• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

Мерейлі отбасы: Шуағы мол шаңырақ

1188 рет
көрсетілді

Қармақшы – дариясынан жыр, топырағынан сыр өрілген киелі мекен. Кешегісіне бүгінін, бүгініне болашағын жалғаған қасиетті өңір әулие-әмбиелерімен, ақын-жырауларымен қатар атпал азаматтар, тау тұлғалар, қоғам мен мемлекет қайраткерлерін дүниеге әкелген шырайлы өлке. Біз әдетте жақсы мен жайсаңдарды өткен заман еншісінен іздеп, олар туралы жазылған деректермен танысқанда таң-тамаша қаламыз. Ал дәл сондай адамдар бүгінде арамызда да аз емес. Өнегелі жанның бірі, 1938 жылы 13 маусым күні қысы қысқа болса да қатал, жазы жауынсыз ыстық төрткүл дүниеге мәлім Байқоңыр ғарыш айлағына жақын Сырдың Қараөзекпен қайта табысар тұсындағы Иіркөлдің жағасында дүние есігін ашып, ақжолтай бала атанған Исағали Жұмағұлов.  

Балалық шағы таршылыққа тап келсе де, жас талаптың оқуға ынтасы зор болып, орта мектепті жақсы аяқтады. Қызыл­орда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түсті. Инс­титут қабырғасында болашақ зайыбы Кенішкүлмен танысып отбасын құрды. Берекелі отба­сында 60 жылға жуық бірге өмір сүріп Ғалымжан, Шы­наркүл, Тоты, Майра, Айгүл, Үмітжан, Алмасбек, Кәм­шаттай ұрпақтарды дүниеге әкеліп, олардың жоғары білім алуы мен белгілі азамат болып қалыптасуына жағдай жасай білді. Қазір сүйкімді де тәтті немерелер мен шөберелер сүйіп, олардың тілеуін тілеп, батасын беріп отырған өнегелі отбасының егесі.

Ат жалын тартып мінген­нен бастап ел ісіне белсене ара­ласты. Заман талабын сезіне білген, ойы ұшқыр, құла­шын кеңінен сермей ала­тын жас екенін көрсете білді. Еңбекқорлығымен ауыл мектебінің мұғалімдігінен кеңшар партия ұйымының хатшылығына сайланды. Партия ұйымына жетекшілігі кезінде ізденімпаздығы мен ұйымдастырушылық қабі­летінің жоғары екендігін бай­қаған аудан басшылығы оны Қармақшы кеңшарының бас­шылығына тағайындады. 

Исағалидың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ша­руа­шылық одақ бойынша 7 рет, республика бойынша 10 рет еңбек жарыстарының жеңімпазы атанды. 

Исекең өскен ауылдың өткеніне көз салсақ тарихи оқиғаларға бай. Бұл қазақ халқына белгілі Ислам дінінің рухани көсемі Марал баба жатқан топырақ. Оның талай көріпкел ұрпақтары дүниеге келіп, жергілікті ха­лыққа діни, адамгершілік тәрбие беріп, мешіттер салып, елдің сауатын ашқан, елді оты­рықшылыққа, егіншілікке үй­реткен. Сол сияқты бұл ауылда аты аңызға айналып, елді аузы­на қаратқан Әлібай, Елібай, Тобжан билер және олар­дың ұрпақтары өмір сүріп, әдепті өмір салтын, дәс­түрлерін на­сихаттаған. Сейт­жан ақын елін-жерін, ер­лерін жырға қос­қан. Қож­банхандай ханы, елін жау­дан қорғаған Жанай, Есеке сияқты батырлары да болған. 

Исағали жоғарыда айтқан Марал бабаның ұрпағы. Заман­дастарымен жылы шырайлы қарым-қатынаста, кеңінен араласып оларға орнымен ерекше құрмет жасай да білді. 

Халқымыздың ат қою үрді­сінде қасиетті Құраннан есім­дер қою көбірек кезде­седі. Бұл асыл дінімізге деген құрмет, әрі баланың болашағына деген ырым және Ұлы Жаратушыға деген шексіз махаббаттың белгісі болса керек. Сол дәстүр үзілмей бүгінге дейін ата-бабалар салған сара жолмен есім беру мәселесінде бабалар жолын ұстанып келеді.

Исағали 1996 жылдың жаз айында жолы түсіп үйге ке­ле қалды. Зайыбым Қалдыгүл жүк­ті еді. Исекең дастарқан басында шай ішіп отырып, ұлды боласың, ұлыңның атын тарихта алар орны ерекше, аса көр­некті мемлекет қайраткері, қол­басшы, дипломат, тарихта аты алтын әріппен жазылған киелі есімдердің бірі Абылайхан болсын деп бата берді. Расында да санаулы айдан соң зайыбым Қалдыгүл босанып, нәрестенің есімін алдындағы Дәулетхан ағасына ұқсатып Абылайхан қойдық. Абылайхан қазір Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Аграрлық-техни­калық университетінің сәулет-құрылыс факультетінің 4-курс­ында оқиды. 

Исағали туралы жазған кезде ол кісінің жары, мейірімді ана, әже, ұстаз – Кеніш Смайыл­қызының өнегелі іс­тері туралы тоқталып өткен дұрыс болар.

«Мен қазақ қыздарына қай­ран қалам», деген жыр жол­­дары тап осы апамызға қа­рап айтылғандай. Кеніш­тің жібектей мінезі, сабыр­лы­­лығы, кез келген ортада өзін ұстауы, кімді болса да сүйін­­діргендей. Бәзбіреулер елуінде қартайып, олпы-сол­пы киініп, жасы ұл­ғайған сайын мінезі де өз­ге­ріп шы­ға келеді. Сон­дайларды көр­генде, Кеніш Смайыл­қы­зы сынды әйелдердің қа­дір-қасиетін тереңнен ұқ­қан­дай боласың. Иә, Иса­ға­ли екеуінің шаңырақ көтер­геніне бүгінде 60 жыл толады. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтіні рас екен, апамыздың әлі де ажа­­ры таймаған. Тұла бойы жас­­­тарға үлгі-өнеге етуге ла­йық апа­мызға қарап, тәр­­бие ала­мыз, жақсылыққа ұмты­ламыз.

Әйелдің ең үлкен міндеті – жақсы жар болу. Ерінің сенімді серігіне айналып, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау, қолдан келгенше көмектесу. Тірлік болғасын түйткілі де көп. Жан-жарың бірде көңілсіз, бірде жадырап келеді. Оны кім түсінеді, әрине ең алдымен әйелі. Отбасы, ошақ қасында кездесетін нәзік жайттарды ұғынуда Кеніш апамыздан үйренетініміз жетерлік. Бала бағу, немере өсіру, ағайын-туған, жолдас-жора, жегжат күтудің жөн-жобасын, көп­шілікпен қарым-қатынас мәдениетін әлі де үйренудеміз. Кеніш Смайылқызымен әр кездесу мереке іспеттес. Іс-әрекетімен, жан дүниесінің байлығымен айналасына шуақ шашып жүреді. Сол шуақтан нәр алатын жалғыз мен емес, бұл үйдің табалдырығын аттаған жұрттың бәрі телегей-теңіз таза пейілді сезінетіні анық. Бір байқайтыным, қашан барсаң да алдыңнан жайылған кең дастарқанның басындағы әр адамға жүрегінің жылуы құйылып жатады. 

Ардақты аға-апамыздың өмірлері кілең қызықпен өтіп келеді дей алмаймын. Жұрт сияқты басқа қиындықты да өз бастарынан өткерді. Алайда қандай да сыннан сү­рінбей өтті. Әркім еңбегіне, біліміне сенетін. Әйтсе де етек­тен тарту, алалау кездеспей қалған емес. Толып жатқан сондай кедергілерден байсал­дыл­ы­ғының, іскерлігінің арқа­сында ағамыз биік дәрежеге жетті. Бұл тұрғыда Кеніш апа­мыз­дың атқарған рөлінің зор екені анық. 

Халықтың алақанындағы азаматтың жаманын жасырып, жақсысын асырып, сыртқа сыр шашпау қазақ әйеліне тән мінез ғой. Жұмағұловтар отбасын Сыр елінде білмейтіндер кем де кем. Ел ағасы, қазақтың қазыналы ақсақалы Исағали Жұмағұловтың отбасы бүгінде шуағы мол шаңырақ. Осыны мойындаған көпшілік құрмет көрсетуге әрдайым бейім тұ­рады. 

Мұсахан БАСШЫБАЕВ,

Қазақстан білім беру ісінің үздігі