24 Желтоқсан, 2010

Музаның сүйікті мекені

649 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Австрия астанасы Вена қаласында Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің аяқталуына және Тәуелсіздіктің он тоғыз жылдығына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтті Өз алдымызға Тәуелсіздік алған­нан бері еліміз жер шарындағы барша мемлекеттермен терезесі тең қарым-қатынас орнатты. Соған орай, арада барыс-келіс те көбейді. Сондай барыс-келіс көбейген елдің бірі Австрия десек, оның да өзіндік жөні бар. Ең ал­дымен биылғы жылы Қазақстан төр­ағалық еткен ЕҚЫҰ-ның штаб пәтері Вена қаласында ор­наласуының өзі де сол елмен қарым-қатынастың жиілеуіне өз септігін тигізгені анық. Әрине, өз еліңде штаб пәтері орналасқан ірі халықаралық ұйымның күнделікті тір­лік-тыны­сы­нан австриялықтардың да сыртқары қалмасы анық. Ендеше, осы үсті­міз­дегі жыл әлемге, оның ішінде Авс­трия­ға Қазақстанды барлық жағы­нан танытқан, таңырқатқан жыл бол­ды. Бұл жерде таңырқатқан деген сөзді де жәйдан-жәй айтып отыр­ға­нымыз жоқ. Соңғы кезеңде төрт құбы­ласы түгел елдердің өзі де дағ­дарыс зар­дабын тартып, шықпа жаным шық­памен отырғанда, Қазақ­стан сынды жас мемлекеттің көркейіп, дамып бара жатқаны әрине, кімді болса да елең­детіп, қызық­тырғаны анық. Ендеше, мұндай елдің өнері, әдебиеті, мәде­ниеті хақында олардың білгісі келетіні де заңдылық емес пе десек, Қазақстан өнер шеберлерінің осы жо­лы Венаның қақ төрінде өнер көрсетуі, олардың бұрын естімеген, көрмеген, білмеген тосын өнерге қызығушы­лығын оятып қана қойған жоқ, шын мәнінде таңыр­қатты да, тамсандырды да. Иә, еш нәрсеге таңдана да, таңырқай да қой­майтын көне Еуропа тұрғындары Ұлы Дала сазына құлақ түріп, қуана қол соққанына мына өзіміз куә бол­дық. Жә, бұл туралы әңгіме кейінірек. Алдымен, Венадан түйген әсерімізді аздап айтып өткеніміз артық болмас. Әрине, сырт елге барған әр адам одан өзінше ой түйіп қайтады емес пе. Ал біздің ойымызша, Вена қала­сын көрген де, көрмеген де арманда десек болғандай. Көрмеген жұрттың арманда болатыны белгілі. Ал көрген адам неге арманда болады дейсіз ғой. Өйт­кені, Вена тарихы тым те­рең­­де жатқан көне қала ғана емес, музаның сүйікті мекені десе де жарасады. Ондағы ар­хи­тектуралық тұрғыдан бір-біріне мүл­дем ұқсамай­тын әрбір үйдің өзін­дік тарихы бар, сөй­леп тұрған музей десең де бо­ла­ды. Сөйте тұра Венада ескі мен жаңа өзара әдемі үйлесім тапқанын бай­қай­сыз. Ең ғажабы, бүкіл әлемге та­ны­мал адамдар осы қалада өмір сүр­ген. Айталық, Шуберт пен Штраус, Бетховен мен Брамс, Моцарт мен Гайднның бүгінде бүкіл адамзат­тың игі­лігіне айналған ғажайып шы­ғар­ма­лары осы қалада өмірге келген. (Тіпті қалада мына жерге Моцарт жиі бас сұғатын, ал ана жерде оты­рып Штраус өзінің алғашқы тыр­на­қалды туындысын жазған дейтін шағын кафелер де жетіп артылады). Вена музы­каның астанасы дейтін сөздің төркіні де осында жатыр. Сон­дықтан да шы­ғар, әуежайдан түскен сәттен бастап-ақ сізге бейнебір Венаның ауа­сына да музыка сазы сіңіп қалғандай әсер етеді. – Ау, мұның бәрі Венаның кешегі тынысы ғой. Бүгінгі өнерінің деңгейі соған сай ма дейсіз бе? Иә, бұл тұр­ғыдан да Венаның жерге қарайтын жәйі жоқ. Өйткені, Венаның өнері де