Іс-шарада облыс әкімі Құмар Ақсақалов орман шаруашылықтарында болып жатқан оң өзгеріс жөнінде баян етті. Бүгінде салада кадр тапшылығы жоқ. Кейінгі бірнеше жыл ішінде орман қорғау қызметіндегі мамандар саны 825 адамнан 1 242 адамға дейін ұлғайған.
– Сала қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін өсті. Кейінгі үш жыл ішінде орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық қуатын нығайтуға шамамен 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені, 78 патрульдік техника сатып алынды. Нәтижесінде, орман мекемелерінің техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 76-дан 90 пайызға дейін артты, – деді өңір басшысы.
Облыста орман қорғау саласын цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, орман шаруашылықтары өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтайтын заманауи бейнебақылау жүйелерін кеңінен пайдалана бастады. Бүгінде облыс көлеміндегі ормандарда 40 бақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Мамандар жасыл алқаптың 70 пайызын осы «ақылды» құрылғылар арқылы қашықтан қадағалайды. Арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін бақылау камералары орманның бір түкпірі түтіндей бастаса, бірден диспетчерлік орталыққа хабар жібереді. Орман қорғау аясында қабылданып жатқан кешенді іс-шаралардың нәтижесінде кейінгі үш жылдың ішінде өңірде орман өрті көрсеткіші шамамен екі жарым есе азайған.
– Цифрлық бақылау жүйесі жетілді. Орманшылардың жұмысын үйлестіру тиімді іске асырылып жатыр. Міне, жаңа өрт сөндіру техникаларын алып жатырмыз. Жаңа техниканың артықшылығы көп. Ең алдымен, қауіпсіздік деңгейі жоғары. Мәселен, көліктің доңғалақтары арнайы қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Қажет болған жағдайда көлік өзіне су шашып, өзін-өзі өрттен қорғай алады. Сондай-ақ көліктің үстіне қосымша лафеттік оқпан орнатылған. Оның көмегімен өрт сөндірушілер жалын ошағына тым жақындамай-ақ қауіпсіз қашықтан су шаша береді. Бұл, біріншіден, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, екіншіден өртті жылдам сөндіруге жол ашады. Жаңа техниканың қуаты мен мүмкіндігі бұрынғы көліктерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұрынғы техникалар 30–40 метр-ге дейін ғана су шаша алатын, жаңа техниканың қуаты бұдан әлдеқайда жоғары. Мұндай заманауи техникалар орман өрттерімен күрестегі жұмысымызды едәуір жеңілдетеді, сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге септігін тигізеді, – дейді орманшы Батырбек
Әлентаев.
Жаңа техника алған мекеменің бірі – Бейімбет Майлин ауданындағы «Таран» орман шаруашылығы. Мекемеге қарасты аумағы 20 мың гектарға жуық орман алқабы бар.
– Биыл бізде бірде-бір орман өрті тіркелген жоқ. Бұл – орман күзеті қызметкерлерінің еңбегі, алдын ала атқарылған сақтық шараларының нәтижесі. Алдағы уақытта да табиғи байлығымызды сақтап, орман қорын қорғау бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде жалғастыра береміз. Ақпан айында шағын өрт сөндіру кешенін, трактор, орман күзеті мен патрульдік қызметке арналған үш бірдей «Нива» автокөлігіне ие болдық. Бүгін тағы екі жаңа өрт сөндіру автокөлігін қабылдап алып отырмыз. Бұл көліктегі «Howo» автоцистерналарына үш текше метр су сыяды. Жаңа техника орман қорғаудың, өрттің алдын алудың тиімділігін едәуір арттырады. Кез келген орман шаруашылығы үшін техника паркінің жаңартылуы аса маңызды. Қолымызға тиіп жатқан жаңа автокөліктер орман қорғаушылардың жұмысын жеңілдетіп, төтенше жағдай кезінде қауіптің бетін жедел қайтаруға көп көмек ететініне сенімдіміз, – дейді мекеме басшысы Талғат Өтегенов.
Биыл Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай орманына биіктігі 35 метр болатын өрт бақылау мұнарасы орнатылды. Мамандардың айтуынша, аталған нысан орман алқаптарын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Өңірде алдағы үш жыл ішінде тағы осындай 20 мұнара тұрғызу жоспарланған.
Қостанай облысы