Қазақ тіл білімін дамытуға зор үлес қосып, мемлекеттік тілді өзге этнос өкілдеріне үйретуге еңбегі сіңген ғалым қаламынан 8 монография, 11 оқулық, 15 оқу құралы, 11 оқу бағдарламасы, 200-ден астам ғылыми мақала тууы тіл білімі тарланының əралуандығын көрсетсе керек. Соларға рет-ретімен қысқаша тоқталып өтейік.
Қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық құрылысында аналитикалық форманттардың кең орын алатынын жоғары ғылыми-теориялық деңгейде зерделеп, 1971 жылы қорғаған «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты докторлық диссертациясында ұсынған идеялары ғылыми жұртшылықтың ерекше назарын аударған еді. Тек қазақ тіл білімі емес, жалпы түркологияда да шешімі əртүрлі пікір қайшылықтарын тудырып жүрген мəселеде жаңа бағыт ұсынды. Оған ғалымның «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары», «Қазіргі қазақ тіліндегі аналитикалық форманттардың құрылысы мен мағынасы» атты монографияларындағы ғылыми зерттеулері дəлел болады. Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары», «Қазіргі қазақ тілінің морфемалары жүйесі» монографиялық еңбектері де грамматика теориясына қосылған ғылыми үлес деп бағаланды.
Нұржамал Оралбайқызының елеулі еңбектері қазақ тілінің сөзжасам мəселесімен тығыз байланысты. Сөзжасам мəселесін жаңа бағытта, жаңа ғылыми негізде жоғарғы дəрежеге көтерген жəне сөзжасамның кейінгі зерттелуіне соны бағыт сілтеуге, сөзжасамға көзқарасты өзгертуге, жаңа идеяларға бастауға профессор Н.Оралбайқызының жауапты редакторлығымен 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиясының маңызы зор.
Монографияда қазақ тіл білімінде тұңғыш рет сөзжасамның жалпы теориялық мəселелерінің ғылыми негізі жасалды. Бұған дейін сөзжасам жүйесі, оның жалпы заңдылықтары сөз болған емес, зерттеулердің бəрі негізінен жеке сөз таптарының жұрнақтар арқылы жасалуы туралы болып келді. 1988 жылы жарық көрген профессор Н.Оралбайқызының «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасамдық жүйесі» атты монографиясында ғалым қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне толық сипаттама берді. Бұл қазақ тіл білімінде тілдің сөзжасам жүйесіне берілген тұңғыш ғылыми сипаттама болатын. Бұған дейін ол мəселе ретінде қойылған емес. Онда қазақ тілінің қалыптасқан өзіндік жүйесі ұзақ уақыт ішінде талай өзгерістерді өткізіп, қалыптасқаны дəлелденген. Ұзақ уақыт ішінде сөзжасамдық бірліктер қалыптасып, олардың қолданылуы, туынды сөздердің жасалу заңдылықтары қалыптасқаны ғылыми тұрғыда дəлелденді, сан есімдердің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет сипатталып, оның өзіндік ерекшеліктері көрсетілді. Сан есім сөзжасам жүйесінде негізінен аналитикалық тəсіл қолданылады деген тұжырым еңбекке өзек болып, дəлелденіп отырады. Сан есімнің сөзжасамдық бірліктері сан атаулары деп дəлелдеген ғалым сан атауларынан басқа сан атауларының жасалуы, қосылу жəне көбейту заңдылығы арқылы жасалатын нақты тілдік деректер негізінде дəлелдеп, оның түрлі модельдерін жасаған.
Жоғарыда айтқанымыздай, сан есім сөзжасамы туралы монографияда қазақ тілінің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет ғылыми мəселе ретінде сөз етілсе, 1989 жылғы монографияда «Сөзжасамның жалпы мəселелері» арнайы зерттеліп, онда тілдің сөзжасам жүйесі екінші рет толық сипаттамаға ие болды. Профессор Н.Оралбайқызының еңбегінде сөзжасам жүйесі мəселесінің ішінде сөзжасамдық талдау, туынды сөздер, сөзжасам негізділігі (мотивация), сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип мəселелері алғаш рет қарастырылды.
2002 жылы Ғылым академиясының Тіл білімі институтының грамматика бөлімі дайындаған «Қазақ грамматикасы» деген өте маңызды, құнды еңбек жарық көрді. Мұнда сөзжасам мəселесі профессор Н.Оралбайқызының басшылығымен дайындалғанын атап өткен абзал. Мұнда сөзжасам мəселесі ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделіп, өте жоғары дəрежеде жазылғанын жəне бай тілдік деректерге негізделіп берілген.