өсіп-өркендеу үстінде екенін мына бір мысалдан-ақ айқын байқауға болады. Айталық, бір Венаның өзін­де ғана 50 театр, 100-ден астам музей және толып жатқан концерт зал­дары бар. (Қала халқы шамамен біз­дің Алматымен қарайлас. Анықтап айтсақ, бұл қалада 1 миллион 600 мың адам тұрады). Ал осы қаладағы опера театрларындағы орындардың 20 пайызы бір жыл бұрын сатылып кететінін ескерсек, Венаның опера театрларына тосыннан барып, өнерін тамашалап қайтамын деу бос әуре­ші­лік екенін де ұмытпаған жөн. Ал Вена филармониясы оркестрінің өне­рін жыл сайын тікелей көрсетілім ар­қылы жаңа жылда бүкіл әлем сүйсіне тыңдайтынын музыка сүйер қауым бізсіз де жақсы біледі. Бұған қоса толып жатқан аты әлемге танымал концерттік ұйымдар мен орталықтар күн сайын дерлік түрлі халықаралық өнер байқауларын өткізіп жататыны өз алдына бір әңгіме. Осының бәрін ойша шолып өткенде бұл қаланың халқы музыка аясында өмірге келіп, ана дүниеге де музыкамен аттанатын тәрізді. Ал осындай ортада өскен адамды өнеріңмен елең еткізу, әрине, оңай емес. Ендеше, музыкамен оянып, му­зы­камен ұйқыға кететін веналықтар біздің өнерімізге қалай қарар екен деп алаң­даған қазақстандық жастар­ды да түсі­нуге болады. Алайда, мұн­дағы жұрт­шылық өздерінде асыл мен жа­сық­ты айыра білер талғам ба­рын таныт­ты. Қазақ өнеріне құл­шына қол соқты. Ең алдымен біз бұл жерде Қазақ­стан өнер шеберлерінің концерті Хофбургтың Фест залында (қазақша­ға аударғанда мерекелік зал деген ма­ғына береді) өткендігін және мұ­ның өзі біздің елімізге деген үлкен құр­мет екенін айтуымыз керек. Әри­не, ол үшін Хофбург жайлы бірер сөзбен айта кеткеніміз артық бол­мас. Хофбург сонау ХІІІ ғасырдан бері тарихи әрі саяси мәнін сақтап келе жатқан көне орталық. Осынау архи­тектура­лық әсем кешен зама­нында император сарайы болса, бүгінде де Авст­рия­ның саяси орталығы міндетін ат­қа­рып отыр. Міне, осы ғажа­йып ар­хи­тектуралық ғимараттың әсем за­лын­да концерт өткізу кез келген елдің маңдайына жазыла бермегенін де ұмытпаған жөн. Және бұл кон­церттің осы залда өтуінің тағы да бір мәні бар десек те болады. Олай дейтініміз, жыл басында Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа кірісу салта­наты дәл осы арада өтіпті. Енді, міне, жыл аяғында төрағалы­ғы­мыз­дың та­быс­ты аяқталуы тағы да осы арада жалғасты. Құдайға шүкір, Қа­зақ­стан өзі төрағалық еткен тұста бү­кіл әлем­дік мәселелердің оң шешім табуына мұрындық болумен қатар, он бір жыл­дан бері өткізілмей келе жат­қан осы ұйымның Саммитін өткізіп, елор­даға 56 мемлекет бас­шы­ларын жи­нады. Сөйтіп, алдағы ат­қары­ла­тын істерді де анықтап, со­ған орай декларация қабылданған. Бір сөзбен айт­қанда, бұдан былай өмір сүру-сүр­меуі екіұдай болып тұр­ған ұйым­ның бойына қан жү­гіртті. Мұның өзі кеше ғана өздері жабайы шығыс деп кежірейіңкіреп келгендерді бұл жас елдің іскерлігіне тәнті етті. Оны көзі­міз көріп те, естіп те, оқып та жүр­міз. Венаға барған осы сапары­мызда да салтанатты ша­ра­ға қонақ ретінде қатысқан бір­қатар шетел азаматтары да бізбен әңгі­месінде Қазақстан жай­лы өте жақсы пікір айтқан. Олар­дың ой пікірлерімен де оқырман қауым­ның бүгін осы мақала арқылы таны­суына мүмкіндік бар. Дұрыс-ақ. Қазақстан атына жақсы ой-пікір