ЖОЛДАУ • 11 Қыркүйек, 2024

Әлімжеттіктен әлі де арылған жоқпыз

79 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауда әскерге аттанған жастарымыздың қауіпсіздігіне ең алдымен армия басшы­лы­ғы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін айтты.

Әлімжеттіктен әлі де арылған жоқпыз

Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz

Журналистика саласында еңбек еткен жылдары Отан алдындағы міндетін өтеуге жіберген ұлдарынан айырылып, қара жамылған отбасылар көп болғанын көзіміз көрді. Мысалы, осыдан 5-6 жыл бұрын әскердегі сарбаз атылып қалды. Кейін оны шүріппені байқаусызда өзі басып жіберген деп жариялады. Бұл қаншалықты ақылға сыяды? Күні кеше Ербаян есімді бауырымыздың әскерде жүріп қандай ауыр жағдайға тап болғанын бүкіл ел көрді. Зіңгіт­тей жігіттің әжетхана ішінде құлап, соншалықты ауыр дертке шалдыққанына кім сенеді? Бұл оқиғалардың бәрі әлі күнге әскерде әлімжеттік бар екенін, сондай-ақ ол бұрынғыша жасырылып, жабулы тақырып күйін­де келе жатқанын көрсетеді. Оны Мемлекет басшысының өзі Жолдауда айтып отырғаны да бекер емес. Қорғаныс министр­­­лігінің басшылығы мен құқық қорғау саласындағы өзге де мекемелер бұған жіті назар аударуға тиіс.

Егер осындай оқиғалар қайта­лана берсе, әскерге кеткен балаларымыз әркім­нен тиын-тебен сұрап жүрсе, таяқ жеп, үйіне мүге­­дек болып оралып жатса, бұл – жүйеде үлкен проблема бар екенінің айқын көрсеткіші. Мұны тоқтату керек. Сондай-ақ әскер саласына үлкен рефор­­­­­­ма қажет. Бұл реформаны цифр­­лық платформа жасаудан бастасақ деген ойым бар. Бала­ла­рымыздың қауіп­сіз­дігін тікелей режімде көріп оты­ра­тын жүйе керек. Олар қо­лында телефон ұстамайды, бірақ боп­салайтын кезде телефон табыла қала­ты­ны қызық.

Біз жастарға әскерге бару мін­дет дейміз. Шын мәнінде, олар әскерге, Отанды қорғауға міндет­­­теу­мен емес, өзінің қалауы­мен баруы керек. Ол үшін біз жоғарыда аталған келең­сіздіктерді жойып, тиісті жағ­дай жасауымыз қажет. Әс­­­керде қауіп-қатер жоқ екеніне олардың ата-аналарының да көзін жеткізген жөн. Жауырды жаба тоқығанмен, жараның жазылмайтыны белгілі, сондықтан бұл жағдайға барынша көңіл аудару керек. Егер жағдай осы беті­мен кете берсе, қоғамның тиіс­ті реакциясы болады. Қолдан әлеуметтік дүрдараздық тудыр­­маған жөн.

 

Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ,

Мәжіліс депутаты