Содан бері жаңа мекенін ежелден келе жатқан ұлттық өнердің қоламтасымен жарық қылып, өздері үшін көл-көсір қуаныш тапқан корейлердің бейтаныс елдегі өмірге бейімделуінде театрдың атқарған рөлі өлшеусіз болды. Сағымға сіңіп кеткен тарихынан, жаратушысы сыйлаған жадысынан жаңылмаудың, дәстүрінің бастау көз, жылтылдаған жіңішке бұлағын жоғалтпаудың жалғыз жол, жалқы құралы театр деп білді. Себебі театр деген ұғымның ішіне ән, жыр, өлең, би, әдебиет, тарих тұтас топтасатын. Міне, осылайша «Колхоз-совхоздың гастрольдік театры» деген атпен ашылған алғашқы өнер ұжымы іргесін кеңейте келе, корей халқының үлкен мәдени ошағына айналып, 1968 жылы түпкілікті ордасын Алматыға әкеліп орналастырады. Әртістер құрамы Ұлттық өнер академиясының талантты түлектерімен толыға отырып, 2000 жылдың басында республикалық Корей академиялық музыкалық комедия театры деген ұлағатты мәртебеге дейін қол жеткізді.
Қазақ топырағындағы байырғы театрлардың бірінен саналатын, елімізде 84 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан Корей театры – тағдыр айдауымен келсе де, Қазақстанды мекендеп отырған 100 000 корейдің танымын, тілін, дінін, ділін, жалпыұлттық рухын жоғалтпау жолында жан аямай жұмыс істеп келе жатқан, қиыр жайлаған өз ұлты алдында орасан зор жауапкершілік арқалап отырған қастерлі мекеме. Тарихи отанынан алысты адымдаған ана тілінің шырақшысы, төл өнерінің шырайын кіргізген шын қамқоршысы, жалпы, осындағы ұлттық рухының айбары болып отырған да осы театр. Дербес ұжымға ие, жеке ғимараты бар, халықаралық гастрольдерге сапарлайтын, республика бюджеті есебінен қаржыландырылып, мемлекеттік деңгейде жұмыс істейтін Корей театры өз этностық елінен тысқары жерде өмір сүріп отырған және Қазақстаннан басқа бірде-бір мемлекетте баламасы жоқ бірегей ұжым ретінде арғы-бергінің бәріне аты жақсы таныс. Бұл театрдың басты феномені де осында. Қазақтың жомарт пейілінің бұдан асқан үлгісін әлемді екі айналып шықса да, таба алмасын мұндағы корей этносының әрбір өкілі бүлкілдеп тұрған жіңішке тамыр, тұтас жұлын-жүйкесімен терең сезінеді және бұл пейілін барлық жерде көрсетіп, бас иіп рахмет айтудан ешқашан шаршаған емес. Театрды жиырма бес жылға жуық бір ғана директор басқарып келеді. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Любовь Августовна Ни.
