Қазақтың ұлттық өнерін жан-жақты түрлендіріп, бүгінгі танымға ықшамдап ұсынып жүрген – Маржан Қапсамат Баянауылдың тумасы. 23 жастағы бойжеткен көз тартарлық табиғат аясында түсірілген кішігірім сахналық көріністерді инстаграм әлеуметтік желісінде ұсынып келеді. Клип әлеуметтік желілерде тез таралып, аз уақытта көрермен көзайымына айналды. Бұл турасында журнал тілшісі Лиана Сатенштейн «Бейнежазбалардың бірінде ол үлкен қала Алматыдағы Шымбұлақ баурайында тымақ киіп, жіңішке келген аспапта ойнайды. Келесі сәтте Ақмола облысындағы қызғылт түсті Көбейтұз көлінде және басқа орындарда ұлттық киіммен отырып, ұлттық музыка аспабы – домбырамен күй шертеді. Клипте Маржан қазақтың дәстүрлі киіміне заманауи өзгеріс әкелген және көкшіл көйлегі мен жергілікті әйелдердің тұрмысқа шығарда киетін «Сәукеле» деп аталатын бас киімін үйлестірген. Осы сәтте дәстүрлі сәнге деген сағынышты жаңа дәуір арқылы қайта сезінтеді және домбыраны цифрлық заманға алып кіреді», деп жазады. Мақалада қазақ халқының ұлттық киімдерінің қалыптасуы мен түр-сипаты, көшпелі тұрмыс, халықтың наным-сенімдері жайында да сөз қозғалыпты. Сондай-ақ ұлттық аспап домбыраның көнеден келе жатқанын, қайта жаңғырту жөніндегі бастамалардың арқасында домбыраның Қазақстан мәдениетінде қайта жанданғанын атап өтеді.
Маржан өнерлі отбасында дүниеге келген, айтуынша әкесі де қара домбыраны жанына серік еткен кісі. Қарағандыдағы өнер мектебін бітірген соң, шеберлігін шыңдау үшін оқуын Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде жалғастырған. Биыл астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін ойдағыдай аяқтап, Нұр-Сұлтан қаласында Домбыра мектебін ашқан. Домбыра, вокал, жетіген, гитара, фортепиано сынды бірнеше бағытта жұмыс істейтін мектеп таңдаулы талапкерлерді өнерге баулып келеді. «Мен әлемге ұлттық өнеріміз бен елімізді көрсеткім келеді. Домбырада ойнасам кеудемді мақтаныш кернейді әрі еркіндікті сезінемін. Халқымыздың жан дүниесі мен дәстүрін жеткізу үшін видеоға ұлттық киіммен түсуге тырысамын. Тіпті күнделікті киім кисем де ұлттық стильдің элементтерін қосамын», дейді талапты жас. Күйші қыз күмбірлеген күйді, әуелеген әнді ешуақытта тастамақ емес. Қазір ол «Әр үйге – домбыра» атты жаңа жоба бастап жатыр. Әбден бабына келтіріп жеткізген соң, жақын арада көп назарына ұсынуды қош көріп отыр.
Кемеліне келген халықтық ән-күй құдіреті келешегін кең өріске беттетіп келеді. Бүгінде Димаштың әншілігіне тәнті болған айдай әлемнің оның туған тілі – қазақ тіліне айрықша ынта-ықылас қойып жатқанына куәміз. Бір кездері заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біз әлі күйді тірілте алмай, ескере алмай келеміз. Жалпы, музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күйі. Күйдің тіліндей бай тіл қазақтың әнінде жоқ», деген еді. Бабадан қалған қара домбыраны қастер тұтып, әлемге танытып, дәріптеп жүрген Маржан қыздың ұлттық өнерімізді ұстын етіп, алдына мақсат қоюы – Әуезовтей атасының үмітінің ақтағаны деп білеміз.