Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың биыл Атырауда болған отырысында: «Кейінгі жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. «Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Осы орайда «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасын ерекше атап өткім келеді. Жобаға Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді. Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрді. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған.
Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды», деді.
1941 жылғы 22 маусымда басталып, 1418 күнге, яғни 4 жылға созылған адамзат тарихындағы ең қанды соғысқа соңғы деректер бойынша елімізден 1 366 164 адам қатысқан. Олардың 602 928-і неміс фашистерімен кескілескен шайқастарда қаза тапқан. 500-ге жуығы сол кездегі ең жоғары марапат – «Кеңес Одағының Батыры» атағына және оған қоса берілген Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медаліне ие болған. Алайда 133 майдангер жерлесімізге осы атақты беру туралы ұсыныстар жоғары жақта қолдау таппаған болып шықты.
«Ештен де кеш жақсы» дегендей, қас батырларға жасалған тарихи әділетсіздік біртіндеп түзетіліп жатыр. Мәселен, «Кеңес Одағының Батыры» атағы 1946 жылы соғыста взвод командирі болған аға лейтенант Құдайберген Сұрағановқа, 1965 жылы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болған генерал-майор Сабыр Рахымовқа, 1990 жылы даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді.
Еліміз тәуелсіздік алған соң Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерекше ерлік көрсетсе де «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмаған майдангерлерге «Халық Қаһарманы» атағын беру игі дәстүрге айналды. Солардың бірі – Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қаһарман лейтенант Рақымжан Қошқарбаев. Бүгінде Ресей тарихшыларының өздері де осы ерлікті бірінші болып жасаған сержант Михаил Егоров пен кіші сержант Мелитон Кантария емес, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер-барлаушы Григорий Болатов екенін мойындап отыр. Бұл – кеңес одағы коммунистік партиясының бас хатшысы Иосиф Сталиннің жеке басына табыну кезінде компартия идеологтарының жау ордасына ту тігу құрметін рәміздік мағынамен ұлттары орыс пен грузин жауынгерлерге беруді ұйғарып, жалғандыққа барғанының салдары. Сөйтіп, М.Егоров пен М.Кантария 1945 жылғы 8 мамырда «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Ал осы жоғары марапатқа ұсынылған Р. Қошқарбаев пен Г.Болатов сол жылғы 18 маусымда «Қызыл Ту» орденімен ғана марапатталды. Кейін Бауыржан Момышұлы, Қазақ КСР компартиясы орталық комитетінің хатшысы Кәкімжан Қазыбаев, көрнекті ақын-жазушылар Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев Рақымжан Қошқарбаевқа «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы өтінішхат жазып, оны республика басшысы Дінмұхамед Қонаев КОКП орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневке апарып бергенімен, одан еш нәтиже шықпаған. Сол сияқты Ресейдің Киров облысының губернаторы Никита Белыхтың Григорий Болатовқа «Кеңес Одағының Батыры» атағын әперуге тырысқан әрекеті де сәтсіз аяқталған. Зерттеушілердің кейбірі мұны Р. Қошқарбаевтың әкесі «Халық жауы» атанып сотталғандығымен, ал Г.Болатов соғыстан кейін қылмыс жасады деген айыппен бір жарым жыл түрмеге отырып шыққанымен және өзіне жұрт қойған «Гриша-рейхстаг» деген мазақ атқа төзбей, маскүнемдікке салынып, 47 жасында асылып өлгендігімен байланыстырады. Р.Қошқарбаевқа жасалған қиянат еліміз тәуелсіздік алған соң ғана түзетіліп, оған 1999 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Кейінгі жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен майор Александр Несмиянов, атақты мергендер Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменов Халық Қаһармандары қатарына қосылды.
Шынтуайтында, ең жоғары наградаға ұсынылмаса да, ерлігі ел аузында жүрген батырлар да аз емес. Солардың бірі – майданға Ақтөбе облысынан аттанған Ақби Рақов. Оған жерлестері «Халық Қаһарманы» атағын беру мәселесін көптен бері көтеріп жүр. Ақтөбелік журналист Жанғабыл Қабақбаевтың жазуынша («Ана тілі» газеті, 2023 жылғы 19 қаңтар), Ақби Рақов 18 жасында майданға өзі сұранып барған. Әуелі Орынбор қаласындағы танк училищесінде оқып, лейтенант шенін алып шыққан соң Украина майданына жіберілген. 1943 жылғы қазан айында Днепрдің оң жағалауында болған сұрапыл шайқаста асқан ерлік көрсеткен. Алайда ауыр жарақат алып, тұтқынға түсіп, концлагерде азап шеккен. Соғыс аяқталған соң И.Сталиннің жау қолына түскен жауынгерлерге сенімсіздік білдірген қатал бұйрығына сәйкес тексеру-сүзгі лагерінде болған. Одан кейін Донбастың шахталарын қалпына келтіру жұмысына аттандырылған. Кейін өзінің КСРО қорғаныс министрлігіне жолдаған өтініші бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде соғыста көзсіз батырлық көрсеткені анықталған. Қаһарман танкіші 26 жасқа қараған шағында соғыста алған ауыр жарақат салдарынан 1949 жылы қайтыс болған. А.Рақовтың ерлігін айғақтаған құжаттар Украинаның Киев облысындағы Балыко-Щучинка ауылының «Букринск плацдармын ерлікпен қорғау» музейінде, Украина мен Беларусьтегі «Оныншы танк дивизиясы» музейінде, Беларусь әскери округінің оқу орталығында мәңгі сақтауға қойылған. Ал 10-шы танк корпусының командирі, отставкадағы генерал-лейтенант Иван Магонов «Десятый танковый» және «Днепровский» кітаптарында Ақби Рақов туралы да естелік жазуымен қатар, 1988 жылғы 25 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына өтінішхат жазып, марқұм қазақ жауынгеріне «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруді ұсынған.
«Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылған майдангерлердің қайсысы болсын Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік жасағаны күмәнсіз. Бірақ оларға осы жоғары марапаттың берілмеуінің әртүрлі себебі болуы мүмкін. Бірақ сол ерлердің жасаған ерлігінен қалың жұртшылық хабардар болғаны абзал. Біз мейлінше батырларымызды кеңінен насихаттап, құрмет көрсеткеніміз жөн.