– Мұхтарбай аға, АЭС туралы таңдау референдумға шығарылғаны туралы пікіріңізді білсек?
– Өз басым АЭС салу мәселесінің жалпы халықтық референдумға шығарылуын құптамаймын. Себебі мұнда қарапайым халық дұрыс таңдау жасай алмауы әбден мүмкін. Өйткені жұрт игілігіне жаратылады деген АЭС-ке көзсіз қарсы – сөзуарлар не болса соны айтып, елді адастырғысы келеді. Дәл қазір солай жасап та жатыр. Ғылым жетістігін жетік білмей тұрып, келешектің қалай боларын анық болжау қиын. Сондықтан АЭС мәселесін қарапайым жұрт алдына шығарып, референдумға салмай, саланың саңлақ ғалымдары мен білікті мамандарынан құрылған комиссия шешкені дұрыс еді. Жаңаның жақсы жағын көрмеген, білмеген ел кейде оңбай қателеседі.
– Бұл мәселе уақытынан ерте көтерілді деп ойлайсыз ба?
– Жоқ. АЭС бізге дәл қазір өте қажет болмаса да, таяу келешекте керек болатыны анық. Бұл ғылыми технология мен техниканың осы заманғы үздік жетістігі ғой. Тағы қайталайын, оның қаупі бар. Десек те, өмірде таза мінсіз, қауіпсіз нәрсе бар ма өзі? Өткен ғасыр басында Орталық Азияға теміржол тартылып, отарба кіріп келгенде де қарапайым жұрттың есі шығып, оның игілігін түсіне алмаған. Адам баласының әуе мен ғарышқа ұшуына да қарсылық танытқандар басым болған. Сондықтан қауіп бар екен деп өркениеттің ғылыми технологиялық жетістігінен көзді жұмып бас тартуға болмайды.
Саладағы бір ғалым «атом энергетикасына қарсылық – өркениетке, тәуелсіздікке қарсылық» деген еді. Мен осы тұжырымды құптаймын. Әрине, АЭС-ке маман даярлауды, оны кімге салдыруды мұқият ойлану керек. Құрылымы өте күрделі мұндай алып нысан құрылысын әсіресе көрші мемлекеттерге сеніп беруге болмайды. Меніңше, құрылыс материалы, логистикасы қымбат болуына қарамай, бізден алыс елдегі, салада тәжірибесі мол, таңдаулы компанияға салдырған дұрыс. Оған қоса, МАГАТЭ-нің әрбір ұсыныс-пікірін ескеріп, мүлтіксіз орындауға тиіс. Әйтпесе кейбір мемлекет АЭС-ті саяси мақсатқа пайдаланып, қысым көрсетуі бек мүмкін. Оны көріп те отырмыз. Бұл – жеке пікірім.
– АЭС – ғылым жетістігі деп қалдыңыз. Жұртшылықты бұған қалай иландырамыз?
– Тынбай, талмай түсіндіру керек. Жұрттың бәрі ғалым емес. Ғылыми жетістікті қолдана отырып, АЭС-тің қауіпсіздігін қазіргі талаптарға сай арттырса, одан төнетін қатер жоқ. Есесіне ең арзан әрі сарқылмас сенімді электр энергиясы бар. Халыққа осыны ұқтырған абзал. Қолданыстағы көмір жағып энергия өндіретін электр стансалары ауаны ластап, қаншама онкологиялық ауруды тудырып, жап-жас азаматтардың өмірін мезгілсіз қиып жатыр. Сөзуарлар қазіргі тұрмыстың осы тұсына терең үңілгені дұрыс. Сондай-ақ сенімді мәліметтерге көз салсақ, табиғи газдың да түбі де көрініп қалыпты. Бүгінде халықты көгілдір отынмен толық қамтуға газ қоры жете ме, жоқ па деген үлкен сұрақ тұр. Оның үстіне газ турбиналары жасыл энергия қатарына кірмейді. Кезі келіп, мұнай мен газдан да бас тартамыз. Себебі ауаны ластайтын газ шығарындыларына қатысты Париж конференциясы ешбір елдің көз жасына қарамайды. Ондағы қатал шешімдер мен ауыр талаптар Жер-Ананы аман сақтап қалу мақсатында қабылданған.
