Дастан Базарбаев – Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің бөлімше командирі. Кеңестік кезеңнен әскери өндіріске бейімделген қалада маңызды стратегиялық нысандар аз емес. Әлбетте, мемлекеттік маңызы жоғары нысандарды қорғау Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан сарбаздарына жүктеледі. Яғни, Ұлттық ұланда қызмет ету кез келген қазақстандық сарбаз үшін биік құрмет саналатыны бекер болмаса керек. Міне, осы Ұлттық ұлан жауынгеріне тән батырлық көрсеткен Дастан Тәңірбергенұлы 2015 жылдың 13 мамыры күні сағат 14.00 шамасында кездейсоқ тілсіз жаудан құдайы көршісін құтқарып қалды.
– Біз бір күні күндізгі кезекте, бір күні түнгі кезекте алма-кезек қызмет етеміз. Бірде түнгі кезекшіліктен келіп демалып жатқан едім, зайыбым астыңғы қабаттағы пәтердің балконы өртеніп жатқанын жанұшыра жеткізді. Тура біздің үйдің астыңғы қабатындағы балкон қызыл жалынға ораныпты. Үйден жүгіріп шықтым. Біз төртінші қабатта тұрушы едік. Үшінші қабаттағы көршіміз Хватик ныспылы зейнеткер адам болатын. Есігін қағып едім, ешкім ашпады. Есікті сындырып кірсем, қария төсегінде қаперсіз ұйықтап жатыр. Үйдің іші көк ала түтін. Қарияны көтеріп тысқа алып шықтым да, шелек алып, өртті сөндіруге кірістім. Төтенше оқиғаны байқаған басқа көршілеріміз дереу өрт сөндіру қызметін шақырыпты. Абырой болғанда, олар да тез келіп жетті, – дейді Дастан Тәңірбергенұлы сол оқиға туралы әскери қызметкерге сай байыптылықпен.
Өрттен аман қалған көршісі қала басшылығына ажалдан арашалаған сержантқа ризашылық білдіріп, хат жазыпты. Курчатов қаласының әкімі Нұрбол Нұрғалиев салтанатты шаралардың бірінде бейбіт күннің батырына сый-сыяпат тапсырып, құрмет көрсетті. Көп ұзамай Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен «Ұлттық ұлан үздігі» медалімен марапатталды.
1988 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Бесқарағай ауданының Жетіжар ауылында дүниеге келген Д.Базарбаев қарапайым отбасында өсті. Әкесі жол қызметінде еңбек етсе, анасы аспаз болды. 2007-2008 жылдары Аягөз қаласында әскери борышын өтеген соң тәуелсіз елдің Қарулы Күштері қатарында қызмет етуге бел буған жас сарбаз Курчатов қаласында еңбек жолын бастады.
Сержант өз әңгімесінде Курчатов қаласының шағын шаһар екенін, бірақ маңызды стратегиялық нысандарды қорғаудың жауапкершілігі жоғары болғандықтан, әскери өмір босаңсуды көтермейтінін ерекше атап өтті. Қазақ халқының біртуар батыры Б.Момышұлының еңбектерін оқығанды жақсы көретінін жеткізді. 2009 жылы Бородулиха ауданының Жезкент қаласына ағасына қыдырып барып, болашақ жары Әйгеріммен танысқан екен. Қазір екеуі Әмина есімді бүлдіршін тәрбиелеп отыр.
– Бүгінгі таңда қазақстандық әскери қызметшілерге барлық қажетті жағдай жасалып отыр. Мемлекет маусымдық әскери киімдермен толық қамтамасыз етеді. Басқа да қолдаулар аз емес. Сондықтан, біз, әскери қызметкерлер өзімізге жүктелген жауапкершілікті тыңғылықты орындап, Отанға адал қызмет етуге бар күш-жігерімізді арнаймыз, – деді Дастан.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Курчатов қаласы