айтылуы біз үшін қуаныш екені рас. Бірақ оған аспай-таспай, болдық деп босамай, толдық деп тосылмай өз тірлігімізді атқара беруіміз қажет. Сонда бізге бүгін таңыр­қай қараған елдердің өздері-ақ ертең тамсана қарайтынына еш күмән жоқ. Ол үшін – ұйыса, ұйымдаса жүріп, елді алға апарар тірлікті бірігіп атқа­руы­мыздың маңызы зор. Елдік мәселе дегенде көптеген ағайынның «әй, біздің қолдан не келеді. Отыр емес пе ана жоғары­дағылар. Солар ойлансын. Солар істесін» деп жантая кететіні бар. Бұл жауапкершіліктен қашудың ең оңай әдісі. Әйтпесе, ортақ іске әрқай­сы­мыздың қосар үлесіміз аз ба?  Мыса­лы, біз веналықтардың өңкиген мә­ши­нелерді сирек мінетінін байқа­дық. Көше толған шағын көліктер. Сөз орайында өзімізді қарсы алып, шы­ғарып салып жүрген веналық аза­матқа осы жәйтті айтып едік, ол сәл қуақы­лана күліп алды да, шала-шарпы орыс­шасымен әңгімесін Алма­тыға келген  бір сапарынан бастап кетті. – Осыдан бірер жыл бұрын Алматыға барғанбыз. Сонда көшеден кілең қаптаған джип мәшинелерін көр­дік. Біз де бастапқыда сіздер сияқты мән-жәйді ұқпай «бүгін сіздерде фер­мерлердің жиыны өтіп жат­қан сияқты ғой» деп едік, жа­ны­мызда жүрген алматылық азаматтар «неге олай деп ойлайсыз?» деді. Содан кейін біз көше­де джип мәши­не­лерінің молды­ғын, Еуропа елдерінде оны негізінен фермерлердің мінетінін айттық. Өйт­кені, бұл мәшинелер майды өте көп қажет етеді. Әрі фер­мерлердің күнде­лікті өміріне ың­ғай­лы ғой деген ол бізге сұраулы жүзбен қараған. Одан әрі біз оның не айт­қы­сы келгенін түсіне қой­дық. Иә, ша­ғын мәшиненің майды көп қажет етпейтіні рас. Егер елдің бәрі отбасы­ның табысын осылайша үнем­дей біл­се, артық шығынға жол бер­месе, қай істе де аста-төктен тар­тын­са, бұл елдік мәселе емей немене? Жал­п­ы, үйрен де жирен деген ғой, мұны да жақсы әдеттен үлгі алсақ қане деген ниетпен айтып отырмыз. Енді әңгімені мақаланың бас жағында айтып өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне бұрсақ, оны тамашалауға Австриядағы әр елдің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Вена жұртшылығы қа­тыс­ты. Жиналғандар алдында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының ар­найы уәкілі, ҚР Сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Константин Жигалов сөз сөйледі. Ол қатысушы мем­лекеттер мен атқарушы құры­лым­дарға жыл бойында Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ Астанадағы Саммиттің жемісті өткі­зілуіне қолғабыс беріп, белсенді қа­тыс­қандары үшін алғыс білдіре келіп, Қазақстан Президенті атынан ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен Де Бришамбоға «Достық» орденін табыс етті. Бұдан кейін сөз кезегін алған Бас хатшы Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы жемісті әрі шын мәніндегі тарихи төр­ағалығымен құттықтады. Бұл мара­пат­тың тек өзіне ғана емес, Астана Саммитін дайындап, өткізуге еңбек еткен және бұл іс-шараны одан әрі алға апаруға белсене кіріскен жұртшылыққа арналғанын айтты. Венаға бұл жолы өнер шебер­лерінің шағын тобы ғана барған болатын. Әйтсе де, олардың әрқай­сысы өз­дерінің сайдың тасындай іріктелген, нағыз сахна­ның сәні екенін көрсетті. Құр­ман­ғазының «Балбы­рауы­ны­мен» сахна шы­мыл­ды­ғын ашқан этно­гра­фиялық «Керулен» ансамблі бастан-аяқ осы концерттің темір­қазы­ғына айналды. Әншілер Дүй­­сенбек Өмірәлиевтің, Гүл­­зира Бөкейха???????, ????? нованың, би­ші Әнел Нұрсейітованың, қобызшы Са­мат Қараба­лаев­тың осы ансамбльге қо­сылып көрсеткен өнер­ле­рін жұрт­­шылық өте жылы қабыл­даған. Өнерде шекара жоқ деген сөз рас-ау. Эльмира Жанабергенованың орын­дауындағы термені де көп­шілік ықы­ласпен тыңдады. Жырдың сөзін тү­сін­бегені­мен, әдемі мақам мен әнші­нің орын­дау шеберлігі көпшілікті мейлінше тәнті етті. Тағы бір тоқтала кететін жәйт, Венаға табанымыз тиген сәтте соңымыздан сүйіншілей бір хабар жеткен болатын. Сөйтсек, ән­шілер Эльмира Жанабергенова мен Гүл­зи­ра Бөкейханова «Қазақ­стан­ның ең­бек сіңірген қайраткері» атағына ие болыпты. Осы хабарды естігеннен кейін-ақ өнерпаз топ мәре-сәре қуа­нышқа бөленген. Содан да шы­ғар, сахнаға шыққан әртістер­дің бәрі де өзгеше шабытпен өнер көрсетті. Сахнадағы ғажайып көңіл-күйді сезіне отырып, қазақтың халық әндерін, ұлттық билерін сүйсіне тамашалаған қауым енді бір сәт жас әншілер Жұлдыз Төтебаеваның орын­дауында Л.Хамидидің «Қазақ вальсін», Медет Шотабаев шырқаған Абай­дың «Айт­тым сәлем Қалам­қасын», сондай-ақ осы екі әнші бірігіп орындаған Ф.Сарторидің «Conte partiro» және А.Пьяцеллоның «Либертанго» сын­ды әндерін Аида Аюпованың орын­дауында тыңдап, оларға өзгеше риза болды. Әрине, дәулескер күйші Ай­гүл Үлкенбаеваның домбырамен шет-­ елдік музыкаға арналған попуриі де жұртты бір сергітіп тастады. Тамаша концерттен кейін көтерің­кі көңіл күйге бөленген бір топ ве­налық қандастарымыз бізге бауы­рым­дап құшақ жая, ортамызға келді. Олардың бірі Қызырхан Шолпан деген азамат екен. Ол өзінің Австрия­дағы Қазақ мәдени орталығының жетекшісі екенін айта келіп, қасындағы Абыз Орхан деген жігіт ағасын орта­лықтағы орынбасарым деп таныс­тыр­ды. Жеке кәсіппен айналысатын осы екі азаматтың да Венада тұрып жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт болыпты. Олардың айтуынша, бұл қалада тұрғылықты 25 қазақ түтіні бар. Жалпы саны 125-тей адам көрінеді. Елшілікте жұмыс істейтін жастарды, олардың отбасын, осы қалада оқи­тын студенттерді қосса, бір қауым ел сияқты. Веналық қазақтар Қазақстан елшілігімен тығыз қарым-қатынаста көрінеді. Олармен жиі-жиі хабарла­сып тұрады екен. Елшілікте жұмыс істейтін азаматтар да әртүрлі мерекелік шаралардан оларды сырт қалдыр­майтын сияқты. Бүгінгі жиынға да осындағы қазақ мә­дени орталығына деп біраз шақыру билетін беріпті. Оған әлгі азаматтар қазақ­тың кім екенін көрсін, танысын деп кіл жастарды ертіп әкеліп отыр екен. Бір айта кететін жәйт, бұл жерге алғаш келген қазақтар екі қолға бір күрек деп тек күнкөріс қамын күйт­теген болса, қазір олардың арасында білімді жастар аз емес көрінеді. Әртүрлі ірі компанияларда менеджер болып жұмыс істеп жүргендері бар болса, бүгінгі кешке келіп отырған жастардың бәрі дерлік Вена университетінде оқитын болып шықты. Сырттағы ағайын арасынан қазақ­стандық қандастарымызды да кездестірдік. Оның бірі – Жасан Зекейұлы Ал­матыда тұратын азамат. Шығыс меди­ци­насымен айналысатын, талай науқас адамдардың ауруынан айы­ғып кетуіне өз септігін тигізіп жүр­ген Жәкеңді біз де сырттай білетін едік. Енді, міне, оны­мен алыс