Саясат • Бүгін, 07:50

Әріптестікті нығайту – ортақ мақсат

10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордамызда өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында бірқатар шетелдік қонақпен кездесу өткізді.

Әріптестікті нығайту – ортақ мақсат

Сурет: akorda.kz

Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу барысында Қазақстан мен қаржы инс­титутының таяу жылдардағы ын­тымақтастық келешегі талқы­ланды.

Президент еліміздің экономи­калық дамуына үлес қосқаны үшін ЕҚДБ басшылығына ризашылық білдірді.

– Бізді стратегиялық қарым-қатынас байланыстырады. Қазақстан – Банктің негізгі серіктес мемлекеттерінің бірі. Мұн­дай ынтымақтастық біздің ұзақмерзімді саясатымызға сай. Өзара ықпалдастығымыз көптеген жылдан бері жалғасып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кейінгі отыз жылда Банк Қазақстандағы 354 жобаға 11 миллиард еуродан аса инвестиция құйған. Соның нәтижесінде еліміз ЕҚДБ-ның аймақтағы ірі серіктестерінің біріне айналды.

Бүгінде даму институты Қазақ­станда жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ арасында Серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылғанын құптады. Оның аясында еліміздің орнықты дамуына үлес қосу көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан озық экономика құру мақсатында өршіл реформаларды қолға алды.

Одиль Рено-Бассо Қазақстан­дағы стратегиялық мақсаттарды сапалы түрде іске асыруға бе­рік негіз қалайтын жағымды инвес­тициялық ахуал мен экономи­кадағы құрылымдық өзгерістерді оң бағалады.

– Біз үшін Қазақстан маңызды елдердің бірі саналады. Биыл инвестициялық белсенділік деңгейі өте жоғары. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Дайындалып жатқан жобалар бар екенін ескерсек, жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,3 миллиард еуроға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл Қазақстанда жұмыс істегеннен бері қол жеткізген ең жоғары инвестициялық көрсеткішіміз болмақ, – деді ЕҚДБ басшысы.

Одиль Рено-Бассо Қазақстан­ның инфрақұрылым, көлік байланысы, ирригация және энергетика секторларын дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге әзір екенін растады. Банк жеке сек­торға, шағын және орта бизнес­ке қолдау көрсетуге, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ниетті. Банктің инвестициялық қызметінің басым бағыттарының бірі – аса маңызды шикізат материалдары.

Әңгімелесу барысында цифр­ландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді. Еуропа қайта құру және даму банкі инновациялық экожүйелердің қалыптасуына қолдау біл­дірді, сондай-ақ Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясына үлес қосуға дайын.

* * *

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниялар тобы­ның бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабыл­дады.

Кездесу барысында цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу мақсаттарына сай телекоммуникация нарығын дамыту келешегі талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан VEON компаниясының отандық телекоммуникацияны және цифрлық экожүйені өркендетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Президент жасанды интеллект еліміздегі цифрлық трансфор­мацияның жаңа кезеңінде эко­номикалық өсімнің басты факторына айналғанына назар аударды.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниясының басшылығын заманауи есептеу жүйесі нысандарын салу және «бұлтты» сервистерді дамыту ісіне белсенді үлес қосуға шақырды.

Мухтерем Каан Терзиоглу компанияның озық телекоммуникация технологияларын енгізу және халықтың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыру жоспарын таныстырды. VEON алдағы үш жылда бизнесін екі есе ұлғайтып, еліміздің экономикасына тағы бір миллиард доллар инвестиция құюға ниетті. Инвестор «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға аса қызығушылық танытты.

Мемлекет басшысы компа­нияның бағыт-бағдарын құптап, еліміз инвесторларға қолайлы жағдай жасауға және өзара тиімді серіктестік қатынастарды нығайтуға әрдайым бейіл екенін растады.

* * *

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму бан­кінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кез­десті.

Кездесу барысында Президент Ислам даму банкі осы жылдар аралығында Қазақстанның ұлттық даму басымдықтарын қолдайтын сенімді серіктеске айналғанын атап өтті.

Бүгінге дейін Ислам банкі елімізге сомасы 4,2 миллиард доллардан астам қаржы бөлген. Ал қазіргі және келешектегі жобалар портфелі 3 миллиард доллардан асады.

Осы орайда Мемлекет басшысы су инфрақұрылымы, өзара көлік байланысы және индустриялық даму салаларындағы стратегиялық маңызды бастамаларға қолдау көрсеткені үшін қаржы инсти­тутының жетекшісіне ризашы­лығын білдірді.

Атап айтқанда, кейінгі жылдары ИДБ өз тарихындағы ең үлкен қаржыландыру пакетін мақұлдады. Оның аясына жалпы сомасы 1,15 миллиард доллар болатын Су ресурстарын дамыту бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары мен индустриялық парктеріндегі инфрақұрылымды дамытуды көздейтін құны 1,3 миллиард доллар негіздемелік келісім кіреді.