Жаңа ғылыми туындылардың өмірге келуіне бағыт-бағдар беретін, профессор Н.Оралбайқызының көп идеясының жас ғалымдарға ой салып, оның əрі қарай дамуына жол ашқанын, яғни жаңа ғылыми туындылардың өмірге келіп жатқанын қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория туралы, қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері, қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларның ғылыми-теориялық негіздері, қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функциональдық жəне семантикалық аспектісі туралы ғана оннан астам докторлық жəне кандидаттық диссертация қорғалғаны ғалым идеяларының жалғасын тауып жатқанын көрсетеді.
Тағы бір ерекше айта кететіні – 1989 жылы жарық көрген монографияда ғалым дəлелдеген көкейтесті мəселелер ғылымда танылып, одан əрі дамытылып келе жатқанын, профессор Н.Оралбайқызының көтерген жаңа ғылыми мəселелері ғалымның «Қазақ тілі сөзжасамы» оқулығына (2002) енгені дер едік. Сөзжасам оқулығы қазақ тіл білімінің сөзжасам саласынан қазақ тілінің келешек мамандарына толық білім беруді көздейді. Сөзжасам пəнінен студеттерге жан-жақты толық білім беру оқулықтың негізгі мақсаты болып айқындалған. Оқулықта сөзжасамның жалпы теориялық негізгі мəселелерінен жеткілікті дəрежеде мағлұмат берілген. Ол сөзжасам теориясының зерттелмеуімен байланысты болды. Осы жағдайлар ескеріліп, оқулықта сөзжасамның мəселелері толық қамтылған. Сөз таптарының сөзжасамы да зерттелінген. Өйткені морфология оқулығында сөз таптарының сөзжасамы толық ашылмаған болатын. Сондықтан ұсынылып отырған оқулықта сөз таптарының сөзжасамы ғылымның соңғы деректері деңгейінде беріліп, əдістеме ілімінің соңғы жетістіктеріне сай модульдік жүйе негізінде жазылған.
Профессор Н.Оралбайқызының тіл білімі теориясымен қатар, тіл оқыту əдістемесі ғылымына да сіңірген еңбегі ерекше. «Орыс тіліндегі мектепте қазақ тілін оқыту əдістемесі» (1996) атты оқулықтың жарық көруі ұлттық мектептердегі қазақ тілін оқыту əдістемесін дамытудың алғашқы бастауы болды деп толық айтуға негіз бар. Ғалымның бұл саладағы ілімнің ғылыми-теориялық негізін жасаудағы еңбегінің жемісі ретінде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытуға арналған оқулықтардың, оқу, оқу əдістемелік құралдар мен оқу бағдарламаларының көптеп жарық көруіне ұйытқы болған. Жоғарыда көрсетілгендей, əдіскер-ғалымның қырық шақты оқулық, оқу əдістемелік құралдары мен оқу бағдарламалары бұл саладағы қомақты ғылыми үлес екенін айқындайды.
Қазақ тілі әліпбиін біртіндеп латын қаріпіне көшіру бойынша біршама шаруа атқарылғанын ғылыми жұртшылық жақсы біледі. Бұл мәселеде алыс-жақын елдерегі тəжірибелерді зерделеп, саралап, оның саяси, əлеуметтік-экономикалық жəне психологиялық аспектілері терең зерттеліп, мемлекеттік тілді латын əліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы үлкен талқылаудан кейін жобаның соңғы нұсқасын ұсынғаны да белгілі. Енді тілші-ғалымдардың алдында орфография мен орфоэпия мəселесін шешу міндеті тұр. Реті келгенде, профессор Н.Оралбайқызының «Қазақ графикасы мен орфографиясы» атты монографиялық еңбегінде айтылған тың ойлар мен идеялар осы мəселені шешуде де өз септігін тигізер деген ойдамыз.
Өнегелі ұстаз – ғылыми кадрлар даярлау ісіне де елеулі еңбек сіңірген қайраткер. Тіл білімі теориясы мен əдістеме ғылымы бойынша жиырмаға жуық ғылым докторы мен алпысқа жуық ғылым кандидатын дайындады. Ғалымның шəкірттері республикамыздың жоғары оқу орындарында, ғылыми зерттеу институттарында еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Тіл білімінің көрнекті ғалымы Нұржамал Оралбайқызы – өзі зерттеген салалары бойынша əрқашан да жаңа бағыт, тың идеялар ұсыну арқылы ғылымда өз мектебін қалыптастырған тұғырлы тұлға. Ғалымның соңынан қалған мұралары жоғары оқу орындарында филолог-маман дайындау ісінде әрқашан кәдеге жарар құнды еңбектер деп санаймыз.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі,
ҰҒА академигі