Венада жүздесіп отыр­мыз. Жасан бауыры­мыз да Венаға жәй қыдырыстап келмеген екен. Оған дәл осы шараның алдында ғана Еуропа Бизнес акаде­миясы мен дүниежүзілік марапаттау бірлестігі дүниежүзі ғылы­мы­на қос­қан үлесі үшін Сократ атынд­ағы ха­лық­ара­лық орденді тапсырған көрінеді. Венада жүрген тағы бір қан­дасы­мыз Нұржан Әлжанова деген ғылым док­торы, Әл-Фараби атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы бо­лып шықты. Ол өзінің осы жерге тәжі­рибе жинақтау үшін екі жылға келгенін айтса, С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан универ­си­тетінің рек­торы Бейбіт Мамыраев бауырымызды да осы жерден кездестірдік. Ол да Вена университетімен ғылыми байланыс орнату үшін келісім-шарт жасауға келіпті. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы дедік біз оларға сәттілік тілей отырып. Тәуелсіздік мерекесін Венада тұратын қазақтар жыл сайын арнайы атап өтеді екен. Биылғы басқосуына бізді де шақырған. Әрине, барғаннан кейін мәре-сәре болып, талай әңгіме айтылды. Өнер шеберлері де қарап қалған жоқ, самсаған қазақ өнерінің жұлдыздарын бір сәтте көріп-тыңдау мүмкіндігіне ие болған ағайынның да қуанышында шек болмады. – Құдай қазақтың көз жасын көрді. Тәуелсіздік алдық.  Міне, биыл сол тәуелсіздігіміздің 19 жыл­ды­ғын тойлап отырмыз. Осыған мың тәуба дей келіп, сөз бастаған Қы­зырхан бауы­рымыз одан әрі сонау 1986 жылғы оқиғаны еске алды. – Әрине, біз ол оқиғаны өз көзімізбен көргеніміз жоқ. Алайда, елден жы­рақ­та жүрсек те қазақ жастары­ның қаны жазықсыз төгіліп жатқанын естіп, қабырғамыз қайысқан. Біздің қолымыздан не келеді, көз жасы­мызды көлдеткенбіз. Тіпті топталып барып, осын­дағы орыс елшілігінің алдына жи­на­лып, қазақ­тарды қырып-жоюды тоқ­татыңдар деген талап-тілегімізді ай­ғайлап айтып, олардың ғимаратының алдына қап-қара күл шашқанымыз да есімізде. Сол жа­зық­сыз төгілген қан­ның өтеуі болар, еліміз Тәуелсіздік ал­ды. Біз де елге емін-еркін баратын болдық. Қай­да жүрсек те қорған болар тәуел­сіз еліміз бар екенін ойлағанда, жүре­гі­мізді шаттық кернейді. Әл­гін­де айт­тық қой, мұндағы қазақтардың жаңа ұрпағы білімді жастар деп. Енді сол жастардың бетін елге бұрсақ дейміз. Олар ел үшін еңбек етсе дейміз. Бұл біздің қазіргі басты мақсатымыз. Ал бүгінгі мынадай қасиетті күні бізге қонаққа келген сіздерге де дән ризамыз. Адам баласының өмірі тек бақыттан ғана тұрмайды, бақытты сәт­тері ғана болады. Дәл қазір біз сол бақытты сәт­терді бастан кешіп отырмыз. Бұл да Тәуелсіздіктің ар­қа­сы. Еліміз аман, Тәуелсіздіктің ірге­тасы мықты болсын –  деді қоштасар сәтте Қызырхан бауырымыз. Иә, бұл сөзге не қосуға болады. Бәріміздің де тілегіміз Тәуелсіз­дігі­міздің баянды болуы ғой. Сонда жетер биігіміз де, алар асуымыз да аз еместігіне сенім мол. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ. Астана-Вена-Астана. * * * Шетелдіктер не дейді? Иан Клиф, Ұлыбританияның ЕҚЫҰ-дағы елшісі: – Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезінде жақ­сы жұмыс атқарды. Әсіресе, Қырғыз­стандағы ахуалды тұ­рақ­тандыру бойынша атқар­ған қызметін атап өткен ма­ңыз­ды. Бұл жанжал­дарды болдырмау процесінде жағымды тәжірибе болды әрі біздің далалық миссиялар қолдана ала­тын жаңа механизмдердің негізін қалады. Кең ауқымда ал­ғанда Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ның барлық үш өл­шемінде тиімді рөл атқарды, әрі «Корфу үдерісі» деп аталатын еуропалық қауіпсіздіктің болашағы жөніндегі бейресми диалогты дамытты. Біз сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның ауған мәселесі бойынша ұстанымын белсенді еткенін жоғары бағалаймыз. Әдетте Біріккен Корольдік демократия, адам құқықтары, сөз бостандығы және БАҚ бостан­дығы іспетті негізгі бостандықтарды қамтамасыз етуге айрықша мән береді. Мұнда біз ЕҚЫҰ қыз­метін одан әрі жетілдіру қажет деп санаймыз. Әсіресе, барлық елу алты мемлекет, солардың ішінде Қазақстан тарапынан нақты құндылық­тарды растауын қамтамасыз ету қажет. Біз сондай-ақ әдеттегі қарулы күштерге бақылау, аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Таулы Қарабақ, Приднестровье және Кавказдағы ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу сияқты бағыттар бойынша практикалық іс-қимылдар жоспарын қабылдауды қажет етеміз. Сондай-ақ, демократиялық инсти­тут­­тар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның адам құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты ақыл-кеңестеріне сәйкес үлкен жұмыс атқару қажет. Джон Бернхард, ЕҚЫҰ-дағы Данияның Тұрақты өкілі: – Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы тарихи маңызға ие, себебі Қазақстан осынау беделді халық­аралық институтты басқарған тұңғыш пост­кеңес­тік және алғашқы орталықазиялық мемлекет болып табылады. Бұл миссия ағымдағы мәселелер және дағдарысты ахуалдарды реттеудегі Ұйымның тиісті қалпын ұстап тұру үшін көптеген материалдық және интеллектуалдық ресурстарды талап етті. Қазақстан өзіне жүктелген міндеттерін жеңіспен атқарды, оның дипломаттары Вена мен Астанада белсенді іс әрекет жасап отырды. Бұл қатысушы мемлекеттердің көбінесе қайшы пікірлерін тыңдай білу, осының негізінде тиімді ымыраны таба білудің арқасында мүмкін болды. Штефан Скалдарзон, Исландия елшісі: – Қазақстан төрағалығына бір жағынан сыйымдылық пен ауқымдылық, екінші жағынан мұқияттылық пен барлық қатысушы елдердің пікірлеріне зерделі назар қою тән болды. Бұл көптеген көкейтесті мәселелер бойынша мәмілеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы жетекші рөлі өзінің «төрт Т-дан» құралатын «сауда маркасына» ие болды. Мен мұндай ұстанымды болашақ барлық төрағалықтарға, ірі әрі кішігірім делегацияларға басшылыққа алуға кеңес берер едім. Корнел Ферута, Румыния елшісі: – ЕҚЫҰ басындағы Қазақстан Ванкувер мен Владивосток арасындағы бәрін қамтитын, жалпы­ға ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздік ұғымындағы Ұйым барлық қатысушы мемлекеттерді жігерлен­діруінің көрнекі дәлелі болды. Қазақстандық төр­аға­лық сондай-ақ Орталық Азия үшін айрықша маңызға ие. Бұл аймақ ұйым қызметінде белсенді бағыты ретінде қалыптасып келеді. Біз Қазақ­стан­ға төраға­лықтың ағымдағы міндеттерді айқын орындауы үшін ғана емес, пайда болған мәселелерге тиімді жауап бергені үшін лайықты алғысымызды білдіреміз. Бұл орайда біз болашақ төрағалықтарға Қазақстан тәжірибесін, атап айтқанда дағдарыс­тық басқару, жанжалдарды болдырмау, сенім шараларын нығайту сияқты салаларда пайдалануға кеңес береміз.