Фото: Мәжіліс
Бұл өзгеріс мемлекеттік басқару жүйесін уақыт талабына бейімдеп қана қоймай, билік тармақтарының жұмысын жетілдіруге, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға және қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Отыз жылға жуық уақыт еліміздің құқықтық жүйесінің қалыптасуына және дамуына қызмет еткен қос палаталы Парламенттің соңғы бірлескен отырысында өткенге баға беріліп, алға жаңа міндеттер қойылды. Мыңдаған заң қабылданып, тәуелсіз еліміздің құқықтық іргетасы қаланып, мемлекеттің барлық саласын қамтыған реформалардың заңнамалық негізі жасалғаны айтылды.
Ендігі кезекте Қазақ елі мүлдем жаңа конституциялық модельге көшеді. Бір палаталы Құрылтай құрылып, еліміздің жоғары өкілді әрі заң шығарушы органы ретінде жұмысын бастайды. Бұл жай ғана институт атауының өзгеруі емес. Бұл – заң шығару үдерісін жетілдіруге, шешім қабылдау тетіктерін оңтайландыруға, халықтың мүддесіне жедел әрі тиімді жауап беретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Конституциялық реформалардың түпкі мақсаты – әділетті, ашық және жауапты мемлекет құру. Сондықтан алдағы кезеңде Құрылтайдың жұмысы заң шығару сапасын жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік институттардың өзара үйлесімді қызметіне және елдің орнықты дамуына тың серпін береді деп сенемін.
Абзал ҚҰСПАН,
заңгер