Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жаңа Жолдауында алдағы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталған Президент ең алдымен Үкімет пен Ұлттық банкке ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюды тапсырғандығының маңызы зор. Өйткені кейінгі кезде нақты секторға несие ойдағыдай берілмей жатқаны, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін таппағандығы жөнінде сыни ескертпе жиі айтылып жүргенімен, оған екінші деңгейдегі банктердің құлақ асқаны шамалы. Мұның өзі еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігін арттыруға кедергі болып келді. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидентіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным», дей келіп, банктер туралы жаңа заң қабылдауды ұсынғаны – нақты да пәрменді шара. Шынтуайтында, 1995 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң аттөбеліндей азғантай топтың мүддесін қорғап, коммерциялық банктердің халық пен мемлекетті сүліктей соруына жол ашып берген болатын. Енді олардың иелері «судың да сұрауы болатынын» түсінетін кез жетті.
Президент қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқандығын ашық айтып, қазына қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғаруды тапсырды. Соның ішінде әкімдердің шағын және орта бизнестен түсетін салықтан жиналған қаржыны пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсай бастағандығын сынады. Осы орайда жаңа Үкімет алғашқы батыл қадамын ысырапшылдықтан арылудан бастап, республикалық және жергілікті бюджеттердің барлығына тексеру жүргізудің нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қаражатты оңтайландыруға ұсынғандығын айтқан жөн. Осыншама қаржы мемлекеттік органдардың әртүрлі форумдар өткізуге, әлеуметтік зерттеулер жүргізуге, іссапарларға шығуға арналған әкімшілік шығыстарын қысқарту, әкімшілік ғимараттар салу және оларды жөндеу жұмыстары сияқты аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау есебінен үнемделген. Дегенмен бұл ретте әлі де ойланарлық мәселелер бары анық. Мысалы, бюджет есебінен мерейтой өткізуді тәртіпке келтірген жөн. Бұған заңды негіз болатын құжат та бар. Ол – Үкіметтің «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысы. Осы құжатта облыстардың, қалалардың, ұйымдардың және жекелеген тұлғалардың мерейтойлары жүз жылдығында, одан кейiн әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi деп көрсетілген. Бірақ бұл тәртіптің сақталуын ешкім қадағалап отырған жоқ. Себебі, кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап 90-95 жылдығына дейін думандата атап өтіліп жатады. Белгілі тұлғалардың 60, 70, 80, 90 жасқа толуына орай мадақ айтудан басқа, ешқандай ғылыми жаңалығы жоқ «ғылыми-практикалық конференциялар» өткізу де «сәнге» айналды.
Жолдауда мемлекеттік органдардың алдына еліміздегі инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу міндеті қойылды. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы Үкімет жанынан құрылған Инвестиция штабы металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашқаны, Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастағаны атап өтілді. Алайда кәсіпкерлерден өздерін мемлекеттік органдар шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатқандықтан, Президент Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюды тапсырды, сондай-ақ бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасауды аса ауыр құқық бұзушылық деп санауды ұсынды. Шынында да, «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, кей шенеунік алдына қалтасы қалың кәсіпкер шаруасын айтып келе қалса, алақаны қышып, тамағы ісініп кететін жаман әдетін қоя алмай жүргені анық. Сондай жемқорлардың бюрократиялық кедергілеріне тап болып, тауы шағылған кәсіпкерлер өз құқын қорғау үшін прокуратура органдарына шағынуға мәжбүр болған мысалдар әлі де аз емес.
Жолдаудағы «капиталды заңдастыру» үшін кәсіпкерлердің міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажеттігі туралы талапты нормативтік тұрғыдан бекіту туралы ұсыныс – ізгі де, ұтымды шара. «Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады», деп ескертті Президент.
Жолдаудағы агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу туралы ұсыныс та шаруалардың көпшілігінің көкейіндегі ойды дөп басқаны даусыз. Өйткені олардың бәрі бірдей мемлекеттік бюджеттен бөлінген субсидияға қол жеткізе алмай жүр. Бұл шара ауыл шаруашылығы саласындағы көзбояушылық пен сыбайлас жемқорлықты жоюға да ықпалын тигізетіні күмәнсіз. Мемлекет басшысы: «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек», деп ауыл шаруашылығында белең алған былық-шылықты әшкерелей айтты. Мұндай көзбояушылық еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретіні де сөзсіз.
Жолдауда Үкімет еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген 17 ірі жобаның тізімін жасағаны айтылды. Осы орайда Мемлекет басшысы тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі екендігін атап айтып, Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырды. Бұл шараға, әсіресе «көгілдір отынның» келуін ондаған жылдар бойы сарыла күтіп отырған солтүстік және шығыс өңірлердің тұрғындары үлкен үміт артып отыр.
Президент ел экономикасының энергияға күннен-күнге артып келе жатқан сұранысын атом энергетикасы қамтамасыз ете алатындығы жайлы ойын ашық айтқанымен, осы маңызды мәселенің нақты шешімін қабылдауды халықтың өзіне тапсырып, 6 қазанда жалпыұлттық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының бұл шешімі – оның өзі ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жасалған қадам.
Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымда – 12 мың шақырымға жуық автомобиль жолы салынып және жөнделіп жатыр. Бұл ретте жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның да маңызы зор. Осыған орай Мемлекет басшысы аталған бағдарламаны кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды. Бұл – әсіресе қысы-жазы жол машақатын көріп, қиналып жүрген шалғай ауылдардың тұрғындары үшін үлкен жақсылық болмақ.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында сөйлеген сөзінде озық әрі табысты елге айналудың басты кілті ретінде «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұсынғаны мәлім. Соған сәйкес Президент келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Еліміз кеңес заманындағы жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшкен жылдарда адал еңбек етіп жүрген қарапайым адамдардың қадірі түсіп, жұмысшы мамандықтарын қалаған жастар қатары селдіреп кеткені жасырын емес. Мемлекет басшысының еңбек адамдарын құрметтеуге бағытталған бастамасы сол кемшілікті түзетуді көздегені әрі елімізді – әлеуметтік мемлекет, ал оның ең қымбат қазынасы – адам деп жариялаған Ата заңымызбен үндесіп тұрғаны кәміл.
Тағы бір маңызды жайт – Президент Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру міндеті қойылды. Шынтуайтында, бұл ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауына айналуға тиіс. Себебі заң үстемдік құрып, темірдей тәртіп орнығатын елде экономикалық өсім де, қоғамдық оптимизм де болатыны даусыз. Халқымыздың аңызға айналған даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөзді бекерден-бекер айтпаса керек.