Медицина • 30 Сәуір, 2021

Елімізде бала туу көрсеткіші 3 пайызға артты

752 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 3 пайызға төмендеді. Бұл туралы, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде бала туу көрсеткіші 3 пайызға артты

«Мемлекет пен медицина қызметкерлерінің арқасында өңірлердегі медицина-демографиялық ахуалды айтар болсақ, пандемия уақытында елімізде бала туу көрсеткіші жоғарылаған. Сондай-ақ өмір сүру ұзақтығының өсуі де байқалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 3%-ға төмендеді, керісінше бала туу көрсеткіші 3 пайызға өскен», деді министр есеп беру кездесуінде.

Цойдың айтуынша, қатерлі аурулардан болатын өлім көрсеткіші де 3 пайызға төмендеген. Сонымен қатар жазатайым оқиғалардан, әртүрлі жарақаттардан, уланудан болатын өлім көрсеткіші 15 пайызға азайған. Туберкулез секілді қауіпті аурулардан болатын өлімнің көрсеткіші төмендеген.

«Айтылған сандардың артында адам өмірі, медицина қызметкерлерінің ерен еңбегі, сондай-ақ ішкі істер қызметкерлерінің, жергілікті атқару органдарының да жұмыстарын айта кеткен жөн. Тіпті өлімнің 1 пайызға азайғанының өзі үлкен жеңіс екенін айта кеткен жөн», деді Денсаулық сақтау министрі.