«Бүгінде бәріміз «Интернационализм» деген атаудан алыстап кеттік, бұл кіші ұлттардың бәріне ортақ қолайлы жағдай, бірақ солай болғанымен, біздің полиэтностық ұжым екеніміз рас. Қазақстан өз жерін мекендеген орыс, корей, неміс, ұйғыр, өзбек секілді іргелі этностардың бәріне жеке-дара театр ашып беріп, өнеріне жанашырлық танытып, дамуына қолдау көрсетіп отырған бірден-бір ел. Бір күннің ішінде шешім қабылдап, вагондарға тиеп әкелген біздің ата-бабаларымызды нақ осы елге, Қазақстанға әкеп қоныстандырғаны үшін әрқашан Құдайға өз ризашылығымды айтып отырамын. Қазақстанның сан қырлы театр палитрасының бір бөлшегі болып өмір сүріп отырған біздің ұжым ең мақтаулы мәдени мекемелермен бірдей деңгейде өркендеп келеді. Біздің театрдың штаттық кестесінде 96 адам жұмыс істейді, оның 54-і шығармашылық құрамда еңбек етеді. Шығармашылық топтың құрамы да, олардың атқарып отырған міндеті де назар аударуға тұрарлық. Біз «академиялық музыкалық драма театры» деген атауға ие болғанымызбен, тек драмалық өнер көрсетумен ғана шектелмейміз, этностық-ұлттық театр талабына сай, театрда корей халқының ұлттық өнері тұтас жинақталып, қамтылған. Мұндағы «Самунари» фольклорлық-этностық тобы, вокал тобы, корейдің ұлттық биін дәріптейтін балет тобы бәрі-бәрі осы театрдың бір-бір бөлшегі. Репертуарымыздың басты бөлігін корей халқының ұлттық аңыз-әпсаналары, белгілі қаламгерлерінің шығармалары құрайды. Сондай-ақ жыл сайын мақсатты түрде қазақ ұлттық әдебиеті мен драматургиясынан бір шығарманы, орыс немесе әлем классикасы бойынша бір туындыны көрерменге ұсыну театр дәстүріне айналған. «Еңлік – Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Бөлтірік бөрік астында», «Беу, қыздар-ай!» сияқты спектакльдердегі корейдің үріп ауызға салғандай үлбіреген ару-актрисалары мен сымбаты мен сыны келіскен актерлері сомдаған образдар әлі күнге дейін ұлттық сахна өнерінің зор табысы ретінде қабылданып келеді», дейді Любовь Ни.
Корей театрының драмалық қойылымдарына жас режиссер Елена Ким жетекшілік жасайды. Бас режиссер ретінде сәтті сценарийлер таңдап, бүкіл шығармашылық жұмысты шырқ үйіріп отырған Еленаға о бастан дұрыс таңдау жасап, қателеспегені үшін директордың өзінің де көңілі тоқ. Кішкентайынан осы театрдың ішінде өскен Елена еңбек жолын актриса болып бастап, таланты таныла келе, театр оны арнайы жолдамамен Жүргенов атындағы Өнер академиясының режиссура факультетіне оқуға жіберіп, кейін осы оқу орнының магистратурасын аяқтап шықты. Бүгінде Елена театрмен, ал театр Еленамен бірге өсіп, дамудың жаңа деңгейіне шыққан. Елена өзі режиссерлігімен бағыттап отырған ұжымның Қазақстандағы Корей театры екенін бір сәт есінен шығармайды, сондықтан да туған тілін, дәстүрін, ұлттық киімдерін барлық сән-салтанатымен көрсету үшін бүкіл әлеуетін, шеберлігін аямай жұмсап келеді. Барлық спектакль ән мен биге негізделіп қойылады. Кәсіби ізденіспен қойылған спектакльдерді тарихи отанындағы көрермендерге апарып көрсеткенде, мұндайды күтпеген олар бас шайқап, таңдай қаққан. Жете таныса түскісі келіп, Қазақстан туралы егжей-тегжейлі сұраған. Осының бәрін әңгімелеп отырған Еленаны сөзге тарта түскің келеді, себебі оның қазақша қойылған сауалдарды іліп алып, іркілместен жауап беріп, мемлекеттік тілді бір адамдай меңгеріп алғаны ішіңді елжіретіп-ақ жібереді.
Анықтап зер салып қарамасаң, сахнада ойнап жүрген корей мен қазақты ажырату оңай емес. «Жиренше мен Қарашашты» сахналағанда, театрға келген қазақтың зиялылары «бұл өзі корей театры ма, әлде қазақ театры ма? Әлгі біздің Жиренше мен Қарашаш корейше сөйлегенде, қазақ екеніне өзіміз де күмәнданып қалдық» дейтін көрінеді әзілдеп. Ал кейінгі жылдардағы кейбір қойылымды мақсатты түрде жартылай корей, жартылай қазақ тілінде қоятын жаңа үрдіс пайда болған. Абайдың 175 жылдығына арнап қойылған «Атымды адам қойған соң» атты спектакльде әртістер ақынның қара сөзін, өлеңдерін қазақша оқыса, сахнадағы әрекет-қозғалыстың бәрі корей тілінде құрылады. Әрине үш-төрт жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бұл шығармашылық эксперимент тіл үйренгісі келетін көрермен үшін өте сәтті бастама екенін дәлелдеп үлгерген. Көрермен де «жартысы корейше, жартысы қазақша, бұл не қойыртпақ өзі?» деп сын айта алмайды, себебі режиссерлердің тілдің құнын түсірмей, өте сауатты, орынды қолданатыны сондай, керісінше тұтастық тініне нұқсан келтірмейтін жанды көріністің көрерменге әсері де күшті болып шыққан.
