Заң • Бүгін, 11:35

2 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

3 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері қылмыстық істерді тергеу барысында азаматтардың құқықтарын қорғау және қылмыстың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Нәтижесінде мыңдаған профилактикалық шара қабылданып, жәбірленушілерге келтірілген миллиардтаған теңге шығынның бір бөлігі өтелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

2 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

ІІМ Тергеу департаменті қылмыстық істерді тергеу кезінде заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және келтірілген залалды өтеу бағытындағы жұмыстардың аралық қорытындысын жариялады.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы аясында мемлекеттік органдарға, мекемелер мен ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыныс жолданған. Бұл ұсыныстардың негізінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бойынша нақты шаралар қабылданды.

Полиция қызметкері: Адамның өмірі мен қауіпсіздігінен артық ештеңе жоқ

Атап айтқанда, әлеуметтік жағдайы күрделі аудандар мен сауда, ойын-сауық орындарында 2 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін 155 қауіпті учаскеде жарықтандыру жүйелері жаңартылып, бағдаршамдар, жол белгілері мен жол таңбалары орнатылды. Сондай-ақ 56 нысанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара өткізілді.

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың айтуынша, қайта қылмыс жасаған шартты түрде сотталған сегіз адам бас бостандығынан айыру орындарына жіберілген. Бұдан бөлек, заңсыз қызмет көрсеткен төрт кәсіпкерлік субъектісінің жұмысы тоқтатылып, 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақытына шектеу қойылған.

Тергеушілердің ұсыныстарының нәтижесінде Павлодардағы лаундж-барлардың бірі жабылса, Қарағанды облысында жолаушылар автобусы өртенген қайғылы оқиғадан кейін республика бойынша автобустарға жаппай тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде 199 автобус жүргізушісі мен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 55-і көлік салонын заңсыз қайта жабдықтағаны үшін жазаланған.

Сондай-ақ қылмыстың жасалуына ықпал еткен әрекетсіздігі үшін 2 мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, ал ұсыныстарды орындамаған 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселесі де ерекше бақылауда. Биыл аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 72 млрд теңгеден асып, оның 34 млрд теңгесі өтелген.

Мәселен, Астанада интернет-алаяқтықтан зардап шеккен 111 азаматқа келтірілген 140 млн теңгеден астам шығын толық өтелді. Ал шығынды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 29 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде Алматы облысында алаяқтық ісі бойынша құны 7 млрд теңгеден асатын 28 жылжымайтын мүлікке шектеу қойылған.

Полиция ескертеді: Көшедегі күмәнді QR-кодтардан сақ болыңыз

Сонымен қатар зардап шеккендерге өтемақы қоры арқылы 5 мыңнан астам жәбірленушіге 831 млн теңгеден астам өтемақы төленген.

ІІМ мәліметінше, құқық қорғау органдары үшін білікті кадр даярлау жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарымен 40 ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, 47 студенттік клубта 1 524 студент білім алып жатыр. Ал 100-ден астам түлек оқуын аяқтағаннан кейін ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар