Заң • 27 Мамыр, 2024

Терроризм туралы жалған хабар таратқанға жаза қатаң

187 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кез келген қылмыстық әрекет - мемлекетіміздің, қоғамымыздың өркендеп өсуіне кедергі келтіретін тежегіш. Сол қылмыстардың ішіндегі елімізге ең ауыр тиетіні - терроризмге байланысты жан түршігерлік әрекеттер. Осы жағдайлардың соңғы кезде етек ала бастағаны Қазақстан Республикасың сот жүйесін де алаңдатады. Соттарға келіп түсіп жатқан терроризм мен экстремизмге байланысты қылмыстық істердің қаралу барысы енді төменде сөз болмақ.

Терроризм туралы жалған хабар таратқанға жаза қатаң

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жұмыс кестесі бойынша соттардың терроризм және экстремизмге байланысты қылмыстық істерді қарау тәжірибесі зерделенді. Осы шарадағы басты мақсаттар - сотқа тартылғандардың қылмыстық әрекеттерін заң шеңберінде саралау, дәлелдерді жете тексеру, кінәлі содырларға заңды жаза тағайындау және ауыр қылмыстардың жасалу себептерін айқындап, болашақта олардың алдын алу шаралары жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс жасау еді.

Негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 255 бабында (1997 жылғы редакцияда 233 бап) терроризм қылмысы келесідей сипатталады: «Терроризм актісі, яғни жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулі мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де әрекетер жасау, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдардың, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдануына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалса, сондайақ аталған әрекеттерді дәл сол мақсаттарда жасау қатерін төндіру».

ҚК-нің 1997 жылғы редакциясымен салыстырғанда жаңа ҚК-нің 255 бабының 1 тармағында «Терроризм актісі...соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалса», деп толықтырылғаны көрінеді. Осының өзі терроризм ел ішіне іріткі салумен тынбай, қазіргі таңда трансұлттық қылмыстық топтар мен ұйымдар арқылы мемлекеттердің арасына от салу, діни ағымдарды бір-біріне қарсы қою бағыттарымен ірі-ірі қақтығыстар ашып, әрі кеткенде жер жүзінде соғыс ашу пиғылы бар екенін көрсетеді.

Қолданысқа енген жаңа ҚК-нің 255 бабының 4 бөлігінде: «Терроризм актісі қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдануына ықпал ету, соғысқа арандату, не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған, адам өміріне қол сұғу, сол сияқты дәл сол мақсаттарды, сондай-ақ мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату  не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған оның өміріне қол сұғу не халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, адамды кепілге алумен, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, жылжымалы теміржол составын не өзге де қоғамдық көлікті айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу», деп жазылған.

Бүгінгі күні терроризм мен экстремизм қылмыстармен күресудің құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының Ата заңында, 1997 жылдың 16 шілдесінде, 2014 жылдың 3 шілдесінде шыққан Қылмыстық кодекстердің баптарында, 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы «Соттардың бандитизм және қылмысқа қатыса отырып, басқа қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» және 2017 жылғы 8 желтоқсандағы «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану бойынша сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулыларында айқындалған.

Жоғарғы Сотта республикадағы соттардың соңғы жылдарда қараған терроризм мен экстремизмге байланысты қылмыстық істерін зерделеу нәтижесі бойынша сот жүйесі осы санаттағы істерді заң шеңберінде дұрыс тексеріп, әділ шешімдер шығарған деп тапты.

Осы санаттағы қылмыстық істер Қазақстан Республикасы ҚК-нің 10 тарауындағы жарияланған «Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» қатарына жататынын айта кету керек. Терроризм және экстремизм жөніндегі қылмыстық істердің басым көпшілігі қатысқан қылмыскерлердің және олардың іс-әрекеттерінің көп сандылығымен, шытырмандығымен ерекшеленетіндігінен осындай істерді қарайтын судьялардың да білімділігінің, біліктілігінің жоғары болуын талап етеді.

Қоғамға, мемлекеттің абыройына, ел азаматтарына келтіретін ауыр залалдарына байланысты кінәлі деп танылған лаңкестерге заң талабы бойынша соттардың тағайындайтын жазалары да ауыр болып келеді. Атап айтқанда терроризмді  насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру (233-1 бап), террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу (233-2 бап), экстремизм немесе террористік қызметті қаржыландыру (233-3 бап), терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (242 бап) сияқты қылмыстық істер қаралып, кінәлі содырларға бас бостандығынан ұзақ мерзімге айыру жазасы қолданылған.

Сот тәжірибесінде әртүрлі жағдайда лаңкестердің қармағына түсіп, аңқаулықпен білместікке бой алдырған, бірақ ауыр қылмыс жасап үлгермеген, қателігін дер кезінде өзінің түйсігімен немесе әке-шешесінің, туыстарының ақылымен түсінген адамдар үшін заң қылмыстық жазадан босануға мүмкіндік береді.

ҚК-нің 255-бабындағы ескерту бойынша терроризм актісін дайындауға қатысатын адам, егер ол мемлекеттік органдарға дер кезінде ескертуімен немесе өзге тәсілмен терроризм актісін болғызбауға ықпал етсе және оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. 

ҚК-нің 257-бабында (1997 жылғы редакциямен ҚК-нің 233-2 бабында) көрсетілген. «Террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу» әрекеттері бойынша заңды үкімдер шығарылған.

Көрсетілген баптың 2-бөлігінде террористік топтың қызметіне немесе ол жасаған терроризм актілеріне қатысу қылмысы айқындалған. Бұл қылмыс үшін кінәлі мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Заң бойынша террористік топтың қызметіне қатысудың мәні ол террористік актілер жасауда ғана емес. Егер террористік топтың құрамына кірсе, қаражат, қару-жарақ, автокөлікпен қамтамасыз етуге, нысандар табуға, ақпарат жинауға көмектесу де террористік топтың қызметіне қатысу болып есептеледі. Бұл топтың қылмыстық ой-жоспарларын біле тұра соған мүшелікке келісім берген уақыттан бастап, бұл қылмыс аяқталған қылмыс құрамы болып табылады.

Мысалы, Атырау қалалық сотының үкімімен Ж. мүлкі тәркіленіп, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді. Соттың анықтағаны бойынша ол террористік топқа өз еркімен қосылып, сол топтың мүшелерімен террористік актілер жасау мақсатында бірнеше рет жарылғыш заттар дайындаған.

Жоғарыда көрсетілген заң талабы бойынша сотталған Ж. террористік актілер жасамағанмен, ол террористік топтың мақсатын біліп, соларға көмектескені үшін қатаң жазаға сотталды.

Ақтөбе қалалық сотының үкімімен М., А., Т. адамдар тобы болып, әлеуметтік және діни алауыздықты қоздыруға және азаматтардың діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттерді телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, терроризмді насихаттағаны, терроризм актісін жасауға жария түрде шақырумен ұштасқан қылмыстар жасағандары үшін кінәлі болған.

М. ислам дінінің радикалды бағытын ұстанушы ретінде, қасақана тікелей ниетпен көрсетілген іс-әрекеттер барысында, өзінің абоненттік нөмірін қолдану арқылы террористік әрекеттерге шақырған бейнероликті Шалқар қаласының тұрғындарына жіберген. Содан кейін сыбайластары А. мен Т. қосылып, қылмыстық әрекеттерін жалғастырып, терроризмді  насихаттау  бағытында «Whats App» мессенджерінде бірнеше рет діни алауыздықты қоздыру үшін текстік хабарламалар таратқан.

Іс бойынша тағайындалып өткізілген сот психолого-филологиялық және дін танушылық сарапшыларының қорытындысына сәйкес сараптамаға ұсынылған бейнероликтерде және текстік хабарламаларда терроризмді насихаттау, терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру белгілері толық анықталған.

Жоғарыда айқындалған дәлелдерге сүйене отырып,  сот М. және А-ның әрқайсысын 8 жылға Т-ны 6 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айырып, түзеу колониясына жіберді.

Көрсетілген санаттағы қылмыстық істердің қатарында жиі кездесетіні - ҚК-нің 273 (1997 жылғы редакциямен 242 бап) бабында жазылған «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» қылмысы. Бұл қылмыс та ауыр қылмыстар тобына жатады.  Сот практикасында анықталғандай, жалған хабарлау басым көпшілігінде кінәлі адамдармен мастықпен жасалатыны. Түрткі болатын себептер де әртүрлі - әлдекімнен өш алу, мекемелердің, оқу орындарының уақытша жұмысын тоқтатып, жұмысқа шықпау, оқуға бармау және т.б. Кейбір кінәлілер, соның ішінде жас адамдар, өз әрекеттеріне мән бермегендіктен, балалық ойымпаздықпен жасадық деп ақталуға тырысады.

Әрине терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау ел ішінде қорқыныш туғызады, халықты дүрліктіреді, мекемелердің, кәсіпорындардың, күнделікті жұмыс кестесін бұзады. Осындай жалған хабарлама алысымен құқыққорғау органдарының кезекші қызметкерлері, арнайы органдар қылмыс болады деген жерге жасақталып жетеді. Осының нәтижесінде моральдық, материалдық шығындар жұмасалады. Әрине, террористік актісі туралы көрінеу жалған хабарлау жасағандар бірден анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып сотталады, ал келтірген залалдың барлығы қылмыскерлерден өндіріледі.

 

Қарлығаш ЕРҒАЛИЕВА,

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының бас консультанты