Газ бен мұнайды өтпелі кезеңде пайдалануға болады. Бірақ әріден ойласақ, атом энергетикасын халық игілігіне жаратуға міндеттіміз. Өркениеттен бас тартып, адамзат керуенінің соңында ілбіп, ескі жұртта қалып қоймайық. Балама энергия деп жүрген күн мен жел қуатына да қарсылығымыз жоқ. Ол да дами берсін. Бірақ желі бір-екі бағытта ғана қалыпты соғатын, қуатты желі жоқ, Африка құрлығындағыдай ми қайнатар шақырайған күні жоқ біздің елде жаңартылған энергия көзінің дамуы екіталай.
Бір кездері бөтен мақсатты көздеген біреулер мұны – тиімді балама энергия қуаты деп орынсыз тықпалаған ба деген ой мазалайды. Теңіз жағасына орналасқан елдерде әрі-бері соғатын қалыпты теңіз желі бар. Сәт сайын құбылып, ұйытқып соғатын қазақ жеріндегі желден тұрақты энергия алу қиын. Бізге қарағанда күні ыстық, аспанында бұлты аз Өзбекстан ойланбастан АЭС салатын ақымақ па? Жыл өткен сайын қары еріп, Алатауы жалаңаштанып келе жатқан қырғыз да ертеңгі күні АЭС саламын деуі ғажап емес. Сонда айналадағы елдің бәрінде АЭС бар да, біз оларға шикі уран ұсынып, электр тоғын сұрап, алақан жайып отырамыз ба?
– Халық дұрыс таңдау жасаған жағдайда қалай болады?
– Ондай оң шешім шықса, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегені дұрыс. Бастысы өзімізге сенімді болуымыз керек. Елімізде 70 жылға жуық уақыт бойы атом реакторы жұмыс істеп келеді. Реактор Алматыдағы «Ядролық физика институты» құзырында. МАГАТЭ мен басқа да халықаралық ұйымдар талабы үдесінен шыққан институт жетістіктері осыған дәлел. Курчатовтағы «Ұлттық ядролық орталықтың» саладағы ғылыми, кәсіби жұмыстарына дүние жүзінің осы саладағы ғалым мамандарының бәрі бейіл. Сөзуарлар осыны көрмей, білмей елді адастырмақ па?
Енді көзге түскен бейбіт атом артықшылықтарын тізіп көрейін. АЭС – электр энергиясының сенімді, тұрақты көзі. Сондай-ақ экономикалық өсудің, ғылым мен білім дамуының драйвері. Оның құрылысы жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді. Оны салу кезінде 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын ашады. Толық жанған кезде 4%-ға дейін байытылған 1 кило уран шамамен 100 тонна жоғары сұрыпты көмірді немесе 60 тонна мұнайды жағуға тең энергия бөледі. Ядролық реактордағы 1 уран таблеткасы 3 жыл ішінде 1 400 кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Осы энергиямен тағамы бар тоңазытқыш 4 жыл, компьютер 300, ал теледидар 200 күн бойы үзіліссіз жұмыс істейді.
АЭС – көміртегісіз энергияның құрамдас бөлігі. Мысалы, жыл сайын 1 000 МВт АЭС пайдалану парниктік газ шығарындыларын 4 млн тоннаға азайтады. Ядролық энергия – жаһандық жылынумен күресу құралының бірі. Еуропада АЭС жыл сайын 700 млн тонна СО2 шығарындысының алдын алады. АЭС – 80 жылға жуық уақыт сенімді энергия көзі болады. Атом энергетикасының дамуы ғылыми зерттеулер мен жоғары технологиялық өнім өндірісінің өсуіне ықпал етеді. Әлемдік экономиканың ең жас және қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Бейбіт ядролық технологияларды енгізіп жатқан елдер саны артып келеді.
АЭС инфрақұрылымды дамыту мен көлік жолдарын, мектеп, аурухана, тұрғын үй салуды, жер ресурстарын ұтымды пайдалануды талап етеді. 1 000 МВт электр энергиясын өндіру үшін әртүрлі энергия көзі әртүрлі жер көлемін қажет етеді. Жел стансасы – 60 000 гектар, күн стансасы – 15 000 гектар, су стансасы – 400 000 гектар, АЭС – 400 гектарға дейін.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»