Спорт • 12 Ақпан, 2021

«Nur-Sultan Open 2021» ашық чемпионаты басталды

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін 12 ақпан сағ 12.00-де «Qazaqstan»  жеңіл атлетикалық кешенінде Тәуелсіздіктің 30-жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласының жеңіл атлетикадан ересек және кіші жастағы жасөспірімдер арасында  «Nur-Sultan Open 2021» ашық чемпионаты ашылды. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, Нұр-Сұлтан қаласы Жеңіл атлетика Федерациясының Президенті Алтай Көлгінов қатысты.

«Nur-Sultan Open 2021» ашық чемпионаты басталды

Министр өз сөзінде елімізде жастардың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығы жоғары екендігін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет екендігін айтқан болатын. Осы орайда бұқаралық, балалар-жасөспірімдер спортын дамытып, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. Спорттық инфрақұрылымға да аса ден қою керек. Министрлік осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Бүгін міне, Елбасы – Нұрұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі келіп ашқан «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық кешенінде алғашқы жарысты бастағалы отырмыз. Манеж 7 мың көрерменге арналған, кез-келген дәрежедегі халықаралық жарыстарды, әлемдік додаларды өткізуге мүмкіндік туды. Өздеріңіз білетіндей, жеңіл атлетика, спорттың ең көп тараған түрі. Бүгінгі таңда, Қазақстанның жеңіл атлеттері Олимпиада ойындарында, дүниежүзілік чемпионаттар мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерді көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Тәуелсіз елімізге тұңғыш алтын медальді 2000 жылы Сиднейде (Австралия) өткен Олимпиада ойындарда кедергі арқылы жүгіруші Ольга Шишигина әкелді. Жеңіл атлетика спортында Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакова секілді әлем мойындаған спортшыларамыз бар.

Олардың артынан да рухы мықты, Қазақстан спортын әлемге танытатын жас спортшылар шығады деген үміттеміз. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Баршаларыңызды, Жеңіл атлетика кешінінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Ашық Чемпионат жеңіл атлетиканың 5 түрі: ядро лақтыру, 4*200 м аралас эстафета, ұзындыққа секіру, жүгіру және жеңіл атлетикалық жүріс бойынша өтуде. Жарысқа еліміздің СҚО, Қарағанды облысы, Ақмола облысы, Қостанай, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларынан 150-ден астам спортшысы қатысып жатыр.