...Сахнада «Дерево» премьерасы жүріп жатыр. Ұйытқып соққан саясаттың сойқан дауылы бір бүтін болып отырған Кореяны бір-ақ күнде «оңтүстік» және «солтүстік» қылып ортасынан қақ жарды. Бір анадан туған екі бауыр дуалдың екі жағында қалды. Бір ұлттың басына түскен қасіреттің әрқилы көрінісін әртістер дауыс екпіні, тіл бояуы арқылы әр көрерменнің жүрегіне жеткізгісі келгендей жанұшыра, жанын сала ойнап жатыр. Құлаққаппен аударма тыңдап, басты рөлде ерекше көзге түсіп, еліктіріп ойнап жүрген әртістің аты-жөнін білмек ниетпен бағдарламаға көз жүгіртіп өттік. «Әлішер Махпиров» депті. Корей тілінің тек өзіне тән реңк-ырғағына, ана сүтінің қуатымен ғана даритын дауыс мақамына дейін дәл меңгеріп, сахнада еркін көсіліп сөйлеп жүрген Әлішердің өз ұлты ұйғыр болып шықты. Білгеніміз, төрт тілде еркін сөйлейтін Әлішер алғашында Өнер академиясының актерлік факультетін бітіріп, кейін Абай атындағы АПУ-дің филология факультетінің корей бөлімінде білімін жалғастырып, кәсібіне қажет қосымша мамандықты игеріп шыққан. Елең ете қалдық, ертеңінде телефон шалып, кеңірек мәлімет беруін сұрағанымызда, директордың орынбасары: «О-о-о, Әлішер сияқты корейше, қазақша, орысша қамшы салдырмай сайрап тұрған полиглот әртістер мұнда жетеді», деді. Шынында да, Корей театрының табалдырығын аттағаннан жаратылысына әдеп пен кішіпейіл мінез сіңген адамдар нәзік күлімсірей қарсы алып, жайлы ахуал мен меймандостығын жарыса сездіреді. Мұндағы Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, профессор Георгий Канның да қазақшасына мін таға алмайсың. Арғы тарихтан тарқатып айтпаса, әңгімесінің әрі кірмейтін Георгий Васильевич жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға орай корей қауымдастығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2012 жылғы кезекті сессиясында жеке бастама көтеріп, Үштөбе қаласының маңындағы Бастөбе мекенінде «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтады. Қазақтың шаңырағын басты символика етіп, күллі корей ұлтының ықыласын білдіріп тұрған сол ескерткіш бүгінде өткен-кеткеннің бәріне Бастөбенің биігінен қол бұлғап тұр.
Ауызекі әңгімеде жиі қолданылатын «жеген нанына адал» деген сөздің мазмұны осындайда ашыла түседі. Басқа мекемелердегі мәдениеттің қандай мөлшерде болатыны бізге белгісіз, бірақ мәдениеттің ең биік шыңы тіл білу десек, Корей театрындағы тілге жасалып отырған құрметті, адамға көрсетілетін адалдықты аңғармау мүмкін емес. Елу әртіс түгел сөйлеп тұрмаса да, жастарының көпшілігі өзі нанын жеген елдің тілін үйреніп, осы тілде сөйлеуге талпыныс жасауы арқылы тұтас қазақ халқына құрметін көрсетіп отыр. Табиғатынан еңбекқор халық өздеріне диаспора деп қарамай, дарқан пейілмен бауырына тартқан елге дән риза екенін жалаң сөзбен емес, адалдыққа, сұлулыққа сіңірілген өнерімен күн сайын дәлелдеп келеді.
Алматы