«Таза Қазақстан» • Бүгін, 12:05

«Таза Қазақстан»: Биыл елімізде 1 миллионнан астам ағаш отырғызылды

5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Таза Қазақстан»: Биыл елімізде 1 миллионнан астам ағаш отырғызылды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР/ Egemen.kz

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылу барысы қаралды.

«Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарға ұқыпты қарау әрбір азаматтың басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Еліміздің негізгі қағидаттарының бірі – жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда айқындалған маңызды қағидат ретінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл ұстанымға адалдығымыздың жарқын көрінісі – қоғам өкілдерін, еріктілерді және бизнесті экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге кеңінен тарту болды. Біз табиғатқа жанашырлықпен қарау мен тазалықты сақтау әрбір азаматтың ішкі қажеттілігіне және күнделікті өмір салтына айналуына ұмтыламыз», деді Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында биылғы жылдың басынан бері 1 миллионнан астам ағаш отырғызылды. 4 миллионнан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық жиналып шығарылды. Оның 115,7 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілді.

Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы басталғаннан бергі үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ал мемлекеттік орман қорында 1 миллиардтан астам көшет пен жас өскін егілді.

Үкімет басшысы өңір әкімдерінің есептерін тыңдады.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жыл басынан бері 900 гектардан астам аумақтың тазартылғанын, 3,5 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың шығарылғанын баяндады. Биыл отырғызу жоспарланған 30 мың ағаштың 19 мың көшеті мен бұтасы көктемде егілген. 2027 жылға дейін өңірде қағаз бен резеңке қалдықтарын қайта өңдейтін цех іске қосылады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың айтуынша, өңірде 332 мыңнан астам ағаш отырғызылған. 3 мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілікке 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 380 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Экопарк Түркістан» ашылып, 33 электробус пен оларды қуаттайтын станциялар пайдалануға берілді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде 22 мың тоннадан астам қоқыс шығарылғанын мәлімдеді. Облыста Өскемендегі «Таза Қазақстан», «Березовая роща», «Жасыл аймақ» және «Горная Ульбинка» сияқты ірі экопарктер құрылып жатыр. Экологиялық акцияларға 330 мыңнан астам адам және 19 мың ерікті қатысты.

«Таза Қазақстан» түркі әлемінің жастарын біріктіреді: Алматыда халықаралық кемпингтің екінші күні өтті

Премьер-министр «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бір реттік экологиялық акциялар форматынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатқа айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының тиімділігі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, елді мекендердің нақты өзгеруімен, халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады. Бұл мақсатқа жету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді абаттандыру, тиісті инфрақұрылымды, соның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту, сондай-ақ экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі қажет», деді Олжас Бектенов.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға Тұжырымдамада көзделген іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындап, белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді және «Таза Қазақстан» бастамасына жастарды, еріктілер ұйымдарын, қоғамдық бірлестіктер мен бизнесті кеңінен тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, Астана күні қарсаңында елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Журналистер мен блогерлерге арналған шығармашылық байқауды «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырды. «Баспасөздегі үздік мақала» номинациясында «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Баян Сүйеуова I орын алды. 

Соңғы жаңалықтар