Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
1925 және 1931 жылдары Александр Викторович Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» еңбектері жарық көргені баршаға аян. ХХ ғасыр басында жазылған бұл еңбектердің өнертану ғылымы үшін маңызы зор. Тіпті қазақ музыкасының төлқұжаты десек те қателеспейміз.
«Қазақтың 500 ән-күйі» жинағының алғы сөзінде Мағира Шамшуддинова, Ғаппас Айтбаев, Қали Байжанов сынды қазақ ән өнерінің алыптарын жазып алғанын айта келе мынадай жолдарды кездестіреміз:
«Жазды күні қалаға курс тыңдауға келген Семей, Қарқаралы, павлодарлық халық мұғалімдерінен өте құнды мәліметтер жазып алдым. Жол тауқыметі мен уақыт тапшылығына байланысты барып жазу қиялыма да кірмеген әр түкпірден жиналған бұл жастар берген материалдың құндылығы соншалық, сол өңірлерге тән музыкалық әуен-сарындарды тереңірек және толық түсінуіме мүмкіндік берді. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаевты Мәскеуде, ән өнерінің білгірі Қаныш Сәтбаевты, талантты кәсіби әнші Бісіміллә Балабековті, белгілі жас ақын Ілияс Жансүгіровті, т.б. Қызылордада хаттап алған ондаған жазбаларыммен қоса «Қазақтың 500 ән-күйі» еңбегімнің Семейлік бөліміне кіргіздім».
Бұл жазбаға мән берер болсақ, композитор, фольклорист, музыкатанушы әрі музыка сыншысы А.В.Затаевич Қаныш Имантайұлын қазақ әнінің білгірі деп нақты айтып отыр. Демек Қаныш Сәтбаев пен А.В.Затаевич арасында ән жазу барысында қазақ әнінің формасына, текстологиясына, шығу тарихына, ән табиғатына байланысты ұзақ әңгіме өрбіген деп топшылаймыз. Затаевич халық мұғалімдері берген ақпараттардың құндылығына мән беріп, жазып алған материалды тереңірек түсінуіме жол ашты дейді.
Қаныш Сәтбаев Затаевичке ең көп ән жаздырғандардың қатарында. Бір өзі 25 ән орындап хатқа түсіртеді. Қазіргі күні дәстүрлі әнде оқып жүрген жастарымыз 25 әнді толық игерсе жаман емес деп жатамыз. Қаныш Имантайұлы 25 ән жаздырғанымен, қоржынындағы ән қоры сонымен түгесілді деген сөз емес. Халықтың аузында жүрген әндердің дені Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» еңбегіне кірген. Екінші жинаққа автор бірінші кітапта жазылмаған ән-күйлерді топтастырған. Яғни сирек орындалатын, ел ішінде ұмыт бола бастаған әндерді Қанекең білетін болып тұр. Ол берген материалдың ішінде аса құнды деп табылатын Шөженің сарыны, Арқаның қиссасының әуені мен «Іңкәр» (халық әні «Аққұмды» Қаныш Сәтбаев «Іңкәр» деп берген) сынды ғажайып туындылар кітапқа енді. «Шөженің сарыны» мен қиссаның әуенін нотаға түсіртуінде де үлкен мағына бар. Бүгінгі күні ұмыт бола бастаған қисса мен сарындар ән өнерінің бастау бұлағы еді ғой. Жас Қаныш сол кездің өзінде халық классиктері шығармаларының түпкі тамырын танып қана қоймай, болашаққа жеткізуді мақсат еткен.
Ел ішіне кең тараған халық әні «Аққұмды» Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан партиясына пайдаланғаны белгілі. Әннің өзі де ария іспетті ащы айғайға салып шырқап айтуды қалап тұрады.
2015 жылы «Сыр сандық» атты еңбек жарыққа шықты. Сол кітапты жазу барысында А.В.Затаевичтың кітабынан Қаныш Имантайұлы жеткізуіндегі халық әні «Іңкәр» әнін транспозиция жасап, домбыра тональностіне келтіріп қайта жаздым. «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, бір ғасырдай тасада жатқан «Іңкәр» әні осы күні халық әншілерінің репертуарына еніп, сахна төрінен орын алды. Себебі Қаныш Сәтбаев орындаған нұсқа мүлдем бөлек еді. Қоңырлатып бастап, сызылта салып, ғашықтық романсқа айналдырған деуге болады. Әнге өзгеше трактовка жасаған. Ғалым А.Затаевич кәсіби әншілердің кез келген туындыға өз пікірін білдіретінін жақсы біледі. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың музыкалық қабілетін (чутье), әннің үддесінен шығып жеткізе айтатынын, өнер турасындағы терең пайымын байқаған соң «ән өнерінің білгірі» деп бағалап тұр.
Затаевич «Қазақтың 1000 әні» жинағының алғысөзін түйіндей келе: «Вам, мои дорогие друзя-джигиты, посвящаю и Вам возврашаю я этот труд, сработанный с Вами в годину голода, холода и эпидемий», дейді.
Сол қиын да күрделі заманда Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаевтар халық әнін сақтап қалудың қамын жасады. Кешегі Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Дәнеш Рақышев, олардың ізбасарлары Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Алмас Алматовтар мен халық әншілерінің консерваториялық білім алуын жолға қойған Дүйсен Қасейінов ағаларымызды аманат арқалаған тұлғалар десек жаңылыса қоймаймыз. Егер де біз халық әнін Сұлтанмахмұтша айтқанда «қазақтың жаны» деп түсінсек, академик Сәтбаев тойы ғылымның және қазақ руханиятының мерекесі деп қабылдағанымыз жөн шығар.
Қайрат АЙТБАЕВ,
күйші, өнертанушы