Әңгімелесу барысында 2027–2032 жылдарға арналған жаңа Стратегиялық серіктестік шеңберіндегі ықпалдастық мәселесі талқыланды.

Президент еліміздің ИДБ-мен ұзақмерзімді институционалдық серіктестікті жолға қоюға және қолайлы инвестициялық саясат жүргізуге бейіл екенін растады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ислам даму банкі топтарының жыл сайынғы кездесуін 2028 жылы Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысқа қолдау білдірді. Ауқымды инвестициялық іс-шараға Банкке мүше мемлекеттер мен қаржы институттарының өкілдері, халықаралық инвесторлар қатысады. 

* * *

Мемлекет басшысы АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Хуш Чоксиді қабылдады.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Президент Дональд Трамп Әкім­шілігімен сындарлы ықпал­дастықты нығайта түсуге әзір екенін растады. Сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвес­тициялық серіктестіктің стратегиялық сипатына айрықша назар аударды.

Президент Қазақстанның америкалық бизнес үшін қолайлы инвестициялық климат жасауға бейіл екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хуш Чокси ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде аса маңызды минералдарды игеру, энергетика, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, өзара көлік байланысы, озық технологиялар, ауыл шаруашылығы және қаржы қызметтері перспективасын талқылады.

Хуш Чокси байланыстарды одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екеніне тоқталып, өзара қызығушылық тудырған бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. 

* * *

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco Corporation атқа­рушы директоры Тим Гитцель­­мен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Cameco компаниясының «Қазато­мөнер­кәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамы­мен уран саласындағы 30 жылдық стратегиялық серіктес­тігінің нәтижесіне жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның өнеркәсіпті жаң­ғырту және қосылған құны жоғары өндірісті дамыту бағытын дәйекті түрде іске асырып келе жатқанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ел ішінде толық ядролық отын циклін қалыптастыру басым бағыттардың бірі саналады.

Кездесуде атом саласындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету, бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегі талқыланды. 

* * *

Мемлекет басшысы AD Ports Group басқарушы және бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Шамисиді қабылдады.

Президент AD Ports Group бүгінде теңіз арқылы тасымалдау және порт инфрақұрылымын дамыту саласында әлемдегі жетекші операторлардың бірі ретінде танылғанын атап өтті.

Әңгімелесу барысында Орта дәлізді дамыту аясында Каспий аймағының көлік-транзит әлеуетін кеңейту келешегі тал­қыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Брюссельге жасаған ресми сапары аясында Еуропалық Одақ басшылығы мен еуропалық іскерлік қоғамдастық өкілдері Транскаспий халықаралық көлік бағытын Азия мен Еуропаны жалғайтын негізгі көлік жол­дарының бірі ретінде бағалап, осы бағдар арқылы жүк ағынын кеңейтуге әзір екендерін айтқанын жеткізді.

Кездесуде жүк тасымалы саласындағы бірлескен кәсіп­орындар қызметіне, сондай-ақ порт инфрақұрылымын дамыту, астық және жүк терминалдарын салу мәселесіне баса мән берілді.

Мұхаммед Әл-Шамиси холдингтің ұзақмерзімді ынты­мақтастыққа және өңір­дегі серіктестікті нығайтуға стра­тегиялық тұрғыдан қызығу­шылық танытатынын растады. 

* * *

Мемлекет басшысы Anadolu Group холдингінің төр­ағасы Камиль Сулейман Языджиді қабылдады. Кездесу барысында инвестициялық ын­ты­мақтастықты одан әрі дамыту және экономиканың түрлі сек­торындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Президент холдинг құрамына енетін Efes Kazakhstan және Coca-Cola Almaty Bottlers кәсіпорындары елімізде көптеген жылдар бойы табыс тауып, жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға және салық түсімдерін ұлғайтуға үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Камиль Сулейман Языджи Мемлекет басшысына компаниялар тобының Қазақстандағы жұмыс нәтижесі мен жаңа инвестициялық бастамаларды қолға алу келешегі жөнінде мәлі­мет берді.

Атап айтқанда, Anadolu Group 30 жылда 1 миллиард долларға жуық инвестиция құйып, 10 мың­нан аса жұмыс орнын ашқан. Компанияның сусын өндірісі бойынша 5 зауыты бар, сондай-ақ Ақтөбе облысында 100 миллион доллар қаржы тартылған алтыншы кәсіпорынның құрылысы басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның экономиканы әртарап­тандыру, өнеркәсіпті жаңғырту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп келе жатқанына тоқталды.

Осы орайда Anadolu тобының Қазақстандағы қызмет аясын одан әрі кеңейтуге, соның ішін­де агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортқа бағдарланған, сондай-ақ инновацияларды енгізуге және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да салалардағы жобаларды іске асыруға қызығушылық танытатыны жөнінде айтылды.

Соңғы жаңалықтар