• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Әдебиет 27 Маусым, 2018

Ойласу: Қазақтың әжелері-ай!

2847 рет
көрсетілді

Әже дегенде – көз алдыңа бұтағы сала-сала, жасыл жапырағы жайнаған, төңірегі текемет түріндей алып бәйтерек келеді. Түбіндегі білеу-білеу, жуан-жіңішке алақан секілді тамырдан күн шуағындай шалқыған күлкіні, әдемі тірлікті көргендей боласың.

Соның бәрінің ұйытқысы ақ жаулықты әжедей сезіледі. Әлгі әженің таза балдай тілімен, тұнық үнімен: «Туғанда дүние есігін ашады өлең» (Абай), деп алып, «Шырылдап туған сәбиге, жаялық еттім өлеңді» (Нартай Бе­кежанов), «Әлди, әлди, ақ бө­пем, Ақ бесікке жат, бөпем! Ай­налайын, шырағым, Көлге біткен құрағым. Маңдайдағы құн­дызым, Аспандағы жұлдызым, Әлди, әлди, әлди-ай, Әлди бөпем, ұйықта жай!» деп, «Арша ма екен бесігі, Өрік пе екен бесігі, Көп болса екен несібі» деген тілегін, «Өс, бөпем, өсе бер, Алғыс айтсын шешеңе ел. Па­луан боп өс білекті, Батыр бол тау­дай жү­ректі! Аяғыңды созайын, Сау­са­ғыңды жазайын, Етті болсын балт­ырың, Епті боп өс жарқыным, Айна­лайын құлы­ным!», деген әдемі әуені жер әлемді шарлап кеткендей күй кештіріп, сара­йыңды ашады. 

Тал бесікте немерелері мен шөберелерін осылай әспеттеген асыл әжелер ұл мен қыздың ғана бағбаны емес, ұлттың да ұйыт­қысы бола білген бір замандары.

Иә, мұндай ел анасына, жұрт тірегіне айналған әжелер қазір сиреп барады-ау! 

Әже дегенде жеңгелері Тел­қара деп, атын тура атамай тергеген Абайдай дараның әжесі Зере еске түсетіні бар. Зере ана­ның: «Қа­рашығым, қоңыр қозым... Абайжаным!» деген сөзі жүре­гің­ді елжіретеді, көңіліңді тол­қытады. 

Кемеңгер кемеңгер әженің бауырынан қанат қағатын көрінеді. Сөз зергерлері Әбіш Кекілбайұлы мен Асқар Сүлейменовтің атта­ры да әдемі Айсәуле мен Қымбат  аналары да сондай аяулы жандар еді. Сырттай көргенде ке­лісті, тіл­дескенде үйіріп алар мей­рі­мімен ерекше әсер­ге бө­лейтін. Шапағаты күн сәуле­сіндей болатын. Ел құр­мет­­теген, жұрт әс­петтеген екеуінің де кес­кін кел­беті, киім үлгісі нағыз қа­зақ анасына тән еді.

Бүгін сондай кемеңгер аналар мен әжелер қазаққа керек болып тұр. 

Алтын тамыр ауылдан болмаса, қалаға қыз болып келіп, келіншек болып кереге керіп, ана атанғандар арасынан ондай әжелердің табылуы екіталай се­кілді. Бар шығар, бірақ аз-ау!

Әже мен келін қазір ұлттық үлгіден гөрі еуропалық салт-сана­ға бейім. Киім киістері, жү­ріс-тұ­рыстары, сөйлеу мәнері – бәрі де солай бұрылған десек, қате­лесе қоймаспыз. Әсіресе, тіл­дегі кі­біртік көңіліңе қаяу түсір­мей қой­майды. 

Әрине, қайтсек қазақы қалып­ты қалпына келтіреміз, тілге тірек, әдет-ғұрыпқа ұйытқы бо­ла­­мыз деген сәулелі жандар жоқ емес, бар. Әйтсе де, несін жасы­райық, кеуделеп әлемдік өр­кениетті «пір» тұтқандар оларға, көп жағдайда есе беретін емес. 

Ауылдағы әжелер күйбің тірлік­тен қолы тимей жүрсе, қа­ла­дағы тұрмысы түзу әжелер­дің біразы дәулет салыстырып, ұл-қызының қызметін айтып, немерелерінің өзге тілді, оның ішінде ағылшын тілінде сөй­лейтініне, өзге жұрттардың үлгісіне жетік екенін желпініп, басқалардың күн көрісін аңызға балап, өздерінің де тынысы кең екенін алға тартады. 

Иә, әркімнің еркі өзінде, бірақ бізге азат елдің ертеңі, жа­лаң­даған жаһандану кезінде ұр­пақтың жұтылып кетпеу жағы қымбат екенін ұқсақ, ұлт жолының даңғыл болуын ойласақ, қазақ тірлігі мәңгілік болар еді. Бір сәттік қызық ұлттың үзілмейтін арқауы бола алмаса керек. 

Шүкір, тәуелсіз елдің бар­лық азаматы бүгін болмаса, ертең дәулетті дәрежеде өмір сү­ре­тініне еш күмәніміз жоқ. Тек ұл­тымызды, жұртымызды, тілі­мізді әрқайсымыз соған жет­кенше қадір тұтсақ, қасиетін ұқсақ, қәне. 

Өз тілін ана сүтіндей бойына сіңірген адам, өзге тілді де біледі. Оған бір мысал, кешегі ке­­ңес заманында шет тілін білу­ге талпынғандар, мектепті бітір­ген­­нен кейін өз тілінен айырыл­май-ақ, өзге тілді үйреніп алатын. Ондай азаматтар туралы бұл арада дәлел-дәйек келтірмей-ақ қояйық. 

Қазір қарғадайынан тіл үйре­туге ата-аналары мыңдап теңге төлеп, қанша сүйрегеннің өзінде өзге тілді меңгеру жағы кемшін соғып жатады. Оның себебін, өз тілін терең білмеуден іздегеніміз жөн секілді. Әрине, тіл білген жақ­сы. Дегенмен, өз тіліңнен ажы­рамау керек. 

Ана тілін ұқпаудың астарына үңілгенде байқалатыны – бесік жырын айтып, тәрбие үлгісін көрсететін әжелер мектебінің кем­шіндігінен секілді. Ұлт тілі, ұлт үні бесікте жатқанда сәбидің санасына сіңсе, бала ұлттық рухты өмір бойы ұлықтап өтетініне иманымыз кәміл. 

Қазір үш ұрпақ, әсіресе, қала­да: бала – ана – әже өз тілінде емес, көп жағдайда өзге тілде сөй­ле­сетінді әдетке айналдырып бара жатқандай. Оны олар мұны­­мыз оғаш қылық демейді. Бұл қалай десең, заманды алға тартып, өркениетті елдерден қал­мау­дың тірлігін тілге тиек етеді. Өрке­ниетті елге бет алған адам оған өз дәстүрінсіз, тілінсіз қалай барады? 

Жақында мынандай бір жайсыз әңгімені естіп – жағамызды ұстамасақ та, апыр-ай, ә, дедік. 

Орыс тілді әже мен ана балаларын қазақ мектебіне апарыпты. Құптарлық, қуанарлық іс. Мем­лекеттік мәртебе алып, төрге озған қазақ тілін білсін, келе­шегіне кедергі қоймайық депті. Басқаларға жар салып айта­­тын әдемі үлгі. Бірақ ана тілінен хабары кем ана мен әже қыздарының мектептен үйреніп келген, Абай өлеңіндегі «Өсек, өтірік мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ», деген екі жолдағы «өсек» сөзін оғаш санап, мұғалімге «шабуыл» жасап, ата-ана жиналысын өткізуді, «өсек» сөзінің жаман екенін дәлелдеуге ниет етіпті. Содан ата-аналар жина­лысы өтіп, «өсек» деген сөз оқушыға қарап айтылмағанын, Абай өлеңінде бар екенін жинал­ғандар дәлелдеп, оған ана мен әженің көзін жеткізіпті. Сөйтіп, мұғалімді арашалап алыпты. Сонда ғана барып ана мен әже өзде­рінің қателескенін, тіл біл­меу ісі орға жыққанын айтып өкі­ніш білдіріпті. 

Осылайша, өзге тілді жетік білген өркениет көшінен қалмай­ды деген әже мен ана Абай өлеңі­нің астарын ұқпай, ұтылып қа­лып­­ты. Бұл аңыз емес – ақиқат. Ұлт тілін ұқпайтындардың қай-қай­­­сысынан да кездесе кететін жайт. 

Ұлттың тірегі де алтын арқауы да – ана мен әже. Әже мен ана ұлттың рухани құн­дылықтарынан, тілінен ада болып жатса, ұлттың болашағы бұлыңғыр. Егер бала алдымен ана сүтін емгендей, қазақ тілін еміп өссе шатыспайды, шат­қаяқтамайды. Бір замандары Мағжан Жұмабаев: «Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөй­леймін де­ген түрік балалары күн­дердің бір күні айналып қазақ тіліне кел­мекші» депті. Бақсақ, қазақ ұрпағы қазақ тіліне оралмай қой­майды. Бір қуанарлығы қазір осы үрдіс бел алып келеді. 

Айналып келгенде, әже тәр­бие­сінің негізінде – ұлт тәр­бие­сі жатыр. Ендеше, сол ұлт тәр­биесінің бір кездегі тәр­биешісі – әжелер мектебін қалып­тастырсақ, орашолақ ұл мен қыз жіптіктей болып, ұлт ру­хында жігерлі болып өсері сөзсіз. Тілдегі мүкістіктен, ойда­ғы бұлыңғырлықтан арылар еді. Өзгенің көлеңкесі болып қалу­дан құтылар еді. Азат­тықты түйсініп, Қазақ елінің ұрпа­ғымын, кімнен кеммін, терезем тең деген отаншылдық сезімі оянып, серпілер еді. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлының: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл бол­мақ­шы. Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы», деп айтқан қанатты қағидасы шындыққа айналар еді. 

Бұл аяғымызға тұсау бола беретін құлдық санадан құтқарып, ұлттық санаға табан тіретер еді. Бұл істе қай-қайсысымызда, әсі­ре­се, зиялы саналатын үлкен­дер, оқығаны мен тоқығаны мол делінетін жақсылар, яғни «Алаш­қа аты шыққан адамдар! Көсем­діктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан Алаш адасады, арттарыңнан ер­гендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» (А.Байтұрсынұлы), деген өсиет сөз қазақтың алтын өзегіне, ана мен әже үлгісінің баяғыдан қалыптасқан алтын арнасына айналып, жалғасын тауып, озығы алға кетіп, тозығы шаң қауып, қазақ жұртының өркені өсіп, ұрпағы кемелдене бермек. Бұл мынау аласапыран замандағы ұлтты сақтаудың мықты арқауы болары анық. 

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»