауларға қарамастан бірінші эшелонды өзі (Қ.Қамзин) бастап шықты. Өзенді кешіп өткен соң ол бірден өзеннің оң жағалауындағы плацдармды басып алу үшін және кеңейту үшін ротасын шабуылға көтерді. Өзінің ерлік істерімен, батылдығымен жауынгерлерді жігерлендірді. Өзеннің оң жағалауында жаудың мықтап бекінгеніне (екі қатар траншеялар, доттар, дзоттар, т.б.) қарамастан ол өз ротасымен бірінші және екінші траншеяларды бұзып өтіп, Гура-Выкулай (Гура-Быкулий – авт.) селосының оң жағына кірді».

Бұл деректер 429-атқыштар полкінің командирі, полковник Азатьянның Қ.Қамзиннің ерлігі туралы баяндамасынан алынған.

Днестрді азат етудегі көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі үшін батальонның 14 жауынгері мен офицеріне Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Қаһарман Қанаш Қамзин небәрі 24 жас­та еді. 429-атқыштар полкінің командирі, полковник Азатьян Қанаш Қамзинді Днестр өзенін кешіп өтуде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры ұсынады. «За то что первым со своей ротой переправился на правый берег, за то что захватил господствующую высоту и удержал ее до подхода основных сил, за непосредственное участие по захвату и расширению плацдарма, за уничтожения 20 немцев унтер-офицеров и офицеров противника, достоин присвоения звания «ГЕРОЙ СОВЕТСКОГО СОЮЗА». Командир 429-стрелкового полка, полковник Азатьян» (http://podvignaroda.mil.ru).

1944 жылдың 13 қыркүйегінде жарық көрген КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының өкімімен берілген тапсырмаларды үлгілі орындағаны және батырлығы мен ержүректігі үшін Қанаш Қамзинге Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі, сондай-ақ «Ленин» ордені және «Кеңес Одағының Батыры» атағын айқындау үшін тағайындалған «Алтын Жұлдыз» медалімен қоса марапатталады.

Қазақстандық батыр Қанаш Қамзин Мол­дова жерінде мәңгі қалды. Оның сүйегі өзінің сарбаздарымен бірге Гура-Быкулий ауылында жерленген. Селоның орталық көшесі Қанаш Қамзиннің есімімен аталады. Жеңістің 63 жыл­дығына орай батырға құрмет ретінде мемориалдық тақта орнатылған. Кеңес Одағының Батыры Қ.Қамзиннің есімі Молдавияның астанасы Ки­шинев қаласындағы Жеңіс аркасына қашалып жазылған. Айта кетерлігі, молдавиялықтар өз жерлерін фашистерден азат еткен қаһармандар жайлы бірқатар еңбектер жариялаған.

 «Алтын Жұлдызды» Ресей бермей ме?

Анықталғандай, Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің «Алтын Жұлдыз» медалі мен оған қоса берілген «Ленин» ордені осы күнге дейін Ресей Федерациясы иелігінде қалып отыр. Бұл жайтты бізге жеткізген батырдың келіні Биғайша Қамзина: «Соғыс аяқталған соң батырдың марапаты да жетеді. Бірақ тәртіп бойынша «Алтын жұлдыз» медалі мен «Ленин» ордені әке-шешесіне тапсырылуы тиіс екен. Сөйтіп, ол марапаттар Кеңес Одағының Қорғаныс министрлігінде қалды. Аға-інілеріне тек «Кеңес Одағының Батыры» атағын растайтын куәлік-құжат қана табыс етіледі екен. Алайда отбасына оны да бермейді. Тек «Батырдың есімімен бір мектепті атасаңдар ғана сол оқу орнына беріледі» дегенді айтады. Содан 1963 жылы Жолқұдық ауылындағы 8 жылдық мектепке есімі беріледі. Ал 1966 жылы батырдың әлгі куәлік-құжаты мектеп басшылығына тапсырылады. Ол қазір сонда сақтаулы. Ал «Алтын Жұлдыз» медалі мен «Ленин» ордені Мәскеуде қалған болуы керек. Қазіргі заман басқа. Қазақстан Қорғаныс министрлігі батырдың «Алтын Жұлдызын» Мәскеуден алғызуына мүмкіндігі жетеді. Осы күнге дейін «Алтын Жұлдыз» елге жетпегеніне қамығамын. Талаптарың жанып, сол марапатты елге жеткізе алсаңдар дұрыс болар еді. Ол күнге жете алмай қалсам, дұғаның арасында «Апа, біз мақсатты орындадық, медаль мен орденді қайтарып әкелдік» деп айтарсыңдар», дейді.

Осы орайда «Алтын Жұлдыз» тағдырын білмек мақсатында Павлодар облысы бойынша әскери комиссариатқа ресми хат жолдағанымызды айтып өтелік. Ресей заңына сәйкес, батырдың марапаты тек ата-анасына, әйеліне немесе бала­лары­на ғана берілуі тиіс. Павлодарлық қорғаныс істері департаменті «Алтын Жұлдызды» облыс орталығындағы «Әскери даңқ» музейіне тапсыру туралы өтініш ұсынды. Осы құзырлы орган арқылы әрі қарай Ресейге де шығып, ресми жауап ала алдық.

Өкінішке қарай, жауап біз күткендей болмады. Бір сөзбен айтқанда, «Алтын Жұлдызды» қай­тарудың заңдық негізі жоқ көрінеді. Хатта былай делінген:

«Сіздің Қанаш Қамзиннің «Алтын Жұлдыз» медалі және «Ленин» ордені  үздік белгілерін Қазақстан Республикасы Павлодар облысының «Әскери Даңқ» музейіне табыстау туралы өтінішіңіз Ресей Президентінің Мемлекеттік наградалар жөніндегі басқармасында қаралды. Осы мәселеге қатысты түсіндіреріміз, Ресей Федерациясының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік наградаларды тек қана Ресей Федерациясы аумағында орналасқан мемлекеттік немесе муниципалды музейлерде сақталуы және жәдігер ретінде табыс етілуі мүмкін. Мұрагерлердің келісімі бойынша отбасы сақтауындағы мемлекеттік наградалар ғана табыс етіледі. Мемлекеттік наградаларды басқа мемлекеттер аумағында орналасқан музейлерге табыс ету заңнама бойынша қарастырылмаған.

Ресей Федерациясы Президентінің Мемлекеттік наградалар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Р.ЛАТЫПОВ»

(27.06.2015).

Осылайша, атақты жерлесіміз Қанаш Қамзиннің «Алтын Жұлдыз» медалі мен «Ленин» ордені әлі де болса Мәскеуде қалып отыр. Қазақстан мен Ресейдің арасында достық қарым-қатынас жарасып тұрған уақытта осы бір құнды мұрамызды неге елімізге әкеле алмай жүргеніміз қынжылтады.

Егер заңдық негізі табылып, осы «Алтын Жұлдыз» Павлодар облысының Әскери даңқ музейіне әкелініп жатса, жас ұрпақ тамаша жаңалыққа куә болар еді. Олар бейбіт заманда Жеңістің асқақ рухын сезінер еді! Амал не? Десе де, Жеңістің 75 жылдығына орай Қазақстан Үкіметіне Ресейдің жоғарғы билік өкілдерімен ортақ келісім тауып, Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің «Алтын Жұлдызын» елге қайтаруға болады деп сенеміз. Батырдың марапатын елге қайтаратын, рухын шат қылатын уақыт жетті!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы