
– Роза Қуанышқызы, бес күндік сапарды бақылап отырғанда ұққанымыз, бұл Моңғолия еліне алғаш барған сапарыңыз екен. Әлемнің талай елін аралағанда, іргедегі көрші мемлекетке осы уақытқа дейін жол түспеуінің себебі неде?
– Қандай да бір мемлекетке гастрольдік сапарға шығу мәселесі жеке менің шешіміме байланысты қабылданбайды. Мен ел таңдайтын, жер таңдайтын әнші емеспін. Өзім сұранып бару – табиғатыма жат мінез. «Шақырмаса барма, шақырған жерден қалма» деген абырой мен ұятты меңзеген қазақтың аталы сөзінен аттап кете алмадым. Мен – Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мемлекеттік «Қазақконцерттің», Алматы қаласы әкімдігіне қарасты эстрада-симфониялық оркестрінің әртісімін. Бұл жолы да Моңғолия мемлекетінің арнайы шақыруымен барған жоқпын. Осы уақытқа дейін өнерде жүрген әріптестерімнің Баян-Өлгей жеріне сапарлап барып-келіп жүргенін байқайтын едім. Бірде: «Елдің бәрі Моңғолияға барып-қайтып жатады, мені неге шақырмайды екен?» деп, ойымды Ясира Заханқызына базына етіп білдіріп едім, «шұрқ етпе, сені өзім алып барамын» деді. Ясира – Баян-Өлгей жерінде дүниеге келген қыз, елге келгеніне отыз жылдан асты. Екі елдің де жағдайын жақсы біледі. Біз келмей жатып, екі концерттің билеті сатылып кеткен екен. Халық шулап, реніш білдірген соң үшінші концертті беруді ұйғардық. Бауырлардың көңілінде өкпе-сыз қалғанын қаламадым. Үшінші концерттің де билеті бас-аяғы төрт-бес сағатта сатылып кетті. Сөйтіп, Баян-Өлгейдің музыкалық драма театрында үш концертті қатар қойып, халықтың көңілінен шығып, ризашылығын алып қайттық.
– «Сырт көз – сыншы» ғой, Моңғолиядағы қандастарымыз туралы қандай ой түйіп қайттыңыз? Көңіл күйі, әлеуметтік ахуалы, рухани тынысы туралы ой бағамдай алдыңыз ба?
– Баян-Өлгейде 90 пайыз қазақ ұлты тұрады. Мектебі – қазақша, тілі – қазақша, бауырларымыз өзінің тілін, мәдениетін, дәстүрін қаз-қалпында сақтаған. Балалардың, жастардың тәрбиесі қазақи. Өз еліміздің бір облысына барып қайтқандай болдым. Ұланбатырда қазақ зиялылары көп тұрады екен. Біз оны Моңғолия астанасының 1300 орындық Орталық мәдениет сарайында концерт бергенімізде байқадық. Моңғолия Парламентінде бес қазақ азаматы депутат болып отыр. Ұланбатырдың көптеген жетекші жоғары оқу орындарында Америкада, Еуропада білім алған қазақ ғалымдары, профессорлар сабақ береді. Ірі кәсіппен айналысатын бизнес өкілдерінің өзі бір төбе.
Мемлекеттік тіл – моңғол тілі, мемлекеттік тілмен бірге ағылшын тілінің үстемдігі барлық жерден байқалады. Моңғол жұртының қоғамдық орындардағы мәдениеті, тазалығы, жүріс-тұрысы маған өте ұнады.
Ұланбатырдың түбінде шахтерлер қаласы бар екен. Онда негізінен қазақтар жұмыс істейді. Сол төңіректе менмұндалаған қазақ мешіті де тұр. Біз қанша уақыт шахтерлермен, өзге де қаракөздерімізбен армансыз әңгіме-дүкен құрдық. Ғалымдармен, дәрігерлермен, жалпы зиялылармен бір күн кездесіп қайттым. Бұл менің өмірімдегі ешқашан ұмытылмайтын ең әсерлі сәт болмақ.
– Сіздердің алдыңыздан кілең ақ кимешекті әжелер, түлкі тымақты ақсақалдар, жалпы сол аймақтың жасы үлкен қарияларының шығып, қарсы алғаны көз қуандырды. «Алыстан алты жасар бала келсе...» деген салт сол қалпы сақталған екен, ә?
– Алдымнан тұлпар мінген азаматтар, қыранын ұстап бүркітшілер шыққанда, жүрегім жарыла жаздап, көзіме ыстық жас келді. «Елден келді» деген қандас бауырлардың құрметі бар, қалың қазаққа деген сағынышы бар, сол құрметті жүрегімнің әр талшығымен сезінгенім бар, қалай ғана көңілім босап, елжіремейін? Жанымның тоғыз қабат торқасын бұзып-жарып шыққан сезімім көзімнен жас болып парлап қана тұрды.
– Сол кездесулерден ерекше не байқадыңыз?
– Шет жұртта жүрген қандастарымыздың бәрінің аузынан ақ майы ағып, керемет өмір сүріп жатыр деп айта алмаймыз. Ал мына Моңғолияда моңғолың кім, қазағың кім, бәрібір. Қазақты екінші қатарға қою, ашық не жасырын қысым көрсету атымен жоқ. Моңғолияның мемлекеттік қызметінде, заң шығару орындарында, әлеуметтік салада, бизнесте, өнер мен мәдениетте жергілікті ұлтпен тең құқыққа ие болып, білек сыбанып еңбек етіп, бедел жинап, белгілі тұлғаға айналған қазақ азаматтары жетерлік екен.
«Әлия» мен «Цвети землядан» бастап, бүкіл репертуарымдағы әндерді жатқа білетін тыңдарманыммен кездестім. Өзім де концерттік бағдарламамды ел білетін әндерден түздім. Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, Жанбота Тұяқбаевтың әндерін көбірек орындадым. Халық қосылып шырқап отырды. Ясира Заханқызының маған арнап жазған әндері, өзге де белгілі, танымал әндері орындалды. Біздің «Ана туралы жыр» сияқты моңғолдың да «Миний эжээ» – «Менің анам» деген белгілі әнін өз тілінде орындадым. Сонымен бірге халық әндері де шырқалды. Бір сөзбен айтқанда, аудиторияны не қызықтырады, қандай ән тыңдағысы келеді, сол әнді орындауға тырыстым. Бір концертте 20 ән орындалғанда, үш концертте 60 ән шырқалды. Әрине, біраз қуат жұмсалды. Бірақ осы жолғы алған әсерім бәрінен ерекше. Себебі бауырларымыз бізді әбден күткен, сағынған, билетті пышақ үстінен бөліп алған. Мен сонау жетпісінші жылдардан бері халықтың алдында келе жатырмын. «Бүгінгі Роза қандай екен?» деген қызығушылықтары да болған шығар, бауырларымыздың маған деген құрметінен ерекше қуат алып қайттым.
– Роза Қуанышқызы, сізді жай әнші емес, «актриса-әнші» ретінде қабылдаймыз. Актер-әншіні жай әншілерден не ерекшелейді?
– Актерлік-әншілік – менің мамандығым. Театр және кино актері мамандығында оқыдым, елу жыл осы мамандықпен кәсіби айналысып, еңбек етіп келемін. Әншілік өнерде актерлік шеберлікті көп пайдаланамын. Вокалдық мүмкіндігімді көрсетіп қана қоймай, образға кіріп, әнді актриса ретінде орындаймын. Кеңес эстрадасындағы мыңдаған әншілердің ішінде әрі әнші, әрі актер санаулы ғана еді, олар: Людмила Гурченко, Алла Пугачева, Лолита Милявская, қазақ эстрадасында актриса-әнші ретінде мен танылдым. Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессорымын, сабақ беремін, менің шеберханамнан бітіріп шыққан шәкірттерім қазір үлкен театрлардың сахнасында ойнап жүр.
Ән деген – біз шығаратын өнім. Өндірісіміз, күнделікті жұмысымыз – осы. Композиторлар ән жазып алып келеді. Алғашқы нотасынан бастап жіліктеп шағып, менің диапазоныма, мінезіме, музыка туралы ұстанымыма сәйкес келе ме, жоқ па, стилі қандай, қандай көңіл күйді, ойды жеткізгісі келеді – ақырғы нотаға дейін сараптап, жан-жақты талқылаудан өткізіп, «тұтынушы қалай қабылдауы мүмкін?» деген тұрғыда түйін жасалады. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз болғанымен, өнерімізге баға беретін – халық. Құрмет көрсететін де, қол соғатын да, құшағымызды гүлге толтыратын да көрермен. Биыл «Сахнада – 50 жыл» деген есеп беру концертін жоспарлап отырмын. Уақыты әзірге белгісіз. Бірақ жыл соңына дейін елімнің алдында емтихан тапсыратын сәтке іштей дайындалып жүрмін.
– Ясира Заханқызы, тұтас бір мемлекеттің мәдениет министрлігі атқаратын жауапкершілігі мол жұмысты айналдырған екі-үш адам иықтарыңызға артып, Роза Қуанышқызын Өлгей қазақтарымен қауыштырып қайттыңыздар. Әлеуметтік желіде күн сайын сіздер жариялаған жаңалықтарды көріп, бірге сапарлас болғандай күй кешіп отырдық. Сіз ұйымдастырмағанда, бұл концерт әлі де ұзай берер ме еді?
– Тар заманның өзінде қазақты әлемге танытып, жарты ғасыр бойы адами, әншілік болмысына қылау түсірмей, халқына адал қызмет етіп келе жатқан Роза Рымбаева – аңызға айналған адам. Бұл үлкен тарихи сапар болды. Әр концерті жоғары деңгейде өтті. Моңғолияға алғаш рет барып тұрса да, сапарына аса жауапкершілікпен қарап, үлкен абыроймен атқарды. Бірінші, жырақтағы қаракөздерді бабы келіскен кәсіби шеберлігіне тәнті етті. Екінші, жүректен шыққан әндерін жүрекке қондырып, халықтың рухын көтеріп тастады. Үшінші, қазақы болмысы мен табиғилығы көптің көңілінен шықты. Ол жақтағы бауырлар алысқа кеткен қызы туған шаңыраққа оралғандай, туысы келгендей қуанды. Әртүрлі әлеуметтік мәртебеге ие топтармен кездесуде сол адамдардың өз тілімен сөйлесіп, қоян-қолтық араласып, өз ұстанымына берік, әділ, еркін көзқарастағы адам екенін аңғартты.
Біз Роза Қуанышқызы екеуміз осы сапарды ұйымдастыруға қолұшын созып, қолдау-көмегін аямаған «Сана» ағарту орталығының жетекшісі, Баян-Өлгейдің белгілі қайраткер қызы Шолпан Бірдіханға, талантты жас әнші Сағым Бейбітшілікқызына, Моңғол елінің Мәдениет министрлігі, Парламент мүшелері, Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігіне, Баян-Өлгей аймағының әкімшілігіне, Баян-Өлгей аймағының жерлестер алқасына мемлекеттік тұрғыдан Роза Рымбаеваның гастрольдік сапарына аса құрметпен мән беріп, жоғары деңгейде ұйымдастыруға жәрдем бергені үшін алғысымызды
айтамыз.
– Әсерлі әңгіме үшін сіздерге де алